Мұхтар Тілеуберді. Қазақстанның экономикалық дипломатиясының жұмысы туралы

Мұхтар ТІЛЕУБЕРДІ, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары

Қазақстанның экономикалық дипломатиясының жұмысы туралы

ҚР Президенті Н. Назарбаевтың төрағалығымен өткен Шетелдік инвесторлар кеңесінің 30-шы отырысы. Астана қ., 22 маусым 2017 ж. (www.fic.kz)

Мемлекет басшысының жолдауларын және Қазақстан Республикасының басқа да стратегиялық бағдарламалық құжаттарын іске асыру үшін экономикалық дипломатияны күшейтуге бағытталған бағдар Сыртқы істер министрлігінің жұмысы үшін басымдыққа айналып отыр. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты 2018 жылғы 10 қаңтардағы Жолдауында Қазақстанды одан әрі индустрияландыруға бағытталған негзгі он міндетті белгілеп берді.

Ол ұлттық экономиканы тұрақтандырушы негізгі фактор ретінде қайта өңдеу секторын одан әрі дамыту, осы заманғы технологияларды, негізінен цифрлы технологияны енгізу және оны кеңінен қолдану қажеттігін атап өтті. Адами капитал, цифрлы және көлік-логистикалық инфрақұрылым, индустрияландыру 4.0 бойынша өзіндік технологияларды дамыту салаларында өнеркәсіптің базалық салаларын технологиялық жағынан қайта жарақтандыру жөнінде бірқатар бастамалар ұсынылды, сондай-ақ нормативтік реттеуді, қаржылық және өзге де ынталандыру шараларын жетілдіру бойынша нұсқаулар берілді.

Бұл бағыттардың біздің Министрліктің қызметіне тікелей қатысы бар, өйткені осы міндеттердің әрқайсысы тиісті сыртқы саяси жағынан сүйемелдеуді талап етеді.

Экономикалық дипломатияны дамытуға Мемлекет басшысының өзі ерекше назар аударады. Іс жүзінде шет елдерге барлық ресми сапарларында оның шетелдік бизнес-қоғамдастықпен жеке кездесулері көзделеді, ол кездесулерде коммерциялық келісімдер жасалады.

Мәселен, Мемлекет басшысының 2016-2017 жылдардағы сапарлары шеңберінде (Иран, Түркия, Сауд Аравиясы, Жапония, Оңтүстік Корея, БАӘ, Әзірбайжан, Өзбекстан, Беларусь, Ресей және т.б.) 6 млрд. доллардан астам сомадағы инвестициялық және сауда келісімдеріне қол қойылды.

2018 жылғы 1-тоқсанда бірқатар жоғары деңгейдегі сапарлар, атап айтқанда, АҚШ пен БАӘ елдеріне сапарлар болды. Наурыз айында Тәжікстан мен Өзбекстанның президенттері Астанаға келді. Өткен келіссөздердің қорытындылары бойынша 15 млрд. доллардан астам сомадағы 50 астам құжатқа қол қойылды.

ҚР СІМ Мемлекет басшысының шет елдерге сапарлары және шет мемлекеттер басшыларының Қазақстанға сапарлары барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылуына мониторинг жасау бойынша тұрақты жұмыс жүргізеді. Трансұлттық корпорациялармен жасалатын бірлескен инвестициялық жобалар туралы уағдаластықтарға ерекше назар аударылады.

Шететлдік инвесторларды тарту бойынша жүргізілетін жұмыстың нәтижелері шетелдік әріптестердің тарапынан Қазақстандағы инвестициялық жобаларды бірлесіп іске асыруға деген қызығушылықтың болуын анықтауға мүмкіндік береді. ҚР шет елдердегі мекемелерінің қатысуымен және олардың жәрдемдесуі кезінде біздің еліміздің аумағында тұтастай бірқатар инвестициялық жобалар іске асырылды. Оған мысал ретінде «Эйрбас», «Метро Кэш энд Керри», «Альстом», «Хайдельберг Цемент», «Тальго», «Польфарма» сияқты және басқа да көптеген халықаралық компаниялармен жасалған бірлескен жобаларды келтіруге болады.

Экономиканың басым секторларындағы – металлургиядағы, машина жасаудағы, химия өнеркәсібіндегі, тамақ өнімдерін өндірудегі жобаларды іске асыратын инвесторлар үшін тұтастай бірқатар инвестициялық жеңілдіктер мен преференциялар көзделген. Олардың ішінде – кедендік баж төлеуден босату, мемлекеттік заттай гранттар (жер учаскелері, ғимараттар және т.б.) сияқты жеңілдіктер бар.

