Кәріпбек Күйіков Лондонда антиядролық іс-шараларға қатысуда

ЛОНДОН, 2019 жылғы 9 қыркүйек – АТОМ (Abolish Testing. Our Mission) Жобасының Құрметті елшісі Кәріпбек Күйіков Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күніне арналған іс-шараларға қатысу мақсатымен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігіне сапар шегуде. Аталған іс-шараларды Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшілігі «Ядролық қаруды таратпау және жою үшін парламентарийлер» (Parliamentarians for Nuclear Non-Proliferation and Disarmament, PNND) ұйымының  қолдауымен ұйымдастырған.

Сапар аясында Ұлыбритания Парламентінде брифинг және К.Күйіковтің суреттері көрмесінің ашылуы өткізілді. Сонымен қатар К.Күйіков «Ядролық қарусыздану науқаны» ұйымымен (Campaign for Nuclear Disarmament, CND) бірлесіп, Қазақстанның Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартты (Шарт) ратификациялауына орайластырылған семинарда сөз сөйледі.

Іс-шараларға қонақ ретінде британдық парламентарийлер, британдық Форин-офис, дипломатиялық корпус және БАҚ өкілдері, бизнесмендер, мәдениет қайраткерлері, сондай-ақ Ұлыбританияда жұмыс істейтін және білім алатын қазақстандықтар қатысты.

Британдық Парламенттегі брифинг пен көрменің ашылуында спикерлер ретінде К.Күйіков, Ұлыбритания Парламенті Лордтар палатасының мүшесі және PNND Тең төрағасы Баронесса Сьюзан Миллер, Қауымдастықтар Палатасының мүшесі және Қазақстанмен ынтымақтастық жөніндегі көппартиялық парламенттік топтың төрағасы Боб Стюарт, сондай-ақ Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшісі Ерлан Ыдырысов сөз сөйледі.

К.Күйіков өз сөзінде 1949-1991 жылдар аралығында Қазақстанда жүргізілген ядролық сынақтардың ауыр зардаптары туралы айтып, қатысушыларға ядролық сынақтарға тыйым салуға шақыратын АТОМ Жобасының онлайн-петициясына қол қоюға шақырды.

«Мен бірлескен күш-жігерімізбен ортақ мақсатымызға, яғни ядролық қаруға толық тыйым салуға қол жеткізе алатынымызға сенемін. Сонымен бірге, мүмкін, бұл аңғырт болып саналатын шығар, бірақ науқас балалар туылған, балалар қайтыс болған отбасыларды өз көзіммен көрген адам ретінде мен ядролық қарудың және ядролық сынақтың соңғы құрбаны мен болғанымды қалаймын», – деді К.Күйіков.

Баронесса С.Миллер Қазақстанның ядролық қарусыздану және таратпау саласындағы бастамаларын, соның ішінде Қазақстан ұсынған және 2009 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы бірауыздан қолдаған 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл халықаралық күні деп жариялау туралы қарарды жоғары бағалады.

Дәл осы күні 1949 жылы Семей сынақ полигонында алғашқы рет ядролық бомба жарылды, ал 1991 жылы аталған полигон тәуелсіздігін әлі алмаған Қазақстанның Президенті Н.Назарбаевтың жарлығымен жабылды.

«Ядролық сынақтар мен ядролық соғыстың гуманитарлық салдарын түсіндіріп, БҰҰ-ны, оның ішінде Ұлыбританияны, осы күнді жариялау идеясын бірауыздан қолдатқаны үшін Қазақстанға ерекше алғыс айту керек. Бұл ең адамгершіліктен тыс қару-жарақтың мүлдем жағымсыз табиғатын мойындау жолындағы маңызды қадам», – деді Баронесса С.Миллер.

Сонымен қатар ол PNND бастаған және Қазақстан белсенді қатысатын ядролық қарудың қауіп-қатерін азайту мақсатындағы бастамалар туралы айтты. Олардың ішінде Шартты ратификациялау, ядролық қарудан бос аймақтар құру, Швеция мен бірге Қазақстанды қоса алғанда 15 ел басқаратын «Stepping Stones» бастамасы бар. Оның мақсаты – ядролық державаларды халықаралық шарттарға сәйкес қарусыздану жөніндегі өз міндеттемелерін орындауға итермелеу.

Елші Е.Ыдырысов тыңдаушылардың назарын әлемдегі нашарлап жатқан саяси жағдайға аударды. Ядролық державалар арасындағы сенім тапшылығы, Таяу Шығыс пен Африкадағы қақтығыстар, Корей түбегіндегі шиеленіс пен ирандық ядролық бағдарлама жөніндегі келісім тағдырының түсініксіз болуы, қазақстандық дипломаттың айтуынша, терең алаңдаушылық туғызады.

