Мажар қыпшақтарының мәдениеті фестивалінде Ұлы Даланың этнобұрышы таныстырылды

2 қыркүйекте Будапешт қаласында Қазақстан Республикасының Елшілігі Мажар қыпшақтарының мәдениеті фестиваліне қатысты. Мажарстан ауыл шаруашылығы министрі Шандор Фазекаш өз сөзінде Ұлы Даланың ұрпақтары болып саналатын мажар қыпшақтарының салт-дәстүріне арналған фестивальдің маңызды екенін атап өтті.

Министр Қазақстан Елшісі Нұрбах Рүстемовке аталған іс-шараға қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді. Өз кезегінде, қазақстандық дипломат Қазақстан Елшілігі Мемлекет басшымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жанғыру » мақаласының негізгі аспектілерін іске асыру, сондай-ақ екі ел арасында мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың жоғары деңгейін қолдау аясында Елшіліктің фестивальге қатысып отырғанын атап өтті.

Фестиваль шеңберінде қонақтарды қазақ халқының салт-дәстүрімен, мәдениетімен таныстыратын этнобұрыш жасақталды. Оған қоса, қонақтарға кәдесыйлар мен имидждік материалдар таратылды, сондай-ақ олар қазақтың тағамдарынан дәм татты.

Этнобұрыш фестиваль қонақтарының Ұлы Дала тарихына деген ерекше қызығушылығын арттырған. 1990 жылы «Мажарстан қыпшақтарының одағы» құрылды, құрметті көшбасшысы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев болып сайланды. Қазіргі таңда Мажарстанда ХІІІ ғасырда қазіргі Қазақстан аумағынан Еуропаға қоныс аударған шамамен 300 мың қыпшақ ұрпақтары тұрады.

Қосылған : 4.09.2017, 11:25, Өзгертілген : 4.09.2017, 11:25