Мирослав Енча. Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі төрағалығын қорытындылау

Мирослав ЕНЧА,

БҰҰ Бас хатшысының

саяси мәселелер жөніндегі көмекшісі

Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі

төрағалығын қорытындылау

Мирослав Енча ҚР БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігінде «Саяси және экономикалық реформалар: 16-ші Тұрақты даму мақсатын іске асырудағы қадамдар» атты сөзін сөйлеуде. Нью-Йорк қ., 2017 жылғы 17 ақпан

«Дипломатия жаршысы» ҚР БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігінің қолдауымен БҰҰ Бас хатшысының саяси мәселелер жөніндегі көмекшісі Мирослав Енча мырзадан Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі тұрақты емес мүше ретінде атқарған жұмысты қорытындылау үшін эксклюзивті сұхбат алды.

-Мирослав Енча мырза, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі мүшелігі аяқталуға жақын. Осы екі жылдық кезеңнен қандай естеліктер қалды?

Қазақстан Орталық Азия тарапынан алғаш рет сайланған тұрақты емес мүше ретінде Қауіпсіздік Кеңесінде болған мерзімі ішінде Ауғанстан мен Сириядан бастап жаппай қырып-жою қаруын таратпауға дейінгі кең ауқымды мәселелерде өте маңызды рөл атқарды, діни көшбасшылармен бірігіп әртүрлі мәдениеттер мен діндердегі толеранттылықты нығайтуға, сондай-ақ Тұрақты даму саласындағы мақсаттарды (ТДМ) іске асыруға елеулі үлес қосты.

Кеңестің мүшесі ретінде Қазақстанға Қауіпсіздік Кеңесінің 1267 (ИШИМ (ДАИШ), «Әл-Қаида» бойынша), 1988 («Талибан» ұйымы бойынша), Сомали мен Эритрея жөніндегі санкция комитеті сияқты маңызды қосалқы органдарына төрағалық ету тапсырылды.

Қазақстан 1267 және 1988 комитеттерінің төрағасы ретінде 2017 жылдың қазан айында Ауғанстанға, 2017 жылдың тамыз айында Малайзия мен Сингапурға және 2018 жылдың наурыз айында Филиппинге маңызды сапарлар жасады. Бұл сапарлардың негізгі мақсаты - ұлттық биліктердің Комитетпен және Мониторинг тобымен диалогтарын және оларға тартылуын кеңейтуге, соның ішінде санкциялық шаралардың орындалуына, сондай-ақ Комитеттің рәсімдері мен террористік қауіпті бағалау туралы хабардар болуына жәрдемдесу болып табылады.

Есімде қалған Қазақстан бастамаларының бірі – Біріккен Ұлттар Ұйымының тарихында алғаш рет 2018-2019 жылдары Кеңеске жаңадан сайланған елдердің туын орнату салтанатын енгізу болды. Оның символизмін Кеңестің басқа мүшелері қошеметпен қарсы алды және ол сәтті аяқталғаннан кейін рәсімді Кеңестің жыл сайынғы дәстүріне айналдыру ұсынылды.

-Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде осы жылдың қаңтарындағы төрағалығын қалай бағалайсыз?

Қазақстан жаппай қырып-жою қаруын таратпауға елеулі үлес қосты. Сіздің еліңіз Қазақтан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен 2018 жылдың қаңтарында Кеңес отырысын өткізді, оның аясында Бас хатшы Кеңес үшін брифинг ұйымдастырды. Отырыста бұл мәселе қақтығыстарды болдырмау жағынан қаралды, нәтижесінде Төрағаның мәлімдемесі жасалды (S/PRST/2018/1), онда Кеңестің мүшелері қақтығыстарды болдырмау және алдын алу дипломатиясы құралдарын, практикасы мен күш-жігерлерін одан әрі ілгерілетудің және олардың мейлінше тиімді пайдалануын қамтамасыз етудің маңыздылығын айтты.