«Осы жағдайда біз жаһандық тәуекелдерді мұқият бағалап, оларды жою үшін күш-жігерімізді біріктіруіміз керек. Болашақ ұрпаққа қандай әлем қалдыратынымызды шындап ойлануымыз қажет. Сол себептен ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу – біздің халықаралық күн тәртібімздегі басты мақсатымыз болып табылады», – деді Е.Ыдырысов.

Сонымен қатар ол әлемдегі төртінші ірі ядролық арсенал иегерінен ядролық қарусыздану және таратпау саласындағы көшбасшы ел дейінгі жол өткен Қазақстан өзгелерге үлгі бола алар екендігін атап өтті.

Қазақстанның Шартты ратификациялауына арналған семинарда К.Күйіков және Е.Ыдырысовпен бір алаңда CND Бас хатшысы Кейт Хадсон және CND Патроны мен ақын Энтони Оуэн сөз сөйледі.

«БҰҰ-ның ядролық қарусыздану туралы шартының пайда болуы қарусыздану ісіндегі үлкен жетістік болды. Қазақстанның бұған қол жеткізу үшін жасаған жұмысының маңызы зор», – деді К.Хадсон.

CND Бас хатшысы сондай-ақ Қазақстанның Семей полигонындағы ядролық сынақтардан көрген азабын қайғылы оқиғалардан сабақ алып, ауыр зардаптарға жарық түсіріп, ядролық сынақтарға қарсы белсенді іс-қимыл бастауға деген жігерлілікке айналдырғанын атап өтті.

Ал ақын Э.Оуэн ядролық қарудың және ядролық сынақтың адамсыз табиғаты туралы өзінің өлеңімен тыңдаушыларды таң қалдыртты. Ол К.Күйіковке өзінің соңғы өлеңдер жинағын, Хиросимада аман қалғандардан екі хат және Ковентри кафедралы соборының Басшысы Джон Уиткомның хатымен бірге бейбітшілік сыйлығын сыйлады.

Сапар аясында К.Күйіков Эдинбургке барып, Шотландияның Парламентінде сөз сөйлеп, Шотландияның Бірінші министрінің орынбасары және Білім министрі Джон Суиннимен кездеседі.

АТОМ жобасының Құрметті елшісі сондай-ақ Манчестерде қаланың Лорд-мэрі Абид Латиф Чоханмен кездеседі. Сонымен қатар ол «Ядросыз жергілікті өкіметтер» (Nuclear Free Local Authorities, NFLA) және «Ұлыбритания мен Ирландияның мэрлері, провостары мен көшбасшылары бейбітшілік үшін» (UK and Ireland Mayors, Provosts and Leaders for Peace Chapter) бірлестіктері ұйымдастырған семинарда сөз сөйлейді. Семинардың тақырыбы ядролық қарудың гуманитарлық зардаптары, зияны және қауіптілігі болады.


Анықтама: АТОМ Жобасы – халықаралық бастама. Оның түпкі мақсаты – ядролық сынақтардан азат әлемге қол жеткізу. Бастаманы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев 2012 жылы ұсынды. Тәжірибелік тұрғыда АТОМ Жобасы әлемдік көшбасшыларға ядролық сынақтарға тыйым салуға шақырумен онлайн-петицияға қол қоюды ұсынады.

«Ядролық қаруды таратпау және жою үшін парламентарийлер» ұйымы –  ұлттық және халықаралық деңгейлерде ядролық қаруды таратпау және қарусыздану мақсатында идеялар мен материалдарды тарату, бірлескен стратегияларды дамыту және мәселе талқылауға, бастамалар және платформаларға қатысу үшін парламентшілердің тәуелсіз форумы.

«Ядролық қарусыздану науқаны» ұйымы – Біріккен Корольдіктің бір жақты ядролық қарусыздануын, халықаралық ядролық қарусыздануды және Ядролық қаруды таратпау туралы шарт сияқты келісімдер арқылы әлемдегі қару-жарақты барынша қатаң реттеуді насихаттайтын ұйым. Ол Біріккен Корольдіктің аумағында ядролық, химиялық немесе биологиялық қаруды пайдалануға және АЭС салуға әкеп соқтыруы мүмкін әскери іс-қимылдарға қарсы әрекет етеді.

Қосылған : 10.09.2019, 15:40, Өзгертілген : 10.09.2019, 15:40