​Қазақстанның Елшісі Абзал Сапарбекұлы Түркия Парламентінің Төрағасы Мұстафа Шентоппен кездесті

АНКАРА, 2019 жылғы 3 сәуір - Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Мұстафа Шентоппен кездесті. Кездесу барысында Қазақстан мен Түркияның екіжақты және көпжақты ынтымақтастығына қатысты бірқатар мәселелер талқыланды.

А. Сапарбекұлы М. Шентопқа Қазақстанда соңғы уақытта орын алған маңызды оқиғалар туралы баяндап берді. Бұл ретте қазақ дипломаты елімізде саяси сабақтастықтың сақталып отырғандығына, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы ішкі және сыртқы саяси бағытының жалғасатындығына назар аударды. Қазақстан Елшісі биыл Елбасы ұсынған еуразиялық ынтымақтастық идеясына 25 жыл толып отырғанын айтып, М. Шентопқа алдағы қыркүйек айында Нұр-Сұлтанда өтетін Еуразия елдері парламент спикерлерінің 4-ші жиналысына ресми шақыру хатын табыстады.

Өз кезегінде, түрік Парламентінің спикері Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанды дамытудағы орасан зор роль атқарғанын тілге тиек ете отырып, Елбасының президенттік өкілеттікті тоқтату бойынша шешімінің стратегиялық маңыздылығына тоқталды. М. Шентоп Қазақстанның Тұңғыш Президентінің қазақ-түрік байланыстарын, сондай-ақ Түркі әлеміндегі ынтымақтастықты ілгерілетуге қосқан үлкен айрықша атап өтіп, Түркия Президенті Р.Т. Ердоғанның Н.Ә. Назарбаевтың отставкаға кетуі туралы хабарды мұңая қабылдағанын айтты. Дегенмен де, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың түркі әлемінің ақсақалы ретінде қолдауы мен қамқорлығын жалғастыра беретініне үміт артатынын білдірді.

Сонымен бірге М. Шентоп Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың үлкен тәжірибесін атай отырып, елдеріміз арасындағы стратегиялық әріптестіктің бұдан кейін де нығая беретініне сенімін білдірді. Түркия Парламентінің Төрағасы Қазақстан Парламент Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаеваны телефон арқылы құттықтап, жауапты қызметінде сәттілік тілегенін атап өтті.

Тараптар екі ел арасындағы саяси, сауда-экономикалық, заңшығарушылық салаларындағы ынтымақтастық мәселелеріне тоқталды. Атап айтқанда, М. Шентоп Астанада орналасқан Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам Ұйымының жарғысын мақұлдауға қатысты тиісті заңның Түркия Парламентінде жуық арада қабылданатынын жеткізді.

Қосылған : 3.04.2019, 17:50, Өзгертілген : 3.04.2019, 18:10