Біздің елімізбен ынтымақтастыққа деген қызығушылық қолайлы инвестициялық ахуалмен түсіндіріледі. Бұл халықаралық рейтингтермен де расталады. Қазақстан 2018 жыл ішінде Doing Business ретингінде 36-позицияны иеленді, ал «миноритарлық инвесторларды қорғау» көрсеткіші бойынша әлемнің 190 елінің арасында 1-орын алды. 2017 жылы Дүниежүзілік экономикалық форумның (ДЭФ) Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінде Қазақстан жалпы көрсеткіш бойынша 57-орынды иеленді.

Бүгінгі таңда Қазақстан Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) Инвестициялар жөніндегі комитетінде «қауымдастырылған компания» ретінде ұсынылды және ЭЫДҰ-ның халықаралық инвестициялар және көпұлтты кәсіпорындар жөніндегі Декларациясына қосылды. ЭЫДҰ стандарттары – Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіруіне арналған нысаналы индикаторлар.

Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің деректеріне сәйкес 2015 – 2017 жылдар аралығындағы кезеңде Қазақстан экономикасына 264,4 млрд. долл. тікелей шетелдік инвестициялар тартылды.

Қазақстанның инвестициялық ахуалы туралы айтқанда, біздің еліміздің аса либералды визалық саясатына назар аудармай кете алмаймын. Ол бизнесмендер үшін де, сонымен бірге туристер үшін де қолайлы мүмкіндіктерге жол ашады. 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап 45 елдің (ЭЫДҰ және Еураопа Одағы елдері, БАӘ, Малайзия, Сингапур және Монако) азаматтары үшін 30 күн мерзімге Қазақстанның аумағына кіруге визасыз режим енгізілді. Жиырма елмен өзара визасыз режим жұмыс істейді. Біз «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының шеңберінде халықаралық тәжірибені зерделедік және биылғы жылы бірқатар елдер үшін электрондық визалардың пилоттық жобаларын енгізуді жоспарлап отырмыз.

Экономикалық дипломатия құралдары

Сыртқы саясат ведомствосы инвестициялық бағытта, атап айтқанда, ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің, ҚР Премьер-Министрінің жанындағы Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңестің, Инвесторлар тарту мәселелері жөніндегі үкімет кеңесінің (Инвестициялық штаб) және Инвестициялық омбудсменнің диалогтық платформаларының қызметіне белсенді түрде қатысады және олардың жұмысына жәрдемдеседі.

Жүргізіліп жатқан жұмыстың маңызды факторы ведомствоаралық өзара тиімді іс-қимыл болып табылады.

Сыртқы саясат ведомствосы қазақстандық өнімдердің экспортын ілгерілету бойынша өзара іс-қимылды күшейту жөнінде ҚР Инвестициялар және даму министрлігімен, Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешеніне шетелдік инвестициялар тарту және сауданы дамыту мәселелері бойынша өзара іс-қимылды күшейту жөнінде – ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігімен, қазақстандық қорғаныс өнімдерін экспортқа шығару және инвестициялар тарту бойынша өзара іс-қимылды күшейту жөнінде – Қорғаныс министрлігімен, сондай-ақ туризм саласындағы өзара іс-қимыл мәселелері жөнінде – ҚР Мәдениет және спорт министрлігімен және «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ-мен бірлескен іс-шаралар жоспарларын қабылдады. «Kazakh Invest» ұлттық компаниясымен Өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды және Шетелде жүргізілетін ақпараттық-түсіндіру жұмысының 2017 жылға арналған бірлескен жоспары бекітілді.

Тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің сыртқы нарықтарға экспортын ілгерілету мәселелері бойынша «Kazakh Export» экспорттық сақтандыру компаниясымен бірлескен құжат кезекте тұр, оған таяу арада қол қою жоспарланып отыр.

Барлық мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қалыптасқан қызметін сыртқы экономикалық деңгейде үйлестіру жөніндегі жұмыс жалғасуда. Сол үшін шетелдік бизнес-қоғамдастықпен «бірінші байланысушы тұлға» және «байланыстырушы буын» маңызды рөлін орындайтын шетелдегі мекемелерді қоса алғанда, сыртқы саясат ведомствосының бүкіл әлеуеті жұмылдырылды.

Инвестициялық-экспорттық жұмыс Қазақстанның шетелдегі әрбір елшілігінде ерекше бақылауда болады. Шет елдердегі мекемелердің басшылары шетелдік бизнес-қоғамдастықпен тікелей диалогты тұрақты түрде жүргізеді, шет елдердегі компаниялардың басшыларымен кездесулерді және келіссөздерді жүйелі түрде өткізеді, сондай-ақ бизнес-делегациялардың сапарларын ұйымдастырады.

