Лондондағы бос жұмыс орындар жәрмеңкесі қазақстандық студенттер үшін жаңа мүмкіндіктер ашты

ЛОНДОН, 2019 жылғы 4 мамыр – Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшілігінің бастамасымен және «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ (Қор) қолдауымен Лондондық университеттік колледжі (University College London, UCL) базасында Ұлыбританиядағы қазақстандық студенттер үшін екінші бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті.

Жәрмеңкені ұйымдастыруға Ұлыбританиядағы қазақстандық студенттер қауымдастығы (Kazakhstan Student Society in the UK), Ұлыбританиядағы қазақстандық докторанттар қауымдастығы, сондай-ақ UCL қазақстандық студенттер қауымдастығы (UCL KazSociety) белсенді қатысты.

Іс-шараның ашылу салтанатында сөйлеген Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшісі Ерлан Ыдырысов жәрмеңкенің Жастар жылы аясында өткізіліп, Қазақстандағы компанияларға жоғары білікті кадрларды тарту мақсатында ұйымдастырылғанын атап өтті. Бұл, өз кезегінде, Қазақстан экономикасының дамуына және еліміздің әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосылуына қомақты үлес қосады.

Британдық жоғары оқу орындарында оқитын 150-ге жуық қазақстандық студент «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ және «Қазпошта» АҚ сияқты портфельдік компанияларындағы, сондай-ақ «Шелл Қазақстан» энергетикалық компаниясындағы іріктеу талаптары мен жұмыс шарттары туралы ақпарат алу мүмкіндігіне ие болды.

Қордың Стратегиялық даму жөніндегі басқарушы директорының міндетін атқарушысы Ләззат Боранқұлова компанияеың негізгі жұмыс бағыттары, стратегиялық мақсаттары және ірі жобалары туралы егжей-тегжейлі баяндап берді.

«Шелл Қазақстан» компаниясының Еңбек ресурстарын басқару жөніндегі менеджері Алмагүл Қазбаева студенттерге компанияның рекрутинг процесі туралы айтып, түйіндемені қалай дұрыс құрастыруға, сұхбатқа дайындалуға және жалпы сұхбат жүргізу барысында өз-өздерін қалай ұстау керектігі туралы пайдалы кеңестер берді. Ал «Шелл Қазақстан» компаниясының Солтүстік Каспий жобасын басқару жөніндегі аға менеджері Алум Кимбер компаниядағы жұмыс тәжірибесімен және мансапты құру тәжірибесімен бөлісті.

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, «Қазпошта» АҚ және Қор жанындағы HR сараптама орталығы мен Әлеуметтік өзара ықпалдастық және коммуникация орталығының адам ресурстарын басқару жөніндегі сарапшылар командалары студенттерге жәрмеңкеде ұсынылған компаниялардағы корпоративтік мәдениет пен өсу перспективалар туралы айтып берді. Сондай-ақ студенттерге «Қазпошта» АҚ-ның бизнес мәселелерін шешудегі өз дағдыларын көрсетуге мүмкіндік берілді.

Жәрмеңке аясында студенттер Лондонның Корольдік колледжінің докторанты Карина Бектурдың тиімді нетворкинг тақырыбындағы мастер-классына қатысты.

Презентациялар сериясынан кейін студенттер компания өкілдерімен жеке сөйлесуге, сауалнамаларды толтыруға, түйіндемелерін ұсынуға, сондай-ақ бос жұмыс орындарға орналасуға сұхбаттан өтуге мүмкіндік алды.

Бірінші бос жұмыс орындар жәрмеңкесін өткен жылдың көктемінде ҚР Елшілігі «Royal Dutch Shell» компаниясымен және «Астана» халықаралық қаржы орталығымен (АХҚО) бірлесіп сәтті өткізді. Бірінші жәрмеңкеге қатысушылар арасында АХҚО Басқарушысы Қайрат Келімбетов, «Шелл Қазақстан» компаниясының Даму жөніндегі бас менеджері Прадип Нарасимхан және «Шелл Қазақстан» компаниясының Адами ресурстары жөніндегі директоры Наталия Петровичева болды.

Қосылған : 5.05.2019, 17:25, Өзгертілген : 5.05.2019, 17:25