​Астана процесі туралы қысқа анықтама

ЖАЛПЫ АҚПАРАТ

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Сириядағы жанжал тараптары арасындағы атысты тоқтату туралы келіссөздер өткізу орны ретінде Астана қаласын ұсынды. Бүгінгі таңда, елордада Сирия жанжалын реттеу жөнінде төрт халықаралық кездесу өтті. Бесінші кездесу 2017 жылғы 4-5 шілдеде өтуде. Қақтығысты дипломатиялық диалог үнқатысу реттеуге қосқан Астананың үлесін Біріккен Ұлттар Ұйымы мен көптеген әлемдік көшбасшылар мойындап отыр. Астана процесі Женевадағы келіссөздерді толықтырады; екеуі Сириядағы қақтығыстың бейбіт және тұрақты шешуін қамтамасыз етуге арналған.

  • 2017 жылғы 23-24 қаңтар (Бірінші кездесу)

Бұл кездесу 2016 жылғы 30 желтоқсанда қол қойылған атысты тоқтату туралы келісімді нығайту мақсатында ұйымдастырылды. Ресей, Иран және Түркияның қолдауымен Сирияның қарулы оппозициясы мен Сирия үкіметінің өкілдері арасында жанама келіссөздер өтті. БҰҰ делегациясы дәнекер ретінде қатысты. АҚШ делегациясы байқаушы ретінде қатысты. Бұл келіссөздер Сирия үкіметі мен қарулы топтар өкілдерінен құралған оппозициялық делегация қатысқан алғашқы келіссөз болып табылады.

Нәтижелер

Кепілгер мемлекеттер Сириядағы атысты тоқтатуды бақылаудың үшжақты тетігін құруға келісті; «ДАИШ» және «Әл-Нусра майданына» қарсы күресте ынтымақтасуға дайындығын білдірді; Астана алаңында нақты мәселелер бойынша кездесулер өткізу туралы уағдаласты.

БҰҰ Бас хатшысының Сирия жөніндегі арнайы өкілі Стаффан де Мистураның айтуынша, «Қазақстан халықаралық аренадағы ең күрделі жағдайларды шешу үшін өз күш-жігерін көрсетті»... [және] БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшелігі Сирия қақтығысын шешуге қосымша мүмкіндік береді».

  • 2017 жылғы 15-16 ақпан (Екінші кездесу)

Бұл келіссөздерге үш кепілгер мемлекет – Ресей, Иран және Түркия, сондай-ақ Сирия үкіметі мен қарулы оппозицияның өкілдері қатысты. БҰҰ, АҚШ және Иордания делегациялары байқаушы ретінде қатысты.

Нәтижелер

Кепілгер мемлекеттер БҰҰ-ға есеп беретін, атысты тоқтату режимін сақтау мониторингі жөнінде Бірлескен жұмыс тобын құруға уағдаласты; бітімге қосылған аумақтар туралы ереженің жобасын келісті; тұтқындар алмасу туралы ереженің жобасын талқылады.

  • 2017 жылғы 14-15 наурыз (Үшінші кездесу)

Кездесуге Ресей, Түркия және Иран өкілдері, сондай-ақ Сирия үкіметінің делегациясы қатысты. БҰҰ, АҚШ және Иордания делегациялары байқаушы ретінде қатысты.

Нәтижелер

Кепілгер мемлекеттер Сириядағы атысты тоқтатудың жай-күйін және бітімге қосылған аумақтардағы жағдайды қарастырды; тұтқындар алмасу жөніндегі жұмыс тобы туралы ережені, Сирия конституциясы бойынша жұмыс тобын құрудың шарттарын, «ДАИШ» және «Әл-Нусра майданы» сияқты террористік топтардың және қарулы оппозициялық топтардың орналасқан жерлерін көрсететін бірыңғай картаны құру мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, Сириядағы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра объектілерін минадан заласыздандыру мәселесі қаралды.

  • 2017 жылғы 3-4 мамыр (Төртінші кездесу)

Астана процесінің төртінші кездесуіне Ресей, Иран және Түркия, сондай-ақ Сирия үкіметі мен Сирия қарулы оппозиция өкілдері қатысты. АҚШ, БҰҰ мен Иордания делегациялары байқаушы ретінде қатысты.

Нәтижелер

Кепілгер мемлекеттер Сирияда қауіпсіз аймақтарды құру туралы Меморандумға қол қойды. Меморандумға сәйкес, зорлық-зомбылықты дереу тоқтату, гуманитарлық жағдайды жақсарту және Сириядағы қақтығысқа саяси реттеу үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында Идлиб, Хомс, шығыс Гута, сондай-ақ Дераа және Кунейтра провинцияларында қауіпсіздік аймақтары құрылады.

Иран, Ресей және Түркия кепілгер мемлекеттердің делегациялары Сирияның егемендігіне, тәуелсіздігіне, бірлігі мен аумақтық тұтастығына өз бейілділігін растай отырып, Бірлескен мәлімдеме қабылдады. Сондай-ақ олар Сириядағы қақтығыстың шешімі саяси жолмен ғана мүмкін екеніне сенім білдірді.

  • 2017 жылғы 4-5 шілде (Бесінші кездесу)

Бесінші кездесу Астана қаласында 2017 жылғы 4 шілдеде басталды.

Қосылған : 4.07.2017, 16:45, Өзгертілген : 4.07.2017, 16:45