Мариан Әбішева. Кәсібилік. Отаншылдық. Мақсат.

Мариан ӘБІШЕВА

КӘСІБИЛІК. ОТАНШЫЛДЫҚ. МАҚСАТ.

«Біздің жастарымызға мақсаткерлік, болашаққа деген шүбәсіз сенім, мойымас жігер, кез келген істі қолға алуға деген құл­шыныс тән».

Н.Ә. Назарбаев

Біздің мемлекетіміздің тұрақты дамуында алдағы бірнеше жылдарға есептелген және Қазақстанға болашаққа батыл да, сенімді қадамдар жасауға мүмкіндік беретін сыртқы саясат маңызды рөл атқарады. Әлемдік қоғамдастықтың Қазақстанды мойындауына қол жеткізу, оның тәуелсіздігіне, егемендігіне және аумақтық тұтастығына халықаралық кепілдіктердің қамтамасыз етілуі, қоршаған мемлекеттермен және бүкіл әлеммен тату көршілік, әріптестік және өзара тиімді ынтымақтастық қатынастарының нығаюы, республиканың халықаралық беделді ұйымдарға қатысуы – міне осының бәрі біздің еліміздің бейбіт және тұрақты даму жоспарларының сәтті іске асырылуына барынша қолайлы әсер етті.

Тәуелсіздік жылдары ішінде жинақталған отандық дипломатияның қалыптасу тәжірибесі реализм, прагматизм және дәйектілік сияқты құбылыстар өн бойында өрілетін ауқымды мақсаттардың тереңдігі және маңыздылығы туралы куәландырады.

Қазақстан басшылығының елді халықаралық аренада дербес және тәуелсіз ойыншы ретінде көрсетуге деген ықыласы және ұмтылысы отандық дипломатияға сыртқы саясат бастамаларының дәйекті іске асырылуы үшін аса күрделі жауапкершіліктер жүктейді. Әлбетте, оларды табысты іске асыру белгіленген барлық мақсаттарды жүзеге асыру үшін айтарлықтай әлеуетті талап ететіні даусыз.

Алдағы жылдары Қазақстанның сыртқы саясаттағы стратегиясын кімдер жүзеге асырады, отандық дипломатияның болашағы кімдерге байланысты болмақ, – міне осы және басқа да сұрақтарға жауапты «Қазақстан дипломатиясының жаңа есімдері» атты жинақтан алуға болады.

Жас дипломаттар сұхбаттарының жинағын Сыртқы істер министрлігі Қазақстандағы Жастар жылы қарсаңында шығарды. Бұл жоба СІМ министрлігі қолдау көрсеткен «100 жаңа есім» жалпыұлттық жобасының бір бөлігіне айналды. Қазақстандық жиырма жеті жас дипломат өздерінің кәсіби өміріндегі оқиғаларымен, жан толғаныстарымен және келесі жиырма алты жыл ішіндегі біздің еліміздің болашағы туралы пайымдарымен бөліседі.

Сонымен, бұл жинақ не туралы? Қазақстан жастарының отаншылдығы туралы. Мақсат-мұрат туралы. Кәсібилік туралы.

Жобаның барлық қатысушылары – Қазақстанның және шет елдердің айтулы жоғары оқу орындарын бітірген, осы кәсіпті меңгеруді мақсат еткен дипломаттар. Олардың арасында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Дипломатия институтының түлектері бар, олардың үшеуі – Талғат Кетебаев, Динара Жұмашева, Айдана Сатыбалдиева – қазір аталған Институтта оқып жүр.

Жас дипломаттардың Қазақстанның халықаралық ынтымақтастығын дамытуда, жоғары деңгейдегі халықаралық іс-шараларды ұйымдастыруда, келіссөздер жүргізуде, мемлекет басшыларының мемлекеттік сапарларын дайындауда белгілі бір практикалық тәжірибесі мен жетістіктері бар. Олар осы кітап беттерінде өз тәжірибесінің кейбір оқиғаларымен бөліседі: олардың ішінде күлкілі де, қиын да оқиғалар бар.

Дипломат болуға түрткі болған жағдай – ол «біздің мемлекеттігіміздің құрылысына елеулі үлес қосу» (Талғат Кетебаев), «өз еліме пайда әкелу» (Ерлан Зейнешев), «Қазақстанның халықаралық қоғамдастықпен достық қатынастарын және өзара тиімді әріптестігін дамытуға өз үлесімді қосу»(Бауыржан Жапаров), «өз білімімді Отан игілігіне қолдану, оның халықаралық аренадағы имиджін нығайтуға ықпал ету» (Диас Айменов).

