Беделді «Chatham House» сараптамалық орталығыда Қазақстандағы реформалар талқыланды

ЛОНДОН, 2019 жылғы 29 қараша – Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық реформалар, сондай-ақ елдің алдағы дамуы «Chatham House» деген атаумен мәлім Халықаралық қатынастардың корольдік институтында басты тақырыпқа айналды.

Сараптамалық орталықтағы шара аясында британиялық сарапшылар Қазақстанның бүгінгі дамуы мен перспективаларын қамтыған «Kazakhstan: Tested by Transition» атты баяндаманың тұсауын кесті.

Баяндаманың авторлары қатарында «Chatham House» орталығы Ресей және Еуразия бойынша бағдарламасының Жетекшісі Джеймс Никси, «ChathamHouse» орталығы Ресей және Еуразия бойынша бағдарламасының ассоциацияланған зерттеушілері д-р Найджел Гулд-Дэвис, Кейт Маллинсон және Аннет Бор, тәуелсіз сарапшы Биргит Брауэр, Гарвард университетінің Дэвис атындағы Ресей және Еуразия зерттеу орталығы Орталық Азия бойынша бағдарламасының аға ғылыми қызметкері Наргис Қасенова, журналист Джоанна Лиллис және қазақстандық саясаткер Досым Сәтпаев бар.

Британиялық ғылыми ортаның беделді өкілдерімен қатар пікірталасқа қазақстандық сарапшылар – Орталық Азиядағы қауіпсіздік және әріптестік мәселелері бойынша институт директоры Шавкат Сабиров және «GEC Corporation» консалтингтік компанияның басқарушы әріптесі Шыңғыс Қанапьянов та қатысты.

«Chatham House» қызметкерлері дайындаған баяндама он бөлімнен тұрады және билік транзиті, Орталық Азия, Ресей, Қытай және батыс елдеріменқарым-қатынас, адам құқығын қорғау және бірегейлік мәселелерін қамтиды.

Баяндамада, сонымен қатар, елдің алдағы көпжоспарлы дамуы бойынша және батыс мемлекеттеріне Қазақстанның сыртқы саясатына басымдық беру бағытына қатысты тәжірибелік нұсқаулар бар.

Дж.Никсидің пікірінше, Қазақстан аймақта керемет жетістіктерге қол жеткізді. Бірақ алға қойған мақсаттары мен жеке амбицияларын жүзеге асыру үшін мемлекет одан да көп жұмыс жасауы керек.

ҚР Ұлыбританиядағы Елшісі Ерлан Ыдырысов өз кезегінде халықаралық қатынастар, қоршаған ортаны қорғау, экономикалық даму, «Астана» Халықаралық қаржы орталығы және жеке даму моделін дамытуға қатысты көтерілген мәселелерді Қазақстан белсенді түрде қолға алып келеді деді. Ол сондай-ақ қазіргі кезеңде ел үшін ең басты міндет – адам ресурстарын дамыту және жас ұрпақты ілгерілету екендігін атап өтті.

«Chatham House» орталығында өткен кездесуден бұрын қазақстандық сарапшылар британиялық «Henry Jackson Society» сараптама орталығының қызметкерлерімен кездесті. Орталықтың жұмысы сыртқы саясат мәселелерін зерттеу, қауіпсіздік, терроризммен күрес, Еуразия елдеріндегі әлеуметтік және саяси қауіп-қатерлер мәселелерін қамтиды. Кездесу барысында британиялық сарапшылар қазақстандық әріптестерін орталық жұмысымен таныстырды, ғылыми институт түрлі өзекті тақырыптар бойынша жариялайтын баяндамалар туралы көлемді ақпарат ұсынды, Еуроодақ құрамынан шыққалы жатқан Ұлыбританиядағы соңғы саяси процестері туралы айтып берді.

Қазақстандық сарапшылар өз кезегінде британиялық әріптестеріне елде жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық реформалар туралы ақпарат берді.

Сапар соңында сарапшылар Ұлыбританияда оқып жатқан қазақстандық студенттермен кездесті. Кездесу аясында Лондон университет колледжінде Ш.Сабиров және Ш.Қанапьянов жас отандастарымен Қазақстанның инновациялық және тұрақты даму перспективалары, қазақстандық ғылымның болашағы туралы және ғылыми және сараптамалық орталардағы жұмыс тәжірибесі жайлы ой бөлісті.

Студенттермен кездесу Ұлыбританиядағы қазақстандық докторанттардың қауымдастығымен ұйымдастырылды. Қауымдастыққа Ұлыбритания жоғарғы оқу орындарында білім алып жатқан 80-ге жуық жас ғалым мүшелік етеді.


Қосылған : 29.11.2019, 16:00, Өзгертілген : 29.11.2019, 16:00