Наталья Герман. Орталық Азияда ынтымақтастықты кеңейтудегі алдын алу дипломатиясының рөлі

Наталья ГЕРМАН, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысының арнайы өкілі, БҰҰ-ның Орталық Азия үшін алдын алу дипломатиясы жөніндегі Өңірлік Орталығының басшысы

Орталық Азияда ынтымақтастықты кеңейтудегі алдын алу дипломатиясының рөлі

Наталья Германның Қазақстанға алғашқы ресми сапары барысында ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуі. Астана қ., 6-7 қараша 2017 ж.

Орталық Азияда алдын алу дипломатиясы қағидаттарын пайдалану әлеуеті

Орталық Азия елдерінің әрқайсысы ортақ тарихи және мәдени ерекшеліктеріне, табиғаттық-климаттық жағдайларының ұқсастығына қарамастан, тәуелсіздік алған сәттен бастап экономикалық, әлеуметтік және сыртқы саясат тұрғысынан алғанда өздерінің жеке даму моделін таңдап алды. Соңғы уақытқа дейін әлемдік экономикалық және саяси кеңістікте Орталық Азия мемлекеттері негізінен дербес әрекет етті. Тұтастай алғанда соңғы 25 жыл ішінде өңірдің біртұтас болып бірігуі сирек болды. Олардың позицияларының жақындасуы не сыртқы мән-жайлардың әсерінен, не Орталық Азия мемлекеттерінің жекелеген көшбасшыларының және бірінші кезекте Қазақстан Республикасы Президентінің күш-жігері арқасында ғана болды. Менің ойымша, тек қазір ғана өңірлік өзара іс-қимыл мен интеграция өңір елдерінің көпшілігі үшін саяси, экономикалық және әлеуметтік өмірдің басымдығына айналуда.

Соңғы жылдары өңір елдерінің көшбасшылары екіжақты да, сондай-ақ көпжақты да форматта жиірек кездесіп, жылдар бойына өзара түсіністікке қол жеткізілмеген проблемаларды сындарлы негізде талқылай бастады. Осы оң өзгерістерге көбіне-көп Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің бастамалары арқасында қол жеткізілді. Мысалы, осы жылдың наурыз айында соңғы он үш жыл ішінде алғаш рет Астанада (Қазақстан) Орталық Азия мемлекеттері көшбасшыларының консультациялық жұмыс кездесуі болып өтті, бұл шын мәнінде өңірлік ынтымақтастықты дамытудағы жаңа белеске айналды.

Осы кездесуді аша отырып, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың экономикалық байланыстарды нығайтудағы жетістіктермен қатар, «соңғы кезде біздің елдеріміздің арасындағы саяси ынтымақтастықта айтарлықтай прогреске қол жеткізілді. Біз сыртқы саясат ведомстволарының басшылары арасында бесжақты диалогты жолға қоя алдық. Бұл консультациялар диалогқа, күш-жігерді біріктіруге ортақ ұмтылыстың бар екендігін көрсетті» деп атап көрсетуі кездейсоқтық емес. Қазақстан өзінің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде төрағалығы шеңберінде тамаша ұйымдастырған 2018 жылғы қаңтардағы «Қауіпсіздік пен дамудың өзара байланыстылығының үлгісі ретінде Ауғанстанда және Орталық Азияда өңірлік әріптестік құру» тақырыбында өткен министрлер деңгейіндегі ашық пікірталаста сөйлеген сөзінде өңірлік байланыстардың өскелең серпінін БҰҰ Бас Хатшысы Антониу Гутерриш те атап көрсетті.

Орталық Азияның бес мемлекетінің әрқайсысының және тұтастай өңірдің экономикалық және көлік-коммуникациялық әлеуетін іске асыру, олардың орнықты дамуының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету осы елдердің ұжымдық күш-жігерін және үйлестірілген позицияларын талап ететіні сөзсіз.

Өңір мемлекеттерінің арасындағы ынтымақтастықтың серпінді дамып отырғандығын айту мен үшін сүйсінерлік жағдай. Бұл шекараларды делимитациялау немесе суды әділ пайдалану сияқты күрделі мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Таяуда өткен кезеңде ғана Орталық Азия мемлекеттеріне осы тақырыптарды талқылау қиын болатын. Енді қазір сенімгерлік және ашық диалог жолға қойылуда. Өткір мәселелердің шеңбері елеулі түрде тарыла түсті. БҰҰ да осы процестерді дамытуға қандай да бір жәрдем көрсетуге дайын. Ауғанстанды диалогқа тарту – осы үрдістің қисынды жалғасы. Егер өңірде ортақтықты сезіну бар болса, осы процестерге көршілес Ауғанстанды да тарту анағұрлым оңай болады.

