Қазақстан-Канада: сауда мен инвестиция басты назарда

2018 жылғы 31 қазан – 1 қараша аралығында Қазақстан Республикасының Канададағы Елшісі Ақылбек Камалдинов Торонто қаласына жұмыс сапармен барып, Қазақстанмен сауда-инвестициялық ынтымақтастықты жандандыру мәселелерін талқылады. Торонто Канаданың іскерлік орталығы бола отырып, Үйеңкі жапырағы елінің ішкі жалпы өнімінің шамамен 40%-н шығаратын Онтарио провинциясының астанасы болып табылады. Бұл провинцияның сыртқы сауда айналымы 400 млрд. АҚШ долларынан асады.

Онтарио Премьерінің парламенттік хатшысы (орынбасары) Норман Миллермен болған кездесу барысында іскерлік байланыстарды қарқындату және канадалық бизнесті Қазақстан экономикасының үшінші жаңғыруына тарту перспективалары талқыланды. Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында белгіленген басымдықтарды ескере отырып, А.Камалдинов шикізаттық емес секторлардағы өзара іс-әрекетті нығайту бойынша жаңа мүмкіндіктерге назар аударды. Н. Миллер Қазақстанның экономиканы индустрияландыру және цифрландыру бойынша әрекеттерін қолдап, Онтарио Үкіметінің елімізбен өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға деген қызығушылығын білдірді.

Сапар барысында Елші «Bombardier Commercial Aircraft» корпорациясының өндіріс орталығында да болды. Аталған канадалық корпорация жақын арада «Qazaq Air» компаниясына «Q400» жаңа әуе кемелерін жеткізуді жоспарлап отыр. Компания басшылығы Қазақстанда пайдаланылатын ұшақтар санының көбеюі елімізбен ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге оң ықпал ететінін атап өтті.

Онтарио ресми және іскерлік топтарының Қазақстанға қызығушылығы артып жатқанына байланысты, сапар барысында бұл провинцияның Сауда-өнеркәсіп палатасының басшылығымен де келіссөздер жүргізілді. СӨП өкілдері бірлескен бизнес форумдар мен іскерлік семинарларды ұйымдастыру арқылы сауда-экономикалық серіктестікті нығайту жұмыстарына белсенді қатысуға дайындығын білдірді. Осыған орай, жуық арада Қазақстан мен Онтарионың ресми және іскерлік топтарының өзара сапарлары мен берлескен іс-шараларын пысықтау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Қосылған : 2.11.2018, 10:00, Өзгертілген : 2.11.2018, 10:00