Қазақстан Елшісі Норвегия Стортингі Президентімен кездесті

ОСЛО - Қазақстанның Норвегиядағы Елшісі Еркін Ахинжанов Норвегия Стортингінің Президенті Туне Вильхельмсен Трёенге сыпайлық сапарын жасады.

Елші норвег парламентінің басшысын Қазақстанның тарихы мен қазіргі дамуы туралы, сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлықтау рәсімі кезінде қойған он міндеті туралы хабардар етті. Е.Ахинжанов Қазақстанның Норвегиямен жан-жақты қатынастарды одан әрі дамытуға, атап айтқанда, парламентаралық диалогты дамытуға ниетті екенің айрықша атап өтті.

Стортинг Президенті Мемлекет Басшысының реформалық күнтәртібі туралы ақпаратты ынтамен қабыл алып, қоғамдық-саяси өмірдегі жастар мен әйелдердің ролін арттырудың маңыздылығын атап көрсетті. «Норвегия Конституциясына 205 жыл. Демократияны құру – ұдайы процесс. Кең жұртшылықтың қатысуын қамтамасыз етіп, адамдардың пікір білдіруіне, оның елді алға жетелеуіне мүмкіндік жасап отырғандарыңыз өте маңызды. Сіздің еліңізге және Президентке бұл жұмыста жетістіктер тілейміз», - деді Т.Трёен. Ол Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі жемісті жұмысын және Кеңеске Норвегия кандидатурасын Қазақстан тарапынан қолдауының маңыздылығын атап өтті.

Спикер Қазақстанды норвегиялық конькиші Стен Стенсеннің жеңістері арқасында баяғыдан бері білетінің айтты. 1976 жылы Алматыдағы «Медеу» мұзайдынында 10 000 метр қашықтыққа өнер көрсеткен С.Стенсен әлем рекордын жасады.

Қосылған : 24.06.2019, 01:20, Өзгертілген : 24.06.2019, 05:00