Марат Сыздықов. ЕАЭО мерейтойлы саммиті: идеядан – өркендеуге

Марат СЫЗДЫҚОВ


ЕАЭО мерейтойлы саммиті: идеядан – өркендеуге

2019 жылғы 29 мамырда Нұр-Сұлтан қаласында еуразиялық интеграция идеясының 25 жылдығына және Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) туралы шартқа қол қойылуының 5 жылдығына орайластырылған Еуразиялық экономикалық одақтың мерейтойлық Саммиті болып өтті.

Отырыс барысында Цифрлық күн тәртібін іске асыруды, Сербиямен сауда келісіміне қол қоюды, ЕАЭО мен ҚХР кедендік шекаралары арқылы өткізілетін халықаралық тасымал тауарлары мен көлік құралдары туралы ақпарат алмасуды, ЕАЭО макроэкономикалық саясатының 2019-2020 жылдарға арналған негізгі бағдарларын және т.б. қоса алғанда, бірқатар маңызды мәселелер қаралды.

Қазақстан Республикасының Бірінші Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ЕАЭО-ның Еуропалық одақпен, ШЫҰ-мен және АСЕАН-мен толыққанды экономикалық ынтымақтастығын жолға қою, сондай-ақ инфрақұрылым мен логистика бөлігінде ЕАЭО-ның әлеуетінің ажырамас жалғасы ретінде қабылдануға тиіс Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасының шеңберіндегі бірлескен ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жөніндегі жұмысты жандандыру қажеттілігі туралы үндеуі осы саммиттің аса маңызды месседжіне айналды.

Отырыс барысында Нұрсұлтан Назарбаевқа «Еуразиялық экономикалық одақтың құрметті Төрағасы» атағын беру туралы тарихи шешім қабылданды, бұл қазақстандық көшбасшының ЕАЭО құруға, дамытуға және оны нығайтуға қосқан үлесі мен ондағы рөліне берілген жоғары баға болды.

1994 жылғы 29 наурызда М.Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік Университетіндегі лекция барысында Елбасының еуразиялық интеграция туралы идеяны алғаш рет көтергені белгілі. Жаңа егемен мемлекеттердің сапалық жағынан соны, прагматикалық және өзара тиімді негіздегі интеграциясының ауқымды жобасы ол идеяның негізіне айналды. Сол сөзінде Қазақстан көшбасшысы: «Біздің елдеріміздің еріктілік және тең құқықтылық қағидаттарында қалыптастырылған мемлекетаралық жаңа бірлестіктің негізіндегі өзара қатынастарының сапалық жағынан жаңа деңгейіне өту қажеттігі пісіп-жетілді», - деп атап көрсеткен болатын.

Елбасының пайымдауынша, интеграцияның осы нысаны одаққа қатысатын әрбір елдің мемлекеттік мүдделері іске асырылатын және экономикалық ынтымақтастыққа айқын екпін берілетін бүкіл жиынтық әлеует пайдаланылатын тең құқықты тәуелсіз мемлекеттердің одағына айналуға тиіс болды. 20 жыл өткеннен кейін еуразиялық интеграция идеясы Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуының негізіне айналды.

2014 жылғы 29 мамырда Астана қаласында Беларусь, Қазақстан және Ресей президенттері Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойды. Сол жылы Шартқа Армения мен Қырғызстан қосылды. Осылайша, ЕАЭО қазіргі жұмыс істеп тұрған нысанында құрылды, енді оның шеңберінде тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің, капиталдың және жұмыс күшінің қозғалысы жолындағы тосқауылдар алынады, инвестициялық жаңа мүмкіндіктер мен ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру перспективалары ашылады, ал ЕАЭО азаматтары Одақтың кез келген мемлекетінде сол мемлекеттің азаматтарында болатын еңбекке орналасу шарттарындажұмыс істеу құқығын алады.

Тарихи өлшеммен алғанда, Одақ құрылғаннан бері мүлде аз уақыт өтті, алайда қазірдің өзінде Бірінші Президенттің идеясының іске асырылғанын және табысты даму үстінде екендігін көруге болады. ЕАЭО өңірлік экономикалық интеграцияның халықаралық ұйымы ретінде қалыптасып үлгірді. Ұйымның тиімділігі мен өміршеңдігі әлемдік аса қатал қаржы-экономикалық дағдарыс жағдайларында расталды.

Қазақстан, Ресей және Беларусь көшбасшыларының ЕАЭО құру туралы шартқа қол қоюының тарихи салтанаты.

