Халықаралық бала асырап алу жөніндегі шетелдік агентттіктерді Қазақстан Республикасында аккредиттеу тәртібі

Халықаралық бала асырап алу жөніндегі шетелдік агентттіктерді Қазақстан Республикасында аккредиттеу тәртібі

Қазақстан Республикасының аумағында бала асырап алу жөніндегі қызметті филиалдарын және (немесе) өкілдіктерін құру жолымен жүзеге асыратын агенттіктерді аккредиттеу тәртібі «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 
26 желтоқсандағы Кодексіне және «Бала асырап алу жөнiндегi агенттiктердi аккредиттеу қағидаларына» (бұдан әрі – қағидалар) сәйкес жүргізіледі.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті (бұдан әрі – уәкілетті орган) Қазақстан аумағында аккредиттелуі және аккредиттелген агенттік филиалын Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық бөлінісінің бірінде ашуға рұқсат алуы үшін бала асырап алу жөніндегі шетел агенттіктерінен құжаттарды қабылдайды.
Аккредиттеуден өткізу үшін шетелдік агенттік өз өкілін (бұдан әрі – сенімді адам) айқындайды, кейіннен ол Қазақстан Республикасындағы шетелдік агенттік филиалына (бұдан әрі – агенттік филиалы) басшылық ететін болады.
Құжаттарға қойылатын талаптар: шетелдік агенттіктің сенімді адамы туралы мәліметтер жинақталған құжатта тегі, аты, әкесінің аты, туған жері мен күні, азаматтығы, төлқұжат деректері немесе жеке басын куәландыратын өзге құжаттың деректері, тұрғылықты мекенжайы, салық төлеушінің нөмірі (бар болса), білімі, қызметі туралы мәліметтер, байланыс телефондары көрсетіледі.
Сенімхатта мыналар: сенімхаттың берілген күні, орны, қолданыс мерзімі, сондай-ақ сенімхат берген адамның және көрсетілген сенімхатқа сәйкес нақты іс-қимылдарды жүзеге асыруға өкілетті адамның реквизиттері (лауазымы, Т.А.Ә., төлқұжат деректері, тұрғылықты жері) көрсетілуі тиіс. Егер сенімхат белгісіз мерзімге берілсе, онда шетелдік агенттік орналасқан мемлекеттің заңнамасынан мұндай сенімхаттарды беру тәртібі мен қолданыс мерзімдері туралы үзінді ұсынылуы қажет. 
Бұдан басқа, сенімді адам Қазақстан Республикасының аумағында бала асырап алуға ықпал ету, сондай-ақ агенттік филиалының қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ұйымдастыру жөніндегі өкілеттіктерді иеленуі тиіс.
Шетелдік агенттіктің сенімді адамы уәкілетті органға өтініш пен құжаттарды жеті данада (2 түпнұсқа және 5 көшірме) ұсынады және олар Қағидалар тармақтарында белгіленген талаптарға сай келуі тиіс. Құжаттар тиісті шет елдің мемлекеттік тілінде ұсынылады, сондай-ақ қазақ және орыс тілдеріне аударылады.
Құжаттар топтамасының әр данасы аркалы тетігі бар жеке папкаға (түпнұсқа – тіркеуші папкаға (папка–сегрегатор) тігіледі. Папкаға салынған барлық парақтар жоғарғы оң жақ бұрышта араб сандарымен нөмірленеді. Әр папкада өзіне тіркелген құжаттардың ішкі тізімдемесі болуы тиіс.
Аккредиттеу туралы рұқсат алғаннан кейін сенімді адам агенттік филиалын республика өңірлерінің біріндегі әділет органдарында тіркейді. Құқықтық тіркелуі туралы құжаттардың көшірмелері Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетіне ұсынылады.
ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің байланыс телефондары: 
87172742341, 87172742342, мекенжайы: Орынбор көшесі, 8, Министрліктер үйі, 
11-кіреберіс, сайты www.bala-kkk.kz.

Қосылған : 26.11.2013, 10:55, Өзгертілген : 26.11.2013, 10:55