Қазіргі кезде мемлекеттік деңгейдегі екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға және кеңейтуге жәрдемдесуге арналған орнықты институционалдық желі құрылған. Шетелдермен бірқатар салалық бағыттар бойынша әрекет ететін 60 үкіметаралық комиссияны, 22 кіші комиссияны және 51 жұмыс тобын қоса алғанда, 133 құрылым жұмыс істейді. Қазақстанның бизнес-топтары 20 астам елмен іскерлік кеңестер құрды. Бұл алаңдар Қазақстанның шетелдік әріптестермен ынтымақтастығының тиімді механизмі болып табылады.

Сыртқы деңгейде инвестициялар тарту жөніндегі жұмысты күшейту үшін 10 басым елде (Германия, Франция, ҚХР, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Жапония, Үндістан, Иран, Италия және АҚШ) инвесторлармен нысаналы жұмысқа арналған инвестициялық кеңесшілер желісін дамыту бойынша жұмыс жүргізілуде.

Өткен жылы Дүниежүзілік банктің қолдауымен барлық мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың жұмысын үйлестірудің нақты механизмдерін, олардың өзара іс-қимылының тәртібі мен алгоритмін, инвестициялардың нысаналы көздерін, сондай-ақ ЭЫДҰ ұсынымдарына сәйкес инвестициялық ахуалды одан әрі жетілдіру бойынша шараларды айқындауға арналған Инвестициялар тарту жөніндегі ұлттық стратегия әзірленіп, қабылданғанын ерекше атап өткіміз келеді.

Бұл шаралар институционалдық өзгерістермен күшейтілген. Инвесторлардың үкіметтік сектормен өзара іс-қимылын жақсарту мақсатында инвестициялар жөніндегі «Kazakh Invest» мамандандырылған ұлттық компаниясы құрылды, оған тиісті мемлекеттік қызметтер көрсету бойынша кең өкілеттіктер берілген.

Бұл компания ҚР Үкіметінің атынан трансұлттық компаниялармен және ірі инвесторлармен «бірыңғай келіссөзші» ретінде әрекет етеді және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл кезіндегі сүйемелдеуді және туындайтын мәселелерді жергілікті жерде шешуді қоса алғанда, инвесторлармен «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейді.

Шетелдік инвесторлармен ынтымақтастықты кеңейту үшін АҚШ-та, Германияда, Францияда, Түркияда, Ұлыбританияда, БАӘ мен Қытайда «Kazakh Invest» компаниясының «фронт-кеңселері» ашылды.

Сондай-ақ Үкімет Ұлттық экспорттық стратегияны бекітті, ол қазақстандық шикізаттық емес экспортты ілгерілету жөніндегі шаралар кешенін іске асыру бойынша бірыңғай және тұтас саясатты қалыптастыруға бағытталған.

Стратегияны іске асыру үшін қазақстандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді шетелдік нарықтарға шығару жөніндегі «Kazakh Export» компаниясы жұмыс істейді. Бұл компанияның міндеті қаржылық-сақтандырушылық қолдау арқылы экономиканың басым секторларындағы қазақстандық компаниялардың шикізаттық емес тауарлары мен көрсетілетін қызметтерінің экспортына жәрдем көрсету болып табылады. Экспорттаушыларды қолдаудың қаржылық емес құралдарын «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы пайдаланады.

Бұл тұрғыдан алғанда, СІМ инвестициялар тартуға немесе өз өнімін экспортқа шығаруға мүдделі отандық компанияларға тікелей жәрдем көрсетуді жалғастырады. Экономиканың аса маңызды қозғаушылары ретіндегі шағын және орта бизнес субъектілеріне ерекше назар аударылады.

Бұдан басқа, Қазақстанның ұлттық туристік өнімінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және оны халықаралық туристік нарықта тиімді ілгерілетуге ықпал ететін «Kazakh Tourism» компаниясының қызметін де атап өткіміз келеді.

Үкімет ҚР туристік саласын дамытудың 2023 жылға дейінгі тұжырымдамасын қабылдады, оның мақсаты әлемдік туристік нарық жүйесіне кіріктірілген тиімділігі жоғары, бәсекеге қабілетті туристік саланы құру болып табылады. «Kazakh Tourism» компаниясы 2023 жылға қарай Қазақстанның туризм индустриясындағы туристік брендін тиімді ілгерілететін және салаға инвестициялар тартуға жәрдемдесетін негізгі ұйымға айналуға тиіс.

