Сыртқы істер министрлігі азаматтарға арналған мобильдік қосымшаның тұсау кесерін өткізді

Орталық коммуникациялар қызметінде «Шетелге шығатын қазақстандық азаматтар үшін «SmartTravelKZ» мобильдік қосымшасын іске қосу туралы» тақырыбы бойынша баспасөз конференциясы өтті.

Шараға ҚР СІМ Консулдық қызмет департаментінің директоры Ардақ Мадиев пен ҚР СІМ Баспасөз қызметінің басшысы Ануар Жайнақов қатысты.

СІМ жасап шығарған «SmartTravelKZ» тегін мобильдік қосымшаның басты мақсаты шетелдердегі Қазақстан азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады, сондай-ақ жедел түрде қолғабыс беріп, жәрдемдесуді көздейді.

Мобильдік қосымша аймақтық ерекшеліктеріне қарай, елдер туралы тиімді ақпаратпен, болу елдеріндегі өзін ұстау нормалары, қауіпті жағдай болған кезде асырылатын іс-шаралар, төтенше жағдайлар кезіндегі ескертулер және шетелде жүрген азаматтар үшін басқа да маңызды мәліметтерді қамтиды. Қосымшаның көмегімен пайдаланушылар болу елінде санитарлық-эпидемологиялық және қылмыстық жағдай туралы деректерді таба алады.

«Визалық режим мен шет елдік мемлекетте болу тәртібі жөніндегі мәліметтер, сондай-ақ Қазақстан азаматтары үшін визасыз режим туралы жалпы ақпарат азаматтардың ерекше қызығушылығын тудыратынын атай отырып, мобильдік қосымшадан елге кіргізуге және шығаруға тыйым салынған заттар, баж төлемей әкелу мен әкету ережелері, кез келген елдердегі малдәрігерлік және фотосанитарлық бақылау туралы деректерді табуға болады», – деп хабарлады А.Мадиев.

«Азаматтарға ыңғайлы болу үшін мобильдік қосымшада шет елдердегі сақтандыру, медициналық қызмет жөнінде кеңестер, төтенше жағдайлардағы әрекеттер, пайдалы телефон нөмірлері, қазақстандық көлікпен тасымалдаушылары өкілдерінің байланыс деректері, сонымен қатар, медициналық және адвокаттық мекемелер бойынша ұсыныс беру сипатындағы ақпарат бар. Аталған қосымшаны пайдаланушылардың сол елдердегі Қазақстанның консулымен байланыса алатынын және онлайн режимде төтенше жағдайлар бойынша консулдық көмек алуға болады», – деп атап өтті КҚД директоры.

Android және iOS платформаларынан тегін мобильдік қосымшасын жүктеу алуға болады.

Қосылған : 14.12.2017, 17:20, Өзгертілген : 14.12.2017, 17:20