Астана, Тәуелсіздік сарайы. 2014 жылғы 29 мамыр

ЕАЭО жұмыс істегеннен бастап мүше мемлекеттердің Doing Business-2019 әлемдік рейтингіндегі позициялары айтарлықтай жақсарды. Мәселен, онда Қазақстан 28 орын (+49 позиция), Ресей-31 орын (+ 31 позиция), Беларусь-37 орын (+20 позиция), Армения-41 орын (+4 позиция), Қырғызстан-70 орын (+32 позиция) алады.

Еуразиялық экономикалық одақ бүгінде – ол іс жүзінде тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің, капиталдың және жұмыс күшінің еркін қозғалысы жүзеге асырылатын техникалық және кедендік-тарифтік реттеуді қоса алғанда, жекелеген экономикалық салаларда бірыңғай транспаренттік қағидалар бойынша 180 миллионнан астам халық өмір сүріп жатқан нарық.

ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер экономикаларының жиынтық көлемі шамамен 2,2 трлн. долларды құрайды. ЕАЭО елдері шығаратын өнімнің жалпы көлемі 1,1 трлн. долларға жуық соманы құрайды. Экономикалық көрсеткіштер дамудың жағымды серпіні туралы куәландырады. Айталық, 2018 жылы ЕАЭО ІЖӨ өсімі 1,8% құрады. Бұл ретте, бірқатар мүше мемлекеттерде бұл көрсеткіш айтарлықтай жоғары болды. Мысалы, Арменияда өсім 6,2%-ды, Беларусияда – 3,7%-ды, Қазақстанда – 4,1%-ды құрады.

Сыртқы сауданың көлемі 2017 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда шамамен 753 млрд. долларға жетіп, 20,5% ұлғайды. Бұл ретте экспорт 29,7% өсті. 2018 жылы мүше мемлекеттердің арасындағы өзара сауда 2017 жылғы деңгеймен салыстырғанда 10,3% ұлғайып, 59,7 млрд. долларға жетті. Осы нәтижелер интеграцияның оң тиімділігін көрнекі түрде көрсетеді.

ЕАЭО-ның халықаралық тартымдылығы артуда. Қазіргі кезде әлемнің 40 астам елі ЕАЭО-мен сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға деген ниеттерін білдіріп отыр. Вьетнаммен және Иранмен преференциялық сауда келісімдеріне және ҚХР-мен Сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Сербиямен, Сингапурмен, Израильмен еркін сауда аймақтарын құру туралы келіссөздер қорытынды сатысында тұр, Үндістанмен және Египетпен келіссөздер жүргізілуде.

Еуразиялық экономикалық интеграция өзара қарым-қатынастардың жаңартылған түрін көрсетіп отыр, ол сенімге, әріптестікке және экономикалық өзара іс-қимылдың бірдей қағидаттары мен критерийлерінің қолданылуына негізделеді. ЕАЭО шеңберінде егемендік теңдік, тең құқықтылық және тараптардың ұлттық мүдделерін есепке алу қағидаты қамтамасыз етіледі. Шартта барлық деңгейлерде стратегиялық жағынан маңызды шешімдер қабылдау кезінде ымыраға келудің нақты механизмі келтірілген, ол басқа шаралармен қатар, қандай да бір мемлекеттің қандай да түрде үстемдік ету мүмкіндігін жоққа шығарады.

ЕАЭО-ның шарттық-құқықтық базасы тұрақты түрде жетілдіріліп отырады. Мәселен, 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап ЕАЭО-ның Кеден кодексі күшіне енді, оның ережелері әкімшілік тосқауылдарды азайтуға, электрондық кедендік декларациялауды қамтамасыз етуге бағытталған. Осының барлығы кедендік ресмиліктерден өтуді жеделдетеді және кәсіпкерлердің қызметін жеңілдетеді.

Осы жылдың мамыр айында Еуразиялық экономикалық одақтың үшінші мемлекеттерімен, халықаралық ұйымдармен немесе халықаралық интеграциялықбірлестіктермен халықаралық шарттары туралы келісімге қол қойылды. Келісімде ЕАЭО-ға кірмейтін елдермен халықаралық шарттар жасасудың, олардың қолданысын тоқтатудың және тоқтата тұрудың тәртібі айқындалады. Базалық Шартты дамытуға бағытталған актілер әзірлеудің жұмыс жоспарын іске асыру бойынша жұмыстар мақсатты түрде жүргізілуде.

