​Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Е. Ашықбаевтың Анкараға сапары өтті

АНКАРА, 2019 жылы 28-29 наурыз - Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев жұмыс сапармен Анкараға барды.

Сапар барысында Е.Ашықбаев Орталық Азия елдері мен Әзербайжанның гуманитарлық көмек көрсету бойынша көпжақты жүйемен ықпалдастығына арналған семинарға қатысты. Түркия Республикасы мен БҰҰ Гуманитарлық мәселелерді үйлестіру басқармасы бірлесіп ұйымдастырған іс-шараның басты мақсаты гуманитарлық көмек көрсету саласындағы екіжақты және көпжақты ынтымақтастық бойынша тәжірибе алмасу болды.

Семинар жұмысына Түркия Сыртқы істер министрінің орынбасары Ф. Қаймақшы, БҰҰ Бас хатшысының Таяу Шығыс және Орталық Азиядағы гуманитарлық әріптестік мәселелері бойынша көмекшісі Р. Халиков, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан және БҰҰ өкілдері қатысты. Қатысушылар Түркия Төтенше жағдайлар басқармасы (AFAD), Түрік Қызылай коғамы және Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің (TİKA)гуманитарлық көмек көрсету саласындағы тәжірибесімен танысты.

Е.Ашықбаев қатысушыларға Қазақстанның халықаралық қауымдастықтың мүшесі ретінде гуманитарлық көмек көрсету бойынша өз міндеттемелерін орындауға бағытталған жұмысы туралы баяндап берді. Атап айтқанда, Қазақстан Ауғанстанға инфрақұрылымдық нысандарды салу бойынша, сондай-ақ, ауған білімгерлерін Қазақстанның жоғарғы оқу орындарында оқыту арқылы жәрдем көрсетуде. Сонымен бірге Қазақстан жақын аймақпен шектеліп отырған жоқ. Соңғы жылдары еліміз Сирия, Йемен, Сомали сияқты елдерге және Рохинья босқындарына барынша көмек көрсетуде.

Сонымен қатар, қазақ дипломаты еліміз құрып жатқан дамуға ресми көмектің жаңа тетігі – KazAID ұлттық агенттігі туралы айтып берді. Бұдан бөлек ол қатысушыларға Қазақстан Үкіметінің Алматыдағы БҰҰ өңірлік хабын орналастыру үшін жаңа көпфункциялы ғимарат бөлгені туралы ақпарат берді.

29 наурыз күні Е. Ашықбаев пен Қазақстанның Түркиядағы Елшісі А. Сапарбекұлы жұмыс таңғы асы үстінде елімізде аккредиттелген резидент емес Елшілермен кездесу өткізді. Е. Ашықбаев Мексика, Эфиопия, Руанда, Бахрейн, Нигержәне Албания дипломаттарын Елбасының сындарлы көпвекторлы сыртқы саяси бағытының жалғасатындығына сендірді. Сонымен қатар, ол шелтелдік Елшілермен Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін талқылады.

Сондай-ақ, 29 наурыз күні Е. Ашықбаев Анкарада орналасқан Еуразия зерттеулері орталығындаТүркияның сарапшылар қауымдастығының өкілдерімен жүздесті. Е. Ашықбаев жиынға қатысушыларға Қазақстан Республикасының негізгі сыртқы саяси басымдықтары туралы айтып берді және олармен халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелерін талқылады.

Қосылған : 28.03.2019, 20:00, Өзгертілген : 28.03.2019, 20:00