​Қазақстан Орталық Азияда, оның ішінде Ауғанстанда бейбітшілік, қауіпсіздік пен ынтымақтастықтың аймақтық моделін құруға шақыруда

ЖЕНЕВА, 2018 жыл 28 қараша – 27-28 қарашада Женева қаласында Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко бастаған қазақстандық делегация Ауғанстан жөніндегі халықаралық конференцияға қатысып, бұл елдегі бейбітшілікті орнатуға және тұрақты дамуына жәрдемдесуге қатысты Астананың негізгі көзқарасымен бөлісті.

Ауғанстан Үкіметі мен БҰҰ-ның ұйымдастырған министрлер форумының негізгі мақсаты қазан айында өткізілген Парламент сайлауы, 2019 жылдың сәуір айына жоспарланған президенттік сайлау сияқты маңызды кезеңді бастан өткізіп жатқан мемлекеттің ұзақ мерзімді саяси және экономикалық дамуын қарастыру болды.

60 мемлекет және 10 халықаралық ұйым өкілдерінің басын қосқан конференция қатысушыларының алдында сөйлеген сөзінде Р. Василенко Қазақстан Ауғанстанда тұрақтылықты, экономикалық дамуды және қауіпсіздікті орнатуға мүдделі екенін және ауған жерінде бейбітшілікке қол жеткізуге бағытталған барлық көп жақты форматтарды қолдайтынын атап өтті. Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру бойынша күш-жігер Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі басымдықтарының бірі болып табылады: дәл осы мақсатпен Қазақстан бұл жаһандық органға биылғы жылдың қаңтарында төрағалық еткен кезінде Ауғанстан мен Орталық Азиядағы өңірлік әріптестік тақырыбы бойынша министрлік дебаттарды ұйымдастырды.

Ауған әйелдерінің жағдайын жақсарту жөніндегі Жапониямен және БҰҰ-мен бірлескен жобаны жүзеге асыру, сондай-ақ ү.ж 5 қыркүйекте осы тақырып бойынша аймақтық конференцияны өткізі, ал оның нәтижесінде, Қазақстан, Өзбекстан және Еуроодақ ауған қыздарын Қазақстан мен Өзбекстан университеттерінде оқыту жобасын жариялағаны еліміздің іс-жүзінде қосқан үлесі болып табылады.

Қазақстан делегациясының басшысы еліміздің Ауғанстанның аймақтық экономикалық және көлік құрылымдарымен бірігуіне жәрдемдесуге дайын екендігін білдірді және БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарын іске асыру үшін Орталық Азия елдерінің және Ауғанстанның күш-жігерін үйлестіруге бағытталған БҰҰ-ның Алматыдағы хабын құру жөніндегі қазақстандық бастаманың маңыздылығын атап өтті. «Қазақстан Орталық Азияда, оның ішінде Ауғанстанда бейбітшіліктің, қауіпсіздіктің және ынтымақтастықтың аймақтық моделін құруды қолдайды», - деп атап өтті дипломат.

Конференция аясында Р. Василенко Еуроодақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілі Федерика Могеринимен, Германия сыртқы істер министрі Хейко Мааспен, Ауғанстан қаржы министрі Мохаммед Каюммен, сондай-ақ Литва, Польша, Словакия сыртқы істер министрліктерінен әріптестерімен, АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысының орынбасары көмекшісі Алис Уэллспен қысқа келіссөздер жүргізді, олардың барысында Ауғанстанға жәрдемдесу бойынша екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың перспективалары, сондай-ақ екі жақты ынтымақтастықтың күн тәртібіндегі мәселелер талқыланды.

Қазақстан делегациясы бейбіт жолмен реттеу процесіне арналған Ауғанстан Президенті Ашраф Ғанидің төрағалығымен өткен іскерлік таңғы аста, Еуропалық Комиссия және Азия даму банкі төрағалығымен өткен «Аймақтық байланыс және инфрақұрылым» сайд-ивенттерде, сондай-ақ Ауғанстан СІМ-гі ұйымдастырған «Ауғанстан және аймақтық серіктестер: әріптестік қатынастарды және өңірлік ынтымақтастықты дамыту» іс-шарасында сөз сөйледі. Кездесулерге Жапония Халықаралық Ынтымақтастық Агенттігі, Ислам даму банкі және БҰҰ Даму бағдарламасы сияқты халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Конференция нәтижесінде қатысушылар халықаралық қоғамдастықтың Ауғанстандағы бейбітшілікті қамтамасыз ету, реформалар жүргізу және экономикалық дамуға жәрдемдесу туралы міндеттемелерін көрсететін бірлескен коммюнике қабылдады.

Қосылған : 29.11.2018, 10:25, Өзгертілген : 29.11.2018, 10:25