Сонымен қатар, Ауғанстан мәселесін және Орталық Азияның өңірлік көзқарасын Қауіпсіздік Кеңесінің күн тәртібінде алға қою ұмтылысы үшін Қазақстанға ризашылығымды білдіргім келеді.

Елші Қайрат Омаровтың Кеңестің Төрағасы ретіндегі басшылығымен 2018 жылдың қаңтар айында Қазақстан қауіпсіздік пен дамудың өзара тәуелділігіне назар аудара отырып, тоғыз жылдан астам уақыт ішінде алғаш рет Қауіпсіздік Кеңесінің Ауғанстанға бірінші миссиясын ұйымдастырды.

Сапардан басқа, сол айдың соңында Сыртқы істер министрі Әбдірахмановтың төрағалығымен «Халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау: Қауіпсіздік пен дамудың өзара тәуелділік үлгісі ретінде Ауғанстан мен Орталық Азиядағы өңірлік әріптестікті құру» тақырыбында министрлік деңгейіндегі пікірталастар өтті, ал оның барысында Бас хатшы брифинг өткізді. Сонымен бірге, отырысқа Өзбекстанның, Қырғызстанның және Тәжікстанның Сыртқы істер министрлері, сондай-ақ Ауғанстанның Сыртқы істер министрінің орынбасары және Түрікменстанның Тұрақты өкілі қатысты. Отырыстың қорытындысы бойынша, Төрағаның мәлімдемесі жасалды (S/PRST/2018/2), онда Кеңестің мүшелері Ауғанстан мен Орталық Азиядағы ұзақ мерзімді бейбітшілікке, тұрақтылық пен орнықты дамуға қол жеткізу үшін өңірлік, өңіраралық және халықаралық ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын атап, өңірдегі елдердің бейбітшілік, ынтымақтастық және өркендеу аймағын нығайтуға бағытталған бірлескен күш-жігеріне қолдау білдірді.

- Қазақстанның Қауіпсіздік Кеңесінде Орталық Азия мен Ауғанстан тап болған жағдайлар мен проблемалар туралы хабардарлықты арттыру бойынша әрекеттері туралы не ойлайсыз?

Қазақстан Орталық Азияны халықаралық деңгейде жан-жақты көрсетуге тырысты. Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесінде төрағалық еткен кезінде осыған байланысты бірқатар мәселелерді шешуге салған күш-жігері уақтылы және өте өзекті болды. Қауіпсіздік Кеңесінің Қазақстан басшылығымен Ауғанстанда өткен сапары туралы айтқан болатынмын. Ол Кеңес делегациясына жағдайды сол жерде, сондай-ақ Орталық Азия мен Ауғанстанның арасындағы өңірлік серіктестікті жақыннан көруге мүмкіндік берді. Ауғанстан мен өңір мәселесіне көбірек назар аударуға бағыттаған Қазақстанның күш-жігері кең қолдау тапты. Қазақстан мен Германия Аррия формуласы бойынша «Ауған­стан үшін серік­тестер: Орта­лық Азия­дағы қауіпсіздік пен даму­дың өзара ықпалдастығы» тақыры­бын­да мәжіліс өткізді, бұл осы мәселені толыққанды қарастыруға мүмкіндік берді. Мен Аррия формуласы бойынша өткен мәжіліске қатыстым және бұрынғы жағдаймен салыстырғанда, бүгінгі Орталық Азияның қарқындылығының артқанын атап өттім. Барлық бес елдің ынтымақтастығының нығаюы және олардың Ауғанстан халқын қолдауға шынайы берілгендігі бірегей мүмкіндікті беретінін білдіреді. Өңірдің географиялық орналасуына және ежелгі Жібек жолы бойындағы тарихқа негізделген тарихи және мәдени байланыстары бар. Сауда, ғылым және мәдениет саласындағы бірлестік пен өзара ықпалдастық үшін үлкен әлеует бар. Орталық Азия мен Ауғанстан халықтары арасындағы экономикалық тұрғыдағы бірін-бірі толықтырушылық пен өркениет жақындастығы өңірдегі ынтымақтастыққа ықпал етуі мүмкін

Өңірлік ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал ететін Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық Азиядағы алдын алу дипломатиясы жөніндегі өңірлік орталығының, сондай-ақ Ауғанстанға көмек көрсету жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымы миссиясының жұмысын атап өткім келеді. Олар қажет болған жағдайда Ауғанстан мен Орталық Азияның арасында тығыз байланысты орнатуға көмек көрсетуге дайын.