АОАДӨО-ның Орталық Азия елдерімен ынтымақтастығының тәжірибесі

Өзі құрылған 2007 жылдан бастап Орталық Азия үшін Алдын алу дипломатиясы жөніндегі БҰҰ Өңірлік орталығы өңірдің барлық мемлекеттерінің мүдделерін ескере отырып, сындарлы диалог үшін қолайлы жағдайлар жасауға, туындаған келіспеушіліктердің ұзақ мерзімді және тұрақты шешімдерін іздестіруге бағытталған өз Мандатын іске асыруда.

Орталықтың басымдықтарының қатарында – өңірдегі су-энергетикалық диалогқа жәрдемдесу; елдердің терроризм, діни экстремизм, ұйымдасқан қылмыс және есірткі саудасы сияқты трансшекаралық қатерлерге қарсы іс-қимыл жасауға деген күш-жігеріне қолдау көрсету бар. Орталық сондай-ақ Ауғанстандағы жағдайдың дамуының Орталық Азияның өңірлік қауіпсіздігіне тигізетін ықтимал әсеріне де талдау жүргізеді.

Өткен жылдың желтоқсанында Орталық өзінің он жылдығын атап өтті. Жақында Түркменстанның бастамасы бойынша БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы ортақ проблемаларды шешу ісінде ұжымдық шаралар қабылдауға және өңірдегі әлеуметтік-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған саяси диалогты көтермелеудегі АОАДӨО-ның орталық рөлі атап көрсетілген қарар қабылдады. 57 мемлекет, оның ішінде барлық Орталық Азия республикалары ілгерілеткен қарарды Орталық бүкіл өңірдегі алдын алу дипломатиясын нығайтуға ықпал ететін маңызды құрылым деп таныды.

Өткен 10 жылдың ішінде АОАДӨО өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелері бойынша ондаған халықаралық семинарлар мен дөңгелек үстелдер өткізді, алдын алу дипломатиясының әртүрлі салаларында 1000-нан астам мамандар даярлады. Орталық Азия мемлекеттерінің астаналарында және басқа да елдерде күрделі өңірлік мәселелер бойынша келіспеушіліктерді жеңуде және позицияларды жақындастыруда үкіметтерге жәрдемдесуге бағытталған кездесулер мен консультациялардың жүздеген раундтары өткізілді.

Өңірлік Орталықтың басшысы әрбір жарты жыл сайын атқарылған жұмыс туралы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде есеп береді және өңірдегі жағдайды талдаумен бөліседі. Орталық Азия елдерімен келісілетін ұсыныстар және бастамалар БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде кең халықаралық резонансқа ие болады.

БҰҰ Бас Хатшысының Орталық Азияның барлық бес мемлекетіне сапарларынан соңғы жылдары әлемде Орталық Азияны қабылдауды айтарлықтай күшейткенін көруге болады. Сонымен бірге Орталыққа өңірлік өзара іс-қимыл мәселелері бойынша диалогқа арналған платформа ретінде тиімді түрде жұмыс істеудің сәті түсті. Орталықтың қамқорлығымен ұйымдастырылатын Орталық Азия елдерінің сыртқы істер министрлері мен олардың орынбасарларының жыл сайынғы кездесулері өңір проблемаларын жоғары деңгейде талқылауға және ынтымақтастық перспективаларын белгілеуге қосымша мүмкіндік береді.

Өңірдегі өзара қарым-қатынастар ахуалын жақсартуда Өңірлік Орталық та белгілі бір рөл атқарғанына сенемін. Қолда бар нәтижелер және Орталық Азия елдерімен жемісті ынтымақтастықтың тәжірибесі өңірлік өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға, өңірде бейбітшілікті, тұрақтылықты және өркендеуді қамтамасыз ету жөніндегі мақсаттарға қол жеткізіледі деп үміттенуге мүмкіндік береді. Біз өз он жылдығымызды атап өткен «Диалогқа – қақтығыстардың алдын алуға жәрдемдесу» атты ұранымызға сәйкес осы саяси қозғалыстарға жәрдемдесуді жалғастыра береміз.

Қосылған : 7.06.2018, 16:00, Өзгертілген : 7.06.2018, 16:00