Сыртқы саясат ведомствосы республиканың барлық өңірлеріндегі инвестициялық бизнес-форумдарға шетелдік компаниялардың тұрақты түрде қатысуын да қамтамасыз етеді. Біз сондай-ақ елімізде аккредиттелген шетелдік дипломатиялық корпуспен және шетелдік бизнес-қоғамдастықпен кездесулерге арналған алаң ұсынамыз. Ол кездесулердің мақсаты – брифингтер, Қазақстанның нақты мәселелері мен даму салалары бойынша пікірлермен және практикалық ұсынымдармен алмасу.

ҚР СІМ қызметіндегі басым міндеттердің бірі 2016-2020 жылдарға арналған Кешенді жоспарға сәйкес жекешелендіру процесіне шетелдік инвесторлардың барынша көбірек қатысуын қамтамасыз ету болып табылады. ҚР сыртқы саясат ведомствосы жекешелендіру барысын шетелдік әлеуетті инвесторларға кеңінен таныстырады.

Көпжақты экономикалық дипломатия

Қазақстанның экономикалық дипломатиясында көпжақты экономикалық ынтымақтастыққа, әсіресе еліміздің мүдделері алаңдарында қорғалатын халықаралық қаржы ұйымдарымен жүргізілетін жұмысқа көп көңіл бөлінеді.

СІМ Дүниежүзілік банктің, Халықаралық валюта қорының, Еуропалық қайта құру және даму банкінің, Азия даму банкінің және Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің тобымен ынтымақтастықта ҚР мемлекеттік органдарына қажетті жәрдем көрсетеді.

ЭЫДҰ басшылығы Қазақстанға ерекше назар аударады және ҚР мемлекеттік органдарына елді әлеуметтік-экономикалық жағынан реформалауға жәрдем көрсетеді. Қазақстан ЭЫДҰ-ның 34 жұмыс органына белсенді түрде қатысады (22 органда «шақырылған» мәртебесі, 7 комитет пен жұмыс органдарында – «қатысушы» мәртебесі, 4 – «әріптес» мәртебесі, 1-де – «қауымдастырылған мүше» мәртебесі бар).

Қазақстанның теңізге шығатын жолы жоқ ең ірі ел болып табылатындығы белгілі. Транзиттік-көлік әлеуетін ілгерілету, біздің еліміз бен өңірдің әлеммен (connectivity) байланыстылығын қамтамасыз ету шетелдік инвестициялар тартудың маңызды шарты болып табылатындығы анық, өйткені өнім экспортының тиімділігі осыған байланысты.

Ұлттық транзиттік-көлік әлеуетін дамыту үшін шет елдердің үкіметтік және іскер топтарымен де, сонымен бірге ҚР-дағы дипломатиялық корпуспен де жұмыс жүргізілуде.

Статистикада осы жұмыстың нәтижелері көрсетіледі. Айталық, 2017 жыл ішінде транзиттік жүк тасымалдарының жалпы көлемі 347,5 мың ЖФБ (жиырма футтық балама – жүк таситын көлік құралдары сыйымдылығының шартты өлшем бірлігі) құрады, бұл 2016 жылмен салыстырғанда 30% артық. 2020 жылға қарай Қазақстан тасымалдау көлемін 2 млн. ЖФБ дейін жеткізуді жоспарлап отыр.

2016 жылдың қорытындылары бойынша Қазақстан 77-орынға дейін көтерілді және 2020 жылға қарай логистикалық өнімділіктің халықаралық рейтингінде (Logistic Performance Index) әлем елдерінің 40 тобына кіру өршіл міндетін алға қойып отыр. Бұл Ляньюньган қаласының (Қытай) портына шығатын «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі, Бендер-Аббас портына (Иран) шығатын «Қазақстан-Түркменстан-Иран» темір жол дәлізі және т.б. жобалардың іске асырылуы арқасында мүмкін болды.

Инвесторлар тарту жөніндегі қызметтегі жетістіктердің көбінесе әлемдік стандарттарға сәйкес келуге, іскер ойыншылар үшін қолайлы және түсінікті болуға тиіс қаржы секторының даму дәрежесіне байланысты болатыны анық. Сондықтан Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап елордада «Астана» халықаралық қаржы орталығы» (АХҚО) өз жұмысын бастады.