- БҰҰ-ның өкілі ретінде БҰҰ-дағы Қазақстанның беделін қалай бағалайсыз?

Біріккен Ұлттар Ұйымына 25 жылдан астам уақыт бойы мүшелік еткен ел ретінде Қазақстан БҰҰ-да өзін оң жағынан көрсете білді. Мен үкіметтің Біріккен Ұлттар Ұйымына көрсететін қолдауын және оның БҰҰ жүйесімен, соның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық Азиядағы алдын алу дипломатиясы жөніндегі өңірлік орталығымен (ОААДӨО) ынтымақтастығын жоғары бағалаймын.

Сонымен қатар, Қазақстан ядролық қаруды таратпау және қарусыздану саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі ретінде танымал. Біріккен Ұлттар Ұйымы Қазақстанды қосқан үлесі үшін, оның ішінде ядролық қарудан бас тартқаны, Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күнін белгілегені үшін алғысын білдіреді

Біріккен Ұлттар Ұйымы Қазақстанның бейбітшілік пен қауіпсіздіктің халықаралық мәселелеріне қосқан оң үлесін жоғары бағалайды. Қазақстан делдалдық пен сенімділікті нығайту саласындағы өзінің белсенді ұстанымымен тек өңірде ғана емес, сонымен бірге одан да кең ауқымға танымал.

Біз, сондай-ақ, Қазақстанның трансшекаралық су ресурстарын басқару мәселелеріне деген оң көзқарасын жоғары бағалаймыз. Қазақстан ОААДӨО-ның өзара қолайлы өңірлік келісімге қол жеткізуге бағытталған диалогты және күш-жігерлерді дәйекті түрде қолдайды. Қазақстанның Арал теңізінің солтүстігіндегі жетістігі – Арал теңізінің құрғап қалуының қауіпті салдарын жеңілдету бойынша халықаралық күш-жігерге қосқан үлесі елеулі.

Қазақстан Тұрақты даму саласындағы мақсаттарының (ТДМ) белсенді жақтаушысы болып табылады және әртүрлі салалардағы өңірлік ынтымақтастыққа үнемі қолдау көрсетіп отырады. Мен терроризмге қарсы күрестегі өзара іс-қимылға қосқан құндылығын ерекше атап өткім келеді. ОААДӨО қамқорлығымен қабылданған Орталық Азиядағы Біріккен Ұлттар Ұйымының жаһандық терроризмге қарсы стратегиясының Бірлескен іс-қимыл жоспарын атап өткім келеді. Бұл құжатты өңірдегі елдер 2011 жылы мақұлдады. Бұл осы маңызды стратегияны жүзеге асыруға арналған алғашқы өңірлік жоспар болды, оған қоса басқа өңірлер үшін үлгіге айналды. Сонымен қатар, біз Қазақстанның БҰҰ қызметіне көрсеткен қолдауын, мәселен «Болашақ энергиясы» тақырыбындағы «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін ұйымдастырғанын, сондай-ақ сіздің «ТДМ саласындағы Африка мен Қазақстан серіктестігі» үшін 2 млн. АҚШ доллары көлемінде жасаған мол үлесін жоғары бағалаймыз.

- Сириядағы азаматтық соғыс – соңғы онжылдықтағы ең қанды қақтығыстардың бірі. Астаналық үдеріс қаншалықты көмектесті және қаншалықты өз миссиясын ақтады?