2018 жылғы 6 желтоқсанда Санкт-Петербург қаласында ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің көшбасшылары қол қойған Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі интеграциялық процестерді одан әрі дамыту туралы декларация Еуразиялық экономикалық одақ дамуының стратегиялық бағыттарын айқындайтын маңызды құжатқа айналды. Құжатта ЕАЭО туралы шартта белгіленген интеграцияны дамыту, ЕАЭО интеграциялық әлеуетінің жұмыс істеуін және ашылуын одан әрі жетілдіру, сондай-ақ ЕАЭО бірыңғай нарығының барынша тиімділігін қамтамасыз етуді және бизнес пен тұтынушылар үшін оның мүмкіндіктерін іске асыруды қоса алғанда, жаңа экономикалық бағыттар бойынша ынтымақтастықты кеңейту, «инновациялыр аумағын» қалыптастыру және ғылыми-өнеркәсіптік және технологиялық серпіндерді ынталандыру, адамдар үшін интеграция әлеуетін ашу, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер азаматтарының әл-ауқатымен өмір сүру сапасын арттыру, ЕАЭО-ны сыртқы әріптестермен өзара тиімді және тең құқықтық ынтымақтастық үшін ашық заманауи әлемді дамытудың және өзара іс-қимылдыңжаңа форматтарын құрудың, мейілінше, маңызды орталықтарының бірі ретінде қалыптастыру көзделеді.

ЕАЭО шеңберінде ішкі нарықтағы кедергілерді жою бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Тауарлардың еркін өткізілуі бойынша барлық кедергілерді бір сәтте жойып жіберудің мүмкін болмайтыны түсінікті. Дегенмен, бұл бағытта мақсатты жұмыс жүргізілуде. ЕАЭО-ның ішкі нарығындағы кедергілерді жоюдың маңызды механизмі «жол карталарын» қабылдау болып табылады. 2017 жылғы 25 қазанда Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысының шеңберінде 2018-2019 жылдарға арналған Жол картасы бекітілді. «Жол картасына» енгізілген және 17 кедергіні жоюға бағытталған 35 іс-шараның бүгінде 8-і орындалды. Бұл іс-шаралар еңбек көші-қоны, салық салу, техникалық және кедендік реттеу, агроөнеркәсіптік кешен және мемлекеттік сатып алу салаларында орын алды.

Шартқа сәйкес ЕАЭО алдына өршіл мақсаттар қойылды. 2025 жылға қарай өзара саудадағы тосқауылдарды жою және тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің, капиталдың және жұмыс күшінің еркін өткізілуін қамтамасыз ету жоспарлануда. 2019 жылы электр энергиясының ортақ нарығын қалыптастыру жөніндегі жұмыс аяқталады. 2025 жылға қарай мұнай мен газдың ортақ нарықтарын, сондай-ақ ортақ қаржы нарығын құру жоспарлануда. Қазақстандағы штаб-пәтерден қаржы нарығын реттеу жөніндегі ұлттық органның құрылуы күтілуде.

Жаһанданудың жедел қарқындары ескеріле отырып, әлемнің бүкіл елдерінің күн тәртібінде ерекше назар аударуды қажет ететін ынтымақтастықтың жаңа бағыттары пайда болуда. Қазақстан да одан тыс қалған жоқ.

Цифрлы технологиялар дәуірінде Одақ елдері әлемдік өзгерістерге сапалы бейімделуді қажетсінеді. 2017 жылы мүше мемлекеттердің басшылары экономикалық интеграцияны одан әрі дамытуға бағытталған ЕАЭО цифрлық күн тәртібін іске асырудың 2025 жылға дейінгі негізгі бағыттарын бекітті. Қысқа мерзім ішінде осы саланың нормативтік-құқықтық базасы қалыптастырылды, цифрлық трансформацияға арналған сайт және сарапшылар қоғамдастығымен коммуникциялар арналары құрылды, Құзыреттер мен сараптама алаңдары орталықтарын құру мәселесі пысықталуда. Қазақстан тарапы Астанада Халықаралық IT-стартаптар технопаркінің базасында цифрлық бастамаларды басқару офисінің жұмысын ұйымдастыруды ұсынды. Қазақстан Республикасының Бірінші Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша Қазақстан екі рет 2018 және 2019 жылдары Алматы қаласында ЕАЭО елдерінде цифрлық инновациялық экожүйелер мен ІТ саласындағы кәсіпкерлікті дамытуға, цифрлық саладағы стартаптарды қолдау арқылы талантты жастарды демеуге және дамытуға бағытталған Цифрлық форум өткізді.

