Қазақстан Елшісі Сербия басшылығымен кездесті

Үстіміздегі жылғы 8 тамызда Белградта Елші Нұрбах Рүстемовтің Сербия Президенті Александр Вучичпен, Сербия Премьер-министрінің бірінші орынбасары Ивица Дачичпен кездесулері болды. Тараптар қазақ-серб ынтымақтастығының жай-күйі мен келешегін, Қазақстан мен Сербиядағы ішкі саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістерді талқылады. Бұдан басқа, Сербия мен Балқан өңірі айналасындағы саяси жағдай, оның ішінде халықаралық мәселелер қозғалды.

Атап айтқанда, отандық дипломат Сербия басшылығын осы жылы алда болатын екіжақты сапарды қоса алғанда, Қазақстан мен Сербия арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастарды нығайту бойынша нақты қадамдармен таныстырды. А. Вучичке Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесінің ашылуына қатысуына байланысты алғыс хаттың түпнұсқасы табысталды.

Өз тарапынан, Вучич ү.ж. маусымда Астана қаласында болу кезіндегі жылы қабылдауға алғысын білдірді, сондай-ақ «ЭКСПО-2017» көрмесінің жұмысын ұйымдастыруға көңілі толғанын жеткізді. Ол серб тарапы сауда-экономика саласында қолда бар әлеуетті пайдалануға мүдделік танытатынын атап өтіп, қазақстандық инвесторларды Сербия нарығына белсенді шығуға шақырды.

Нови-Сад қаласында Қазақстан Елшісінің Воеводина Автономды өлкесі Үкіметінің төрағасы Игорь Мировичпен кездесуі болды. Аталған кездесу барысында оған Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы, екі мемлекет арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастардың дамуы туралы айтылды. Қазақстан Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының серб тіліне аударылған мәтіні табысталды. Өңір басшысы ауыл шаруашылығы саласындағы жетекші ғылыми-өндірістік институттармен және озық серб компанияларымен практикалық ынтымақтастық орнату үшін Алматы облысы басшылығының Сербияға болатын алдағы сапары туралы хабардар бетілді.

Қосылған : 9.08.2017, 09:45, Өзгертілген : 9.08.2017, 18:20