Қазақстандық тілшілер БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің жұмысымен танысты

Бір топ отандық тілшілер «Қазақстандық БАҚ-тардың БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі жұмысын жария етудегі әлеуетін күшейту» жобасы аясында БҰҰ-ның Нью-Йорк қаласындағы штаб-пәтеріне барып қайтты. Бес күндік семинарды Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі БҰҰ Хатшылығы мен БҰҰ Даму бағдарламасымен бірлесіп ұйымдастырды.

Жобаның негізгі мақсаты – еліміздің 2017-2018 жж. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшелігін, әсіресе 2018 жылғы қаңтардағы осы органда төрағалық етуін қеңінен жариялауды қамтамасыз ету болып табылады.

«Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық қауіпсіздікті нығайту, тұрақты дамуды қамтамасыз ету және Орталық Азияның мүдделерін ілгерілетуде ауқымды мақсаттар белгілеген болатын. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелік Қазақстанның жаһандық үдерістерге қатысуы, еліміздің бітімгершілік әлеуетін арттыру және дипломатиялық қызметінің кәсіби деңгейін көтеру үшін бірегей мүмкіндік болып табылады. Бұқаралық ақпарат құралдарының осы жобаға белсене қатысуы, ең алдымен, Қазақстанның Қауіпсіздік Кеңесіндегі жұмысы туралы уақтылы және жан-жақты ақпарат беру тұрғысынан маңызды», – деп Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов сапар алдында жоба қатысушыларымен кездесуде айтты.

Сапар бағдарламасы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің жұмысымен, Қазақстанның аталған органға тұрақты емес мүше ретіндегі қымзетінің басымдықтарымен, сондай-ақ 2018 жылғы қаңтарда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі төрағалығының жоспарларымен танысуды қамтамасыз етті.

Тілшілер БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырыстары мен ашық пікірталастарына барып, брифинг, семинар, мастер-класс және дипломаттар мен БҰҰ-да тұрақты түрде тіркелген шетелдік журналистермен бейресми кездесулерге қатысты.

Жобаға «Қазақстан», «Хабар», «КТК» телеарналарының, «ҚазАқпарат», «Tengrinews.kz» «Zakon.kz» ақпарат агенттіктерінің, «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Түркістан», «The Astana Times» газеттерінің тілшілері қатысты.

Қосылған : 8.11.2017, 15:30, Өзгертілген : 8.11.2017, 15:30