​ҚР Сыртқы істер министрі АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысымен кездесті

Ү.ж. 28 сәуірде Нью-Йоркте Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсонмен кездесті.

Қайрат Әбдірахманов кездесуді аша отырып: «Қазақстан АҚШ-пен көпқырлы стратегиялық әріптестікті дамытуға айрықша маңыз береді және жаңа Әкімшілікпен тығыз өзара іс-қимыл жасауға ниетті», - деді.

Өз кезегінде Р. Тиллерсон Президент Н.Назарбаевтың қуаттылығы бойынша әлемде 4-ші орынды алатын ядролық қарудан бас тартқан тарихи шешімін ерекше атап көрсетті, осы арқылы оның халықаралық қоғамдастықпен достық қатынастарды дамытуға, саяси және экономикалық тұрақтылыққа, шетелдік инвестицияларды тартуға бағытталған көреген таңдауын дүниежүзі мойындады.

Сұхбаттасушылар қазақстандық-америкалық стратегиялық әріптестікті іс жүзінде іске асыру мәселелерін, атап айтқанда бұған дейін Нұрсұлтан Назарбаев пен Дональд Трамп арасындағы телефон арқылы сұхбат барысында айқындалған сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту жолдарын талқылады.

Құрама Штаттардың Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысуы сұхбаттың жеке тақырыбы болды.

Халықаралық күн тәртібіне қатысты оның өзекті мәселелері бойынша, оның ішінде Сириядағы, Ауғанстандағы жағдай, Иран ядролық бағдарламасы мен Корея түбегіндегі жағдай бойынша қызықты пікір алмасу болды. Қ.Әбдірахманов Қазақстанның жаһандық және өңірлік қауіпсіздік саласындағы өткір мәселелерді шешуге сындарлы түрде қатысуға дайын екенін мәлімдеді.

Астана процесіне қатысты қазақстандық тарап АҚШ өкілдеріне ұрыс қимылдарын тоқтату режиміне байланысты сирияаралық реттеудің осы бағытын қолдауды және оған бақылаушы ретінде белсенді қатысуды жалғастыруын табанды түрде ұсынды.

Қазақстандық сыртқы саяси ведомство басшысы сұхбаттасушыға 29 тамызда АЭХА-ның Қазақстанда Халықаралық төмен байытылған уран банкін (ТБУБ) ресми ашылуы жоспарланып отырғанын хабарлады. АҚШ Үкіметі мен «Ядролық қаруды азайту бағдарламасы» Қорының ТБУБ құрудағы үлесін ескере отырып, америкалық тарапқа ресми салтанатқа қатысу үшін шақыру берілді. Жоғары деңгейдегі мүмкіндіктер мен басқа да байланыстар талқыланды.

Кездесу соңында Р. Тиллерсон арадағы достық пен жемісті қарым-қатынастарды атап өте отырып, Президент Н. Назарбаевқа өзінің ізгі тілектерін жеткізуді өтінді.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің сол күні өткен отырыстары аясында Қ. Әбдірахманов өзінің британдық әріптесті Борис Джонсонмен де кездесу өткізді.

Дипломатиялық ведомстволардың басшылары екіжақты ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады. Б.Джонсон – «Ұлыбритания Қазақстан экономикасына инвестиция салатын 6 ірі инвесторлардың бірі екенін және өзара тиімді іс-қимылдарды одан әрі кеңейтудің әлеуеті зор екенін» атап өтті. Осыған байланысты екі мемлекеттің сыртқы саяси ведомстволары белсенді түрде жүргізіп отырған экономикалық дипломатияны дамытуға ірі іскер топтарды қатыстыра отырып, таяу арада қазақстандық-британдық бизнес-форум өткізуге қызығушылық білдірілді.

Британия сыртқы істер офисінің басшысы ЭКСПО көрмесі тақырыбының өзектілігін атай отырып, өзінің оған қатысуға дайын екенін айтты.

Қ.Әбдірахманов сұхбаттасушыны Астана процесінің барысымен таныстырды, оны жалғастырудың маңызды екенін баса айтты. Британдық әріптес Сирия дағдарысының таяу арада шешілуіне мүдделі екенін айтып, Қазақстанның ұмтылысын қолдайтынын жеткізді.

Біріккен Ұлттық Ұйымының штаб-пәтерінде БҰҰ Бас Хатшысы Антониу Гутерришпен жүздесу екіжақты кездесулер легін аяқтады. Қ. Әбдірахманов Президент Н.Назарбаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясы барысында мәлімдеген бастамаларын БҰҰ Хатшылығы дәйекті түрде қолдауының маңызы зор екенін атап өтті.

Тараптар халықаралық қауіпсіздік саласындағы ағымдағы ахуал бойынша іс-қимылдар бойынша пікір алмасты. Атап айтқанда, Министрі Бас хатшыға Сирия бойынша Астана келіссөздер процесінің барысы туралы ақпарат берді. А.Гутерриш Астана келіссөздері Женева келіссөздерінің табысты болуына жол ашады деп санай отырып, бұл процесті толық қолдайтынын білдірді. БҰҰ Басшысы Президент Н.Назарбаевтың көпжақты дипломатиядағы рөлін жоғары бағалады және Қазақстан әртүрлі халықаралық процестерге алаң ұсынып, өзінің дәнекер ретінде міндетін ойдағыдай орындап отырғанын атап айтты.

Дүниежүзілік ұйым басшысы Қазақстанның Алматы қаласындағы БҰҰ халықаралық хабын құру туралы ұсынысына және бұл үшін ел билігі кең және көп функционалды ғимарат беріп отырғанына назар аударды.

Кездесу барысында А.Гутерриш Астанада осы жылғы 8-9 мамырда өтетін ШЫҰ саммитіне және ЭКСПО-2017 көрмесінің ашылуына қатысу ниеті туралы хабарлады. Бұл Қазақстанға соңғы жарты жыл ішінде жасалатын екінші сапар екені және мұның Қазақстанмен әрі Орталық Азия өңірі елдерімен ынтымақтастыққа БҰҰ-ның баса назар аударатынын көрсететіні айрықша атап өтілді.

Қосылған : 30.04.2017, 11:10, Өзгертілген : 30.04.2017, 11:10