Қазақстан Республикасы мен Литва Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым- қатынастар орнағанына 25 жыл толуына орай КОММЮНИКЕ

2017 жылғы 15 маусымда Қазақстан Республикасы мен Литва Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар орнауының 25 жылдығы атап өттілмек.

Ширек ғасыр ішінде елдеріміз ынтымақтастықтың барлық бағыттары бойынша елеулі табыстарға қол жеткізді. Бұл — белсене дамып келе жатқан саяси диалогтың және халықаралық аренадағы өзара іс-қимылдың айқын көрінісі. Біздің елдеріміздің көптеген халықаралық мәселелерге қатысты ұстанымдары сәйкес келеді немесе ұқсас.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшелікке сайлау барысында Қазақстан мен Литва бір-біріне қолдау көрсетті.

Еуропалық Одақтың мүшесі ретінде, Литва Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасындағы ынтымақтастық пен кеңейтілген әріптестік туралы Келісімді ратификациялаған алғашқы елдердің бірі болды.

Литва әлемдік және дәстүрлі діндер мүшелері Сьезіне шақыруға қатысты Қазақстанның халықаралық бастамасын қолдап, осы Форумның жұмысына қатысады.

Экономикалық ынтымақтастық және даму Ұйымы (ЭЫДҰ) арқылы екі ел арасындағы өзара іс-қимылдың тиімдіжолы қалыптасты. ЭЫДҰ-ның толыққанды мүшесі болуға дайындала отырып, Литва Қазақстанға осы маңызды халықаралық құрылымда біздің мүддемізді ілгерілетуге дәйекті консультативтік көмек көрсетеді.

Халықаралық көрме бюросының мүшесі ретінде Литва қазақстандық «EXPO-2017» жобасына дауыс беріп, Көрменің белсенді қатысушысы болды.

Біздің өзара қарым-қатынастарымыздың, оның ішінде сауда-экономикалық, ғылым-білім және мәдени-гуманитарлық салаларда қомақты құқықтық база жинақталған.

Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссия, көлік және туризм жөніндегі жұмыс топтары, сондай-ақ «Қазақстан-Литва» Іскерлік кеңесі екі тараптың мүдделерін ілгерлетуші пәрменді тетік

болып табылады.

Жүк ағынын дамыту және әртараптандыру қажеттілігіне байланысты Қазақстандық-литвалық сауда-экономикалық қарым-қатынастарда транзит, көлік қатынастары мен логистика басым болып қала бермек. «Сәуле», «Балтық желі» және «Құрлықтық экспресс» контейнерлік поездарын іске қосу, сондай-ақ Қазақстанды «Викинг» жобасына қосу келешегі екі елдің көлік саласындағы ынтымақтастығының жаңа белестерін ашады.

Университеттер арасындағы, оның ішінде «Болашақ» Халықаралық бағдарламасы шеңберінде, сондай-ақ Қазақстан мен Литва ғылыми және мәдени орталықтары арасындағы байланыстар белсенді даму үстінде. Медициналық мекемелер арасында тәжірибе алмасудың тиімді тетігі құрылды. Қазақстанда көптеген адамдардың өміріне араша болған, әлемдік атағы бар литвалық кардиохирург, профессор Р.Бенетистің қызметі мұндай өзара іс-қимылдың жарқын үлгісі болып саналады.

Литваның «Нұрсәуле» қазақтар қауымы мен Қазақстандағы «Lituanica» Литва қоғамдық бірлестігі Қазақстан мен Литва арасындағы мәдени байланыстардың нығаюына елеулі үлес қосуда.

Екі ел халықтарының игілігі мен өсіп-өркендеуі үшін Қазақстан Литвамен өзара қарым-қатынастарды одан әрі тереңдетуге және кеңейтуге ниетті.

Қосылған : 14.06.2017, 00:00, Өзгертілген : 14.06.2017, 00:00