Ұлыбританияның бұрынғы үкімет басшысы Т.Блэрдің баяндамасы жөнінде

2012 жылғы 28 қарашада Chatham House Халықаралық істер бойынша корольдік институтында Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Т.Блэр «Еуропа, Ұлыбритания және Бизнес – дағдарыстан кейін» тақырыбында баяндама жасады.

Т.Блэр баяндамасының түйіндемесі ретінде әлемдік күштердің батыстан шығысқа ауысуы салдарынан континентте туындаған жаппай дағдарыс кезінде Ұлыбританияның Еуропалық Одақтан шығуы мүмкін еместігін алға тартты. Баяндамашы еуроаймақтың ағымдағы қиындықтарына қарамастан Ұылбритания өз мүмкіндіктерін халықаралық деңгейде іске асыру мақсатында әлемнің ең ірі ортақ нарығындағы мүшелігі қамтамасыз ететін саяси салмаққа мұқтаж деді.

ЕО-тан елдің шығуының негізсіздігін баяндамашы статистикалық көрсеткіштермен де дәлелдеуге тырысты. Соның ішінде, британ экспортының 47 пайызы ЕО елдеріне тиесілі болса, Ұлыбританияға түсетін тікелей шетелдік инвестициялардың 50 пайызы ЕО елдерінен келуде деп нақтылады.

Негізінен лейбористер саясатын қолдайтын іскерлік топтар өкілдерінен тұрған тыңдаушыларға Т.Блэр бүгінгі таңдағы Еуропалық Одақты сақтап қалудың маңыздылығын және Біріккен Корольдік Одақтан шығу саясатын осы үдеріспен жалғастыратын болса, келесі жиырма жыл Одаққа қайта кірумен уақыт өткізетін болады деп атап өтті. Экономикалық күштің Қытай, Индия және Бразилия сияқты жаңадан дамып келе жатқан салмақтылар жағына көшуі жағдайында Ұлыбритания Еуропаның келешегін жасаудағы мүмкіндігін жоғалтуын көтере алмасы сөзсіз деп аталып өтті.

Жаңа қарқынды дамушы нарықтарға бөлек тоқтаған Т.Блэр Қытай халқы санының Еуропалық Одақ халқының санынан үш есе үлкен екендігін және экономикасының келешекте әлемнің ең ірі экономикасына айналатындығын айтса, Индияда халық санының миллиардтан асатындығын, Бразилия территориясының ЕО-тың ең ірі мүше-елінен екі есе үлкендігін, бұл елдер қатарын Индонезия, Ресей, Вьетнам, Филиппиндер, Египет толықтыратындығын алға тартты.

Өз сөзінде Т.Блэр, сонымен бірге, жаңа экономикалық күштердің пайда болуы геосаясатта ғасырлар бойы орын алмаған ең ауқымды өзгерісті әкелуде деп, бұл, өз кезегінде, Еуропа үшін Одақ құрылғалы бергі соғыстан кейінгі уақыттағы ең маңызды да шешуші дағдарысты ұсынуда деп атап өтті. Т.Блэр бастапқыда негізгі мақсат соғыстан кейін әлсіреген континентте бейбітшілікті орнату болса, қазіргі таңдағы мақсат өзгеріп жатқан әлімдегі билік бөлінісінде үлесті иемдену деді.

Тәуелсіз сарапшылар Т.Блэр жетекші саяси істер институтында жасаған баяндамасын ЕО басшыларына дағдарысқа байланысты Одақ институттарын реформалау қажеттігі Еуропа халқы қолдайтын «бас жобаның» құрамдас бөлігі болуы тиістігін жеткізу құралы ретінде ұсынылуда деп атап өтуде.

Chatham House институтында Business for New Europe (BNE) тәуелсіз зерттеу тобымен ұйымдастырылған кездесу қазіргі британ үкіметінің басшысы Д.Камеронның Брюссель саммитінде 2014-2020 жылдарға қабылданатын ЕО бюджеті бойынша келіссөздердің нәтижесіз аяқталуына негізгі себепкер болуына орай, іскерлік топтар өкілдерінің Ұлыбританияның Одақтан шығу ықтималдығына наразылығы ретінде қабылдануда. BNE тобы Ұлыбританияның Еуропалық одақтағы реформаланған, ашық және бәсекелес еркін нарығы ретіндегі мүшелігі мәртебесін қолдайтын іскерлік топтар өкілдерінен тұрады.  

The Telegraph газетінде Т.Блэрдің баяндамасы жөніндегі мақалада автор Дж.Рандалл «Т.Блэрдің жаңа «проеуропалық» кампаниясын ірі бизнестің қолдауы тек жеке мүддені қорғаушылық» деп сынға алуда. Дж.Рандалл жуырда өткен Британ өнеркәсібінің конфедерациясында ірі бизнес өкілдерінің ЕО Ұлыбританияның халықаралық саудасы үшін маңыздылығын басшылыққа алуында бірқатар факторлар ескерілмеуде деп атап көрсеткен. Атап айтқанда, Ұлыбританияның Еуропалық Одақ бюджетіне жылдық мүшелік жарнасы 10 миллиард фунттан асады (бұл елдің қорғаныс шығыстарының 25 пайызына тең). Елдің айлық сауда дефициті 4 миллиард фунттан асады. Еуропалық Одақтың Ұлыбританиямен  әр айдағы саудасы көлемінің 16 миллиард фунт құрауын ескерсек, еліміз Одақтан шыққан жағдайда Еуропалық Одақтың Ұлыбританиямен сауданы тоқтата қоятындығы қисынды емес екендігі түсінікті.

Елдің Еуропалық Одақтан шығуын жақтаушы құрылымдардың бірі Кіші және орта бизнес федерациясының өкілі кіші бизнестер Еуропалық Одақтың заңнамасынан қиналатындықтарын, соның ішінде, жұмыспен қамтамасыз етудегі, қоршаған ортаны қорғау, денсаулық сақтау, қауіпсіздік саласындағы таусылмайтын шектеулер мен реттеулер бизнестің кеңеюіне кедергі болары сөзсіз деп Т.Блэрдің Одақта мүшелікті сақтау қажеттігі ұстанымы сынға алынуда.

ҚР Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия

Құрама Корольдігіндегі Елшілігі

Қосылған : 20.11.2013, 11:51, Өзгертілген : 8.05.2014, 01:58