Қазақстан Республикасы мен Польша Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар орнауының 25 жылдығына орай КОММЮНИКЕ

2017 жылғы 6 сәуірде Қазақстан Республикасы мен Польша Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынастар орнағанына 25 жыл толады.

Өткен ширек ғасыр ішінде елдеріміз арасында қалыптасқан қарым-қатынас серпіні тараптардың Қазақстан-Польша ынтымақтастығын дәйекті түрде дамытуға ұмтылысын көрсетеді.

Жан-жақты диалогты кеңейтуге Президент Н.Назарбаевтың 2016 жылғы 22-23 тамыздағы Варшаваға сапары елеулі серпін берді. Келіссөздер нәтижесі бойынша Қазақстан мен Польша арасындағы Экономикалық ынтымақтастық туралы Президенттер Декларациясы қабылданып, ауыл шаруашылығы және реадмиссия саласындағы ынтымақтастық туралы екі үкіметаралық келісімге қол қойылды.

Польша Қазақстанның Орталық және Шығыс Еуропадағы басты сыртқы экономикалық әріптестерінің бірі болып табылады. Берік шарттық-құқықтық база, экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның табысты қызметі, сондай-ақ парламентаралық достық топтары екі елдің өзара іс-қимылын тереңдетуге ықпал етеді. БҰҰ, ЕҚЫҰ және басқа да халықаралық және өңірлік ұйымдар аясында сенімді байланыс орнатылған.

Қазақстанда тұратын 32-мыңдық поляк диаспорасы біздің елдеріміз арасындағы өзіне тән «байланыс көпірі» болып табылады.

Қазақстан экономикасында 200-ден астам поляк компаниялары қызмет етеді. Олар фармацевтика, ауыл шаруашылығы, мұнай және газ қосалқы мердігерлік жұмыстары, телекоммуникациялар, құрылыс, құрылыс материалдарын өндіру, жабдықтар мен машиналарды жеткізу, халықаралық көліктік тасымалдау саласында қызмет көрсетуге тартылған.

2017 жылғы 1 қаңтардан бастап поляк азаматтары үшін визасыз режімді енгізу, сондай-ақ іске қосылуы ү.ж. мамырға жоспарланған Астана мен Варшава арасындағы тікелей әуеқатынасы одан әрі өзара тиімді ынтымақтастықты дамытудың алғышарты болып табылады.

Білім және мәдениет саласындағы байланыстар кеңею үстінде. Оны ынталандыруға 2016 жылы 6 маусымда қолданысқа енген Білім саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісім себепші болды. Қазіргі таңда Польшаның жоғары оқу орындарында 770-тен астам қазақстандық студенттер білім алуда. Екі елдің әдебиет классиктерінің еңбектері қазақ және поляк тілдерінде жарық көрді.

Дипломатиялық қарым-қатынастар орнатылғаннан бері 25 жыл ішінде елдеріміз ынтымақтастықтың барлық бағыттарында елеулі табыстарға қол жеткізді және оны бейбітшілік, қауіпсіздік пен тұрақтылық мүддесінде екі ел халқының игілігі жолында одан әрі нығайтуды көздейді.

Қосылған : 6.04.2017, 05:25, Өзгертілген : 6.04.2017, 05:25