ЕАЭО-ны одан әрі дамыту перспективалары туралы айтқанда, одан әрі ілгерілеудің қозғаушы күші көбіне көп сыртқы факторлар, жаһандық сын-тегеуіріндер болуы мүмкін екендігін атап өту қажет. Олардың арасында – революциялық жаңа технологияларды дамыту мен қолдану, әлемдік экономикалық архитектураны өзгерту, жаһанданудан бас тарту мен протекционизмнің дамуы бар.Осыған байланысты инклюзивтік өсу факторы өзекті бола түседі. Перспективада – интеграциядан барлық мүше мемлекеттер ұтатындай экономикалық модель қалыптастыру міндеті тұр.

2019 жылы ЕАЭО-ға Армения Республикасы төрағалық етеді. Оның төрағалығының басымдықтарын 2019 жылғы 25 қаңтарда АР Премьер-министрі Никол Пашинян айтты, ол басымдықтардың арасында энергетика саласын дамыту, мүше мемлекеттердің өзара және сыртқы саудасын ынталандыру үшін көлік-логистикалық инфрақұрылымды жетілдіру, ЕАЭО цифрлық күн тәртібін іске асыру мен ІТ саласындағы ынтымақтастықты жалғастыру, еңбек мигранттарының және зейнеткерлердің құқықтарын сақтау, сондай-ақ электрондық еңбек биржасын құру бар. Қазақстан Республикасы армян төрағалығының басымдықтарын қолдайды және оларды іске асыру үшін бар күш-жігерін жұмсайды.

Ынтымақтастықтың тағы бір маңызды бағыты бірлескен кооперациялық жобаларды дамыту болып табылады. Қазіргі кезде ЕЭК металлургия, жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, ғарыш және геоақпараттық технологияларжәне т.б. салалардағы 120 астам инновациялық жобаны қарастыруда.

Өнеркәсіптік кооперацияны тереңдету ЕАЭО мүше мемлекеттердің өнеркәсіптік кешендері кәсіпорындарының арасындағы байланысты кеңейтеді, шағын және орта кәсіпорындардың көп санын интеграция процесіне тартады, жаңа өндірістік тізбектер құрады, үшінші елдердің нарықтарында өзара тиімді ортақ өткізу стратегиясын жүргізу мүмкіндігін қамтамасыз етеді.

Ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру да маңызды болып табылады. 2018 жылғы мамырда Сочидегі Жоғары кеңестің отырысында Бірінші президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ЕАЭО арқылы Қытайдан Еуропаға жоғары жылдамдықты темір жол және автомобиль қозғаласын ұйымдастыру және Қара және Каспий теңіздерін жалғастыратын канал тарту туралы ұсыныс жасады. Осы сияқты жарқын жобалар өз кезінде Еуропа интеграциясының символы болған Airbus үлгісі сияқты және соған ұқсас еуразиялық интеграцияның символына айналуы мүмкін еді.

Тұтастай алғанда, ЕАЭО зор әлеуетті иеленетін жас халықаралық ұйым болып табылады. Перспективада ЕАЭО толыққанды тартылыс полюсіне, өңірлік мегажобаларда маңызды әріптеске айналуы мүмкін. Ол үшін ауқымды және экономикалық жағынан күшті Еуразия құру туралы Елбасының идеяларына қол жеткізу мақсатында Еуроодақпен, ҚХР-мен және басқа да елдермен тығыз, өзара тиімді қатынастарды дамыту қажет.

____________________________________________________

АВТОР ТУРАЛЫ. Марат Сыздықов – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары.

Мемлекеттік қайраткер және дипломат. Кәсіби қызметін С.Сейфуллин атындағы Целиноград мемлекеттік педагогика институтында оқытушылықтан бастады.

Әртүрлі мемлекеттік лауазымдарда, оның ішінде ҚР Президент Әкімшілігінің Қауіпсіздік Кеңесі Талдау орталығының сектор меңгерушісі, ҚР Президент Әкімшілігінің Сыртқы саясат орталығы меңгерушісінің орынбасары, Ресейдегі Қазақстан Елшілігінің кеңесші уәкілі болып жұмыс істеді.

І сыныпты Кеңесші дипломатиялық дәрежесі бар.

Қосылған : 13.06.2019, 11:35, Өзгертілген : 13.06.2019, 11:35