Қазақстан Тынық мұхиты альянсында бақылаушы ел мәртебесіне ие болды

ЛИМА, 2019 жылғы 5-6 шілде – Қазақстан 5-6 шілдеде Перу астанасы Лима қаласында өткен Тынық мұхиты альянсының XIV саммитіне бақылаушы ел ретінде қатысты. Саммитке қазақстандық делегацияны еліміздің Бразилия, Аргентина мен Чилидегі қызметін қоса атқарушы Елшісі Қайрат Саржанов бастап келді.

Саммит барысында қазақстандық дипломат Тынық мұхиты альянсы мүше елдерінің бақылаушы елдермен “дөңгелек үстел" нысанында өткен министрлік кездесуіне қатысты. Іс-шара аясында логистикалық тізбектегі тиімділік, шағын және орта бизнесті қолдау, Тынық мұхиты альянсының стратегиялық мақсаттарын нығайту үшін 2030 жылға дейінгі тұрақты даму саласындағы күн тәртіпті (БҰҰ ТДМ) іске асыру және сауда ұйымымен Пластмассаны тиімді пайдалану туралы декларацияны қабылдау мәселелрі талқыланды.

Елші Қ. Саржанов сауда блогының құрушыларына Қазақстанның Тынық мұхиты альянсына бақылаушы ел ретