Лорд Гарри Вулф. АХҚО Сотының пайымы

Мәртебелі Лорд Вульф СН

АХҚО Сотының пайымы

АХҚО Сотының пайымы – дауларды шешу үшін «бірыңғай терезе» қағидатын жолға қойып, АХҚО-дағы және Еуразия өңіріндегі коммерциялық дауларды шешу жөніндегі жетекші сотқа айналу. Ол Қазақстан Республикасын және АХҚО-ны бизнес жүргізу үшін қолайлы бағыт ретінде ілгерілететін болады.

Бұл тараптарға олардың географиялық орналасқан жеріне қарамастан, келісім шарттар арқылы келісу немесе жекелеген келісімдер жасасу жолымен АХҚО Сотына айрықша юрисдикция ұсынуға мүмкіндік береді.

АХҚО Соты ұлттық соттардың юрисдикциясын олардың азаматтық құқық жүйесімен бірге толықтырады. Жалпы құқықтың ағылшын тіліндегі сотының болуы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ұлттық соттардың азаматтық құқығының қазір бар юрисдикциясы инвесторлардың сенімін арттырады.

«АХҚО туралы» Конституциялық заңға сәйкес АХҚО Сотының тілі ағылшын тілі екенін біз жақсы білеміз. Ол коммерциялық мәселелермен байланысты дауларды шешуге маманданған халықаралық сот төрағаларынан тұрады. Сол себепті бізге сот төрағаларымен бірге құқықтың үстемдігін нығайту үшін Қазақстан Республикасына қызмет ету құрметі берілген.

Сот төрағаларының міндеттері көптеген жылдар бойы Англия мен Уэльстің коммерциялық соттары және Жоғары соты (EWHC) қолданып келген және әзірлеген сот стандарттары мен құқықтық қағидаларды ұстану болып табылады. АХҚО Сотына тағайындалған сот төрағалары Англия мен Уэльстің Жоғары сотының тәжірибесі туралы жақсы біледі. Олар АХҚО сотында сол стандарттарды ілгерілететін болады.

Біз АХҚО Сотына сот төрағаларын іріктеу жүйесін АХҚО Басшысымен келіскен болатынбыз. Бұл Сотты қалыптастыру кезіндегі менің ең күрделі және маңызды міндетім болды, өйткені сот төрағалары АХҚО Сотындағы сот төрелігінің сапасын қамтамасыз етудегі көзі бола отырып, аса жоғары деңгейдегі сот төрағалары болуға тиіс болатын. Қақтығыс тараптары, егер сот билігіне сенбейтін болса, сотқа жүгінгісі келмейтіні белгілі. Тиісінше, осындай сапа артықшылығын Қазақстан Президентінің күтетіні де даусыз.

Англия мен Уэльсте сот төрағаларына қойылатын заңнамалық нормалар қатал және төраға тағайындалуға тиіс соттың деңгейіне қарай өзгеріп отырады.

Нұр-Сұлтанда АХҚО Сотының Бас төрағасы қызметіне немесе АХҚО Сотының аға төрағаларының басқа да санаттарының біріне ұсынылатын үміткердің тағайындалу сәтіндегі жасы қырықтан кем болмауға тиіс. Олар тағайындалу сәтінде жалпы құқық саласында қажетті білімді және жалпы құқық жүйесіндегі заңгер немесе төраға ретіндегі жұмыс тәжірибесінің, жақсы беделінің болуы және ағылшын тілінде еркін сөйлей және жаза білуі тиіс[1]. Шағын дау-шаралар Сотына (SCC) үміткердің тағайындалу кезіндегі жасы отыздан кем болмауға; жалпы құқық саласында қажетті білімді және жалпы құқық жүйесіндегі білікті заңгер немесе төраға ретіндегі жұмыс тәжірибесінің, жақсы беделінің болуы және ағылшын тілінде еркін сөйлей және жаза білуі тиіс[2]. Бұдан басқа, коммерциялық және қаржылық сот талқылауларын жүргізу тәжірибесінің болуы оған артықшылық береді. АХҚО Сотының 2017 жылғы Регламентіне сәйкес тұрғылықты жері және баламалы жұмыспен қамтылуы бойынша шектеулер жоқ.

Олар ағылшын құқығын қолданып жүргендіктен, біз бірінші кезекте қарастырған үміткерлердің ағылшын сот жүйесінің мүшелері және өз саласындағы көрнекті өкілдері болып табылады. Соның нәтижесінде, сот алқасының құрамына Англия соттарының қиянатқа бармайтындығымен, тәжірибелілігімен және әділдігімен белгілі аса көрнекті төрағалары кіреді. Алайда уақыт өте келе төрағалар Қазақстан Республикасынан жиірек тағайындалып жатыр.

Жоғары деңгейдегі дауларды шешу.

Сотты таңдау кезінде тараптар ескеруі мүмкін негізгі факторлар мыналар болып табылады[3]:

- сот құзыреттілігі – осындай сала мен дауларды түсіну, одан хабардар болуы және олармен жұмыс істеу тәжірибесі, осының барлығы тараптар үшін уақытты және шығындарды үнемдеуі мүмкін;

- уақытты үнемдеу – дауларды жедел шешу сот шығындарын азайтады;

- әділдік – дауларды шешудің әділ, ашық және риясыз процесі;

- сот шығындары – адвокаттардың жалақысы, көлікке, аудармашыларға жұмсалған және басқа да шығындар;

- түпкілікті сипат – егер үкім/шешім осының бәрі апелляция үшін әлі ашық болса, бұл даудың түпкілікті шешімін алу үшін қажетті уақытты және шығындарды ұлғаюы мүмкін;

- құқық қолдану – құқық қолданудың ұзақ процесі белгісіздікті ұзартуы және қосымша шығыстарға әкеп соқтыруы мүмкін; сондай-ақ

- таныс сипат – таныс рәсімдік қағидалар мен процестер тараптарға жақсы дайындалуға және өз істерін тиімді іске асыруға мүмкіндік береді.

Бұл тұрғыдан алғанда АХҚО Соты төрағаларының күрделі коммерциялық және азаматтық дауларды шешуде айтарлықтай тәжірибесі; қаржы, құрылыс, сауда, сақтандыру, ИҚ, энергетика, жер қойнауын пайдалану және шарттық құқық сияқты кәсіптің негізгі салалаларында маманданған сот алқасы бар.

Шағын дау-шаралар соты неғұрлым құндылығы төмен істер үшін жеделдетілген рәсімді білдіреді және онда бірінші инстанциядағы сотта (БИС) бір ғана апелляция қол жетімді болады.

АХҚО Сотының шешімдері мен қаулылары Қазақстан Республикасында ұлттық соттардың шешімдері мен қаулылары сияқты, сондай-ақ халықаралық деңгейде негізгі шешуші ойыншыларға қатысты орындалады; АХҚО Сотының қағидалары ағылшын рәсімінің қағидаттарына негізделеді және олар халықаралық заңгерлерге таныс.

АХҚО құқығы ағылшын құқығының қағидаттарына және халықаралық жетекші қаржы орталықтарының стандарттарына негізделген. Ол мынадай артықшылықтарды ұсынады:

- даудың қалай шешілуі мүмкін екендігіне сенімділік және оны алдын ала болжау қабілеті;

- АХҚО құқығының негізі ағылшынның жалпы құқығы болып табылады; сондай-ақ

- АХҚО Соты төрағаларының АХҚО құқығын қолдана алу және түсіндіре алу мүмкіндігін білдіретін табиғи қабілеті.

Тараптар келісімшарттың реттеуші құқығы ретінде шетелдік заңдарды да таңдап алуы мүмкін, алайда олардың шетелдік заңдардың әртүрлі интерпретанциялануы мүмкіндігімен байланысты тәуекелдер жайлы естен шығармауы қажет, ал ол ұзақ және қымбат тұратын талқылауларға әкеп соқтыруы мүмкін.

Реттеуші құқық материалдық құқықты айқындайтын кезде, юрисдикция туралы жақсы әзірленген ескертпе рәсімдік мәселелерді реттеуі мүмкін. Мысалы, егер тараптар АХҚО Сотын таңдап алса, онда рәсімдер АХҚО Сотының Қағидаларымен реттелетін болады. Осының негізінде мен АХҚО Сотының Қағидаларының тараптар үшін ұсынатын артықшылықтарын қарастырғым келеді.

Мен, 1996 жылы жарияланған, «Сот төрелігіне қол жеткізу»[4] атты қорытынды баяндамамда сот төрелігіне қол жетімділікті қамтамасыз ету үшін азаматтық сот төрелігі жүйесі сәйкес келуге тиіс бірқатар қағидаларды айқындаған болатынмын. Бұл қағидалар қазіргі кезде АХҚО Сотында қолданылып жүр. Олар сот төрелігі жүйесінің:

а) өз нәтижелерінде әділ болуын;

b) өзінің қақтығыс тараптарына қатынасы бойынша әділ болуын;

с) ақылға қонымды құн бойынша тиісті рәсімдерді ұсынуын;

d) істермен ақылға қонымды жылдамдықпен айналысуын;

е) оны пайдаланатындар үшін түсінікті болуын;

f) оны пайдаланатындардың қажеттіліктеріне ден қоюын;

g) нақты істің сипаты қаншалықты мүмкіндік берсе, соншалықты сенімділікті қамтамасыз етуін; сондай-ақ

һ) тиімді, ресурстармен тиісті дәрежеде қамтамасыз болуын және ұйымдастырылған болуын көздейді.

2018 жылы АХҚО Сотының Қағидаларында мынандай қағидаттар көзделген:

а) тараптарды, мүмкіндігінше сот талқылауына баламалар қабылдау жолымен, дауды реттеуге итермелеу. Мысалы, Шағын дау-шаралар сотында тараптар сотқа дейін дауды келісім бойынша реттеу мақсатында кеңестер сұрауы мүмкін[5];

a)b) сот процесі барынша кооперативті. Мысалы, тараптың өтініші бойынша АХҚО Соты құжаттар бойынша іс жүргізу туралы шешімді талқылаулар басталғанға дейін қабылдауы мүмкін;[6]

с) күрделі емес рәсімдер;[7]

d) сот талқылауларының мерзімдері тіркелген және айқындалған болып табылады. Барлық істер АХҚО Соты белгілеген және бақылайтын уақыт кестесіне сәйкес сотқа берілетін болады;[8]

е) сот процесі неғұрлым арзан тұратын, болжамды және жекелеген істердің құнына және күрделілігіне мөлшерлес болып табылады;[9]

f) қаржылық мүмкіндіктері шектеулі тараптар сот талқылауларын барынша тең негізде өткізуі мүмкін. Өздерінің заңды өкілдері жоқ тараптар кеңесшілік қызметтерден және АХҚО Сотынан қосымша көмек алуы мүмкін;

g) АХҚО Сотының құрамы және оның төрағаларын бөлу тараптардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға арналған. Күрделі емес және болмашы талаптарды Шағын дау-шаралар соты қарайды. Неғұрлым күрделі талаптарды БИС-тің тәжірибелі және маманданған төрағалары[10] қарайды. Бұл тиімді жұмысты қамтамасыз етеді, сонымен қатар;

һ) АХҚО Соты тараптардың мұқтаждықтарына ден қояды[11].

АХҚО Сотының перспективалары және халықаралық миссиясы.

АХҚО Соты өз қызметін 2018 жылы ғана бастады. Ол өзінің алдына АХҚО-дағы және Еуразия өңіріндегі азаматтық және коммерциялық дауларды шешу бойынша жетекші сотқа айналу мақсатын қойды.

Оған халықаралық байланыстарды дамыту, инновациялар енгізу және білім мен тәжірибені қолдану ықпал ететін болады.

Ол бүкіл әлемде өздерінің риясыздығымен, тәжірибесімен, айрықша жетістіктерімен және әділдігімен, сондай-ақ АХҚО Сотын қамтамасыз ететін әкімшілендіру қасиетімен танымал судьялардың сапасымен расталады. Сот төрелігі қамтамасыз етіліп қана қоймай, сонымен бірге мойындалатын да болады.[12]

АХҚО Сотының тағы бір ерекшелігі «электрондық сот төрелігі» ретінде белгілі болған істерді басқарудың осы заманғы жүйесін әзірлеу болып табылады. Бұл дауларды жедел және тиімді шешуді қамтамасыз етеді.

Осы процестің шеңберінде АХҚО Соты басқа сот органдарымен, соттармен және ұйымдармен ынтымақтастық орнатуды және оны қолдауды жалғастыратын болады. АХҚО Соты Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотымен, Әділет министрлігімен, Бас прокуратурасымен және Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасымен құқық үстемдігін нығайтуды және АХҚО Соты шешімдерінің тиімді орындалуын мақсат етіп қойған бірлескен бастамаларды іске асыруға бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды.

АХҚО Соты ҚАЗГЗУ және КИМЭП сияқты ұлттық университеттерімен белсенді түрде ынтымақтастық жасап жатыр. 2018 жылы АХҚО-сот төрағаларының: Мәртебелі Сэр Робин Джейкобтың, Мәртебелі Сэр Стивен Ричардстің және АХҚО Сотына шақырылған Біріккен Корольдіктің Жоғарғы Соты Төрағасының бұрынғы орынбасары Мәртебелі Лорд Мэнстің қатысуымен жас болашақ заңгерлердің арасында өткен сот талқылауы жөніндегі байқау[13] осының нәтижесі болып табылады.

АХҚО Соты пайдаланушылардың қажеттіліктеріне ден қоя алуы үшін АХҚО Сотын пайдаланушылар комитеті де 2018 жылы құрылған болатын. Қазақстанның адвокаттар қауымдастығымен тығыз қатынастар жолға қойылып жатыр.

Халықаралық қатынастар мен халықаралық мойындаудың да маңыздылығы жоғары бағаланады, сондықтан АХҚО Соты Коммерциялық соттардың тұрақты халықаралық форумы тобына (SIFoCC) қатысады және 2017 жылы Лондонда және 2018 жылы Нью-Йоркте өткен екі халықаралық іс-шараға қатысты.

АХҚО Соты Қазақстан Республикасының «Бір белдеу – бір жол» бастамасына («БББЖ») қатысуын да пайдаланатын болады.

АХҚО Соты 2018 жылы өзінің алғашқы білім беру бағдарламасын өткізді және АХҚО Сотының 2017 жылғы Регламентіне сәйкес келесі жылдары да осы бағдарламаны кеңейтуді жалғастырады.

АХҚО Соты дауларды баламалы шешуді ілгерілету үшін ХТО-мен де ынтымақтастықты жалғастырады және керісінше жағдайда дауларды реттеумен айналыса алмайтын тараптар үшін сот төрелігіне қол жетімділікті кеңейту бойынша қоғамдық бастамалардағы жұмысты көтермелейтін болады.

Сілтемелер:

1. АХҚО Сотының 2017 жылғы Регламенті,12(6) бап.

2. АХҚО Сотының 2017 жылғы Регламенті,12(7) бап.

3. EvaLein, RobertMcCorquodale, Lawrence McNamara, HaykKupelyants, José del Rio, 'Factors Influencing International Litigants' Decisions to Bring Commercial Claims to the London Based Courts', 2015, UK Ministry of Justice Analytical Series.

4. The Rt. Hon. the Lord Woolf of Barnes, Master of the Rolls, 'Access to Justice – Final Report', July 1996.

5. АХҚО Сотының 2018 ж. Қағидалары, R.28.17.

6. АХҚО Сотының 2018 ж. Қағидалары, R.17.28.

7. АХҚО Сотының басты мақсаты (қар. АХҚО Сотының 2017 Регламенті, 8-бап және қар. АХҚО Сотының 2018 ж. Қағидалары, 1.6-қағида) – қажеттегіден көп емес ресурстарды пайдалана отырып, істің жедел және тиімді қаралуын қамтамасыз ету. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін АХҚО Соты АХҚО Сотының 2018 ж. Қағидаларының 1.88-қағидасына сәйкес кез келген процестік талапты қабылдамауы мүмкін.

8. АХҚО Сотының 2018 ж. Қағидаларының 16.18-қағидасына сәйкес талапкер сот талқылауы графигінің жобасын дайындауға және оған барлық басқа тараптардың келісімін сұратуы тиіс және сот талқылауы кестесі жобасының көшірмесін сотқа дейін қарау үшін белгіленген күнге дейін екі күннен кешіктірмей ұсынуға тиіс. Кез келген басқа тараптың кестеге қатысты көз қарасының кез келген қайшылықтары нақты айқындалуға тиіс.

9. АХҚО Сотының 2018 ж. Қағидаларының 1.6-қағидасының 4-тармағына сәйкес АХҚО Сотының басты мақсаты: а) тиісті ақша сомасына; б) істің маңыздылығына; в) мәселелердің күрделілігіне және г) әрбір тараптың қаржылық жағдайына теңбе-тең тәсілдермен істі қарау болып табылады. Осыған байланысты АХҚО Соты №1 Тәжірибелік нұсқау басып шығарды: алымдарды талаптың құнына және күрделілігіне қарай белгілейтін АХҚО сот алымдары.

10. АХҚО Соты сот төрағаларының құрылыс, жер қойнауын пайдалану, коммерциялық алаяқтық, сақтандыру және қайта сақтандыру, кәсіби ұқыпсыздық, коммерциялық трасттар, банк ісі, қаржы қызметтері, бәсекелік құқық, реттеу заңнамасы, ИҚ, шарттық құқық сияқты салалардағы коммерциялық және азаматтық дауларды шешуде айтарлықтай тәжірибесі және білімі бар.

11. АХҚО Соты басынан бастап Сот пайдаланушылары комитетін құрды, оның құрамына халықаралық және ұлттық фирмалардың өкілдері кіреді.

12. RvSussexJustices, exparteMcCarthy [1924] 1 KB 256.

13. 2018 жылғы 17 қазанда АХҚО Сотында қазақстандық заңгер-студенттердің арасында алғашқы сот байқауы болып өтті. Байқауда заңдық дәлелдемелерді талдауды және ауызша білдіруді талап ететін жалпы құқық мәселесі қаралды.

__________________________________________________

АВТОР ТУРАЛЫ. АХҚО Сотының Бас судьясы. Мәртебелі Лорд Вульф CH – АХҚО сот корпусының басшысы. Ол құқықтанудың британдық жаңа тарихының ең ықпалды судьяларының бірі және жалпы құқық, сот ісін жүргізу мен дауларды шешу, сондай-ақ заңдық білім беру саласындағы жаһандық тұлға болып табылады.

Қосылған : 13.06.2019, 11:50, Өзгертілген : 13.06.2019, 11:50