2017 жылғы 6 ақпанда Астанадағы Сирия жөніндегі кездесу қорытындысы бойынша ҚР СІМ баспасөз қызметінің түсініктемесі

2017 жылғы 6 ақпанда Астанада Ресейдің, Түркия мен Иранның жоғары деңгейдегі сарапшылары Астана процесі аясында Сирия үкіметі мен әскери оппозициялық топтар арасындағы келіссөздердің бірлескен техникалық тобының алғашқы отырысын өткізді. Сонымен қатар оған Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Иордания делегациясы қатысты.

Іскерлік және сындарлы жағдайда өткен бұл кездесу Сириядағы соғысты тоқтату режимін орнықтыру мәселелерін талқылау үшін құрылған Астана платформасының қажеттілігін көрсетті, оның Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауы мен беделінің арқасында құрылғаны белгілі. Елбасының бітімгершілік бастамалары және шиеленіскен жағдайларды реттеу мен әлем елдерінің арасындағы текетіресті жұмсартуға қосқан сүбелі үлесі халықаралық аренада кеңінен танымал.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі БҰҰ Бас хатшысының Арнайы өкілі Стаффан де Мистураның қолдауымен және оның белсенді қатысуымен ұйымдастырылған сириялық ахуалды реттеу жөніндегі Астанадағы кездесу Женева процесін қолдауға бағытталғандығын атап өтеді. Осы орайда техникалық топтың шамамен үстіміздегі жылғы 15-16 ақпанға жоспарланып отырған келесі отырысы БҰҰ аясында Женевалық бейбіт келіссөздердің кезекті раундын өткізуге қажетті жағдай жасауға мүмкіндік береді деп сенеміз.

Мүдделі тараптардың кездесуі үшін Қазақстанның алаң ұсынуы және Астананы бітімгершілік кіндігі ретінде көрсету біздің еліміздің 2017-2018 жылдардағы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде сириялық ахуалды реттеу процесіне қосқан нақты үлесі болып табылады. Қазақстан өңірлік және жаһандық қауіпсіздікпен байланысты мәселелерді іс жүзінде шешу үшін барлық күш-жігерін жұмсап, дәйекті түрде қадам жасайтын болады.

Қосылған : 9.02.2017, 05:25, Өзгертілген : 9.02.2017, 05:25