АХҚО жеңілдікті салық режимімен, тәуелсіз қаржылық сотымен, арбитражымен және реттеушісімен ағылшындық құқық қағидаттарында жұмыс істейді, бұл Дубай және Лондон сияқты мойындалған қаржы орталықтарының тәжірибесіне сәйкес келеді. Бүгінде АХҚО әкімшілігі мен әлемдік қаржы нарығының жетекші ойыншылары (Шанхай қор биржасы, NASDAQ биржасы және т.б.) арасында бірқатар келісімдерге қол қойылды. Активтерді басқару нарығын жүйелі негізде дамыту мақсатында Goldman Sachs, UBS, Credit Suisse, Julius Bär, Deutsche Bank және т.б. сияқты америкалық, еуропалық, жапондық және ислам инвестициялық банкинг көшбасшыларымен ақпарат алмасу жолға қойылды. 2018 жылғы шілдеде АХҚО тұсаукесері өтеді.

АХҚО жобасын және басқа да екі өршіл жобаны – Жасыл технологиялар мен инвестициялық жобаларды дамыту жөніндегі халықаралық орталықты, сондай-ақ IT-стартаптар Халықаралық паркін құру – өткізілген ЭКСПО-2017 көрмесінің мұрасы болып табылады.

Біз еліміз дамуының жаңа нүктесі болуға арналған АХҚО, Жасыл технологиялар орталығы және IT-стартаптар Халықаралық паркі шеңберінде шетелдік әріптестермен ынтымақтасу үшін әрқашан ашықпыз.

Дамуға ресми көмек көрсету жөніндегі ҚР жүйесі

Қазақстан Республикасы бірнеше жыл бойына дамуға ресми көмектің (ДРК) меншікті жүйесін қалыптастыру бойынша мақсатты бағытталған жұмыс жүргізуде. Атап айтқанда, «Дамуға ресми көмек туралы» ҚР Заңы және бірқатар нормативтік құқықтық актілер қабылданды, кадр әлеуеті қалыптасты, донор ұйымдармен ынтымақтастық дамуда.

Қазіргі кезде ДРК саласында «KazAID» агенттігі нысанында ұлттық оператор құру бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Соған қарамастан, біз БҰҰ Даму бағдарламасымен (БҰҰДБ) және басқа да донорлармен ынтымақтастықта ДРК ұлттық жүйесінің аясында алғашқы жобаларды практикалық іске асыруға кірісіп кеттік. 2017 жылғы 24 – 28 сәуір аралығында Астана және Алматы қалаларында алғашқы пилоттық жоба ретінде «Орталық Азия елдерінің фермерлері мен ауыл шаруашылығы мамандарын су және энергия үнемдеудің инновациялық технологияларына оқыту арқылы агробизнестің өнімділігі мен рентабельділігін арттыру» тақырыбында ғылыми-практикалық семинар өткізілді.

Назарбаев Университетінде «Дамуға ресми көмек (ДРК) саласында Ауғанстанмен ынтымақтастықта Қазақстанға жәрдемдесу» жобасының аяқталуына орай ресми рәсім өтті. Астана, 12 сәуір 2018 ж.

Бұдан басқа, қазақстандық ДРК шеңберінде БҰҰДБ және Жапония СІМ-мен бірлесіп «Дамуға ресми көмек саласындағы Ауғанстанмен ынтымақтастықта Қазақстанға жәрдемдесу» жобасы іске асырылды. Осы жобаны іске асыру туралы уағдаластық Қазақстан Президенті мен Жапония үкіметі басшысының 2015 жылғы қазанда Премьер-Министр Синдзо Абэнің Қазақстанға сапары барысында қабылданған бірлескен мәлімдемесінде көрініс тапты.

Бұл жоба ауған әйелдерінің экономикалық дербестігін нығайтуға бағытталған болатын және осы елдің азаматтарын ана мен бала денсаулығы саласына ерекше екпін бере отырып, мемлекеттік басқару мен денсаулық сақтау сияқты Ауғанстан үшін қажетті бағыттар бойынша Қазақстанда оқыту көзделді. Қазақстан тарапының жобаға қатысуы жетекші бейіндік ұйымдардың тәжірибесі мен білімін беру түрінде, сондай-ақ қазақстандық жекелеген сарапшылар арқылы жүзеге асырылды.

Тұтастай алғанда, ел басшылығы белгілеген сыртқы экономикалық бағдарлар СІМ қызметінің бүкіл спектріне айқындаушы ретінде енгізілді. Сыртқы саясат ведомствосы экономикалық дипломатияны ілгерілетуде, шетелдік инвестициялар тартуда отандық бизнес пен сыртқы әріптестер арасындағы маңызды байланыстырушы буын ретінде жұмыс істейді. Осы көп жоспарлы жұмыс жалғаса береді және күшейтілетін болады.

Қосылған : 7.06.2018, 16:20, Өзгертілген : 7.06.2018, 16:20