Сириядағы кескілескен қақтығыс жойқын салдарға әкеліп, халықаралық қоғамдастықтың жауап беру қабілетін сынға алды. Ақыр соңында, жаңа Сирия, яғни саяси плюрализм мен тең азаматтылыққа негізделген біртұтас, жан-жақты қамтыған, демократиялық және барлық конфессияларды біріктірген мемлекет қақтығыстың ортақ нақты шешімі болуы тиіс. Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының арнайы өкілі Стаффан де Мистура БҰҰ бақылауындағы президенттік және парламенттік сайлауларға, соның ішінде оларға диаспоралардың қатысуына әкелетін жаңа конституцияның жобасын әзірлеу үшін жан-жақты және сенімге ие болуға лайықты конституциялық комиссия құрумен айналысуда. Бұл саяси үдерістерге жәрдемдесу мақсатында біз тараптарды атысты тоқтатуға шақырдық, Сирияда тыныш, бейтарап және қауіпсіз ортаны құруға тырыстық.

Қазақстан Астана үдерісіне көрсеткен қолдауының арқасында шиеліністі әлсіретуге және сенімділік шараларын нығайтуға көмектесті, соның ішінде Женевадағы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2254 қарарына негізделген саяси бағыттағы жетістікке оң әсерін тигізеді деген үмітпен қамауға алынғандарды босатудағы және минасыздандырудағы күш-жігерге өз үлесін қосты. Өзіңіз көргендей, бұл күрделі прогресс, және жауынгерлерге қарсы жүргізілген соғыс осы келісімдерге одан әрі қауіп төндіруде. Гуманитарлық көмекке қол жетімділік көптеген мейлінше осал топтар үшін көмескі қалуда. Ал кейбір топтарда әскери ой басым болып қалуда. Дегенмен, біздің пікірімізше, әскери шешім жасау тығырықтан шығудың жолы емес екеніне күмән жоқ. Астана үдерісіне сәйкес деэскалацияның соңғы аймағы Идлиб туралы айтатын болсақ, Түркия мен Ресей арасындағы келісімге қол жеткізілді, оған сәйкес эскалация барар жері жоқ үш миллион азаматтық тұлғаға қауіп төндіруде. Біз саяси жолдағы жетістікке қол жеткізу үшін осындай бірегей мүмкіндікті тиімді пайдалануымыз қажет. Кейде делдалдықтың қаупі саяси жолдағы баламалы нұсқалар тараптарға тиімді юрисдикцияны таңдауға мүмкіндік береді. Ал Астанаға келсек, әлі күнге дейін күн тәртібінің Арнайы елшімен келісілген салаларға, атап айтқанда, деэскалация және сенімділікті нығайту жөніндегі шараларға қатысты шоғырланғанын ризашылықпен атап өтемін.

- БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелігі аяқталғаннан кейін Қазақстанның жинақтаған саяси тәжірибесі қайда және қандай тұрғыда пайдалы болуы мүмкін?

Ауғанстан мен Орталық Азия арасында мейлінше өзара тығыз байланысты қалыптастыру мақсатында БҰҰ-ның Ауғанстанда көмек көрсету миссиясына қолдау ретінде Орталық Азиядағы алдын алу дипломатиясының рөліне Кеңестің назарын аударудағы Қазақстанның күш-жігері жоғары бағаланды. Қазақстан осы салада өз жұмысын жалғастыратынына сенімдімін.

Сонымен қатар, мен діни төзімділікті және дінді ұстану немесе наным-сенімді білдіру бостандығына деген жалпыға ортақ құқықты насихаттау бойынша маңызды жаһандық пікірталасты жүргізудегі Қазақстанның күш-жігерін ерекше атап өткім келеді. Биылғы жылдың сәуір айында Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Өркениеттер Альянсымен (БҰҰ ӨА) бірлесе отырып, Аррия формуласы бойынша «Діни көшбасшылар қауіпсіз әлем үшін» тақырыбында отырысты ұйымдастырғанын еске сала кетейін. Ондағы басты назар әртүрлі мәдениеттерде және діндерде толеранттылықты күшейтудің маңыздылығына аударылды.


Қосылған : 21.12.2018, 11:35, Өзгертілген : 21.12.2018, 11:35