Өз өмірін дипломатиялық қызметке арнауды армандайтын жастарға осы заманғы дипломаттың қандай дағдыларды меңгеруге тиістігі қызықты болары анық. Ол дағдыларға талдау қабілеті, қажетті ақпаратты дөп баса білу және халықаралық жағдайға болжам жасау шеберлігі, ойлау ауқымдылығы және мемлекеттік міндеттерді шешуге арналған прагматикалық тәсілді меңгеру, жоғары моральдық және этикалық қағидаттар, ел азаматтарының және тұтастай мемлекеттің мүдделірін қорғау жолында кез келген жағдайларда өз міндеттерін жауапкершілікпен орындауға деген бейілділік, тіл тапқыштық, биязылық және ізгі ниеттілік жатады. «Дипломат өз Елінің айнасы қызметін атқарады. Ол әрдайым бір қадам алда болуға тиіс» (Жан Айдар Жанбатыров). «Дипломат қоғамда тек қана оң беделге ие болуға, қазақстандық интеллигенцияның жоғары қауымын білдіруге тиіс, мемлекетшіл болуға, сонымен бір мезгілде жоғары деңгейдегі менеджер болуға тиіс» (Талғат Кетебаев). «Қазақстандық кәсіби дипломат – тиімді және өнімді қызметші» (Артем Кузьмин), «Сырбаздықтың, жинақылықтың, сыпайылықтың көрінісі» (Мәдина Мұратбекова).

Алайда дипломаттың ең басты қасиеті – бұл отаншылдық, «өз Еліңе сену және кез келген жағдайларда оның мүдделерін қорғау» (Мәдина Мұратбекова). «Әрбір дипломат өз Елінің нағыз патриоты болуға тиіс» (Ерлан Зейнешев). «Өз Отанымыздың мүдделеріне қызмет ету бүкіл өміріміздің басты басымдығы және мақсаты болуға тиіс» (Гүлсана Төлепбергенова). «Біздің Еліміздің азаматтарында кез келген оқиға жағдайында ел мүдделері, оның қауіпсіздігі, егемендігі сенімді қорғалатынына күмән туындамауға тиіс. Дипломат Отанмен тағдырлас және өзін оның ажырамас бөлігі ретінде сезінеді» (Диас Айменов).

Жас дипломаттар үшін болашаққа арналған міндет «қоғамдық және саяси орталарда елдің беделін арттыру және оны қолдау, сондай-ақ Қазақстанның сыртқы саясаттағы бастамаларын ілгерілету» (Ақмарал Белгібекова).

Қазақстан Республикасы тәуелсіздік жылдары ішінде өркениетаралық диалог орнатуға, тұрақтылық пен қауіпсіздікті қолдауға бағытталған бірқатар халықаралық бастамалар көтерді. Қазақстанның барлық халықаралық бастамаларында жаһандану жағдайларындағы ішкі және сыртқы саяси процестерді есепке алуға негізделген озық даму стратегиясы айқын көрінеді. Біздің мемлекетіміздің нақты жетістіктері және ол жинақтаған тәжірибе Қазақстан Президенті саясатының заңды нәтижесі болып табылады. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының сыртқы саясаттағы стратегиясы оның атауынан еш бөлінбейді.

«ХХІ ғасырдың қазақ халқы үшін жұлдызды ғасыр болатынына сенемін», – Н.Ә.Назарбаев. Жас дипломаттардың пікірі бойынша, Қазақстан жиырма алты жылдан кейін әлемнің дамыған елдерінің отыздығына кіреді, халықаралық саяси және экономикалық форумдар мен консультациялардың жұмысында маңызды рөл атқаратын болады, халықаралық қақтығыстарды реттеу жөнінде келіссөздер жүргізуге арналған алаңға айналады, G20 мүшесі, БҰҰ ҚК тұрақты мүшесі болады. Қазақстанның аумағында халықаралық ұйымдардың штаб-пәтерлері орналасатын болады, біздің еліміз инвестициялар, ғылымдар мен технологиялар тартудың жаһандық орталығына, ал оның елордасы – Астана – әлемдік дипломатияның маңызды орталығына айналады.

Жиырма жеті жылдан кейін Қазақстан әлемді жақсырақ, тұрақты және қауіпсіз ете алуға қабілетті, халықаралық аренада берік ұстанымдары және мызғымас беделі бар өркендеген ел болады. Біз қазақстандық жас дипломаттардың осы айтылғандардың бәрінің жүзеге асуы үшін бар күш-жігерін жұмсайтынына сенеміз.

______________________________________________

АВТОР ТУРАЛЫ. Мариан Әбішева – Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Дипломатия институтының директоры. 2008 жылы Францияның ұлттық қорғанысы жоғары зерттеулер институтында тағлымдамадан өтті. Азия-Тынық мұхиты қауіпсіздік мәселелерін зерделеу орталығының жоғары басшы құрамға арналған Қауіпсіздік колледжінде оқыды.

Әр жылдары: ҚР Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігінің Қауіпсіздік Кеңесі талдау бөлімінің сектор меңгерушісі, «Самұрық-Қазына» АҚ-ның ақпараттық-талдау жұмысы жөніндегі бас менеджері лауазымдарында жұмыс істеді.

Соңғы атқарған қызметі – ҚР Бірінші Президенті – Елбасы Кітапханасының геосаясат және өңірлік зерттеулер қызметінің басшысы.

Қосылған : 29.03.2019, 18:15, Өзгертілген : 29.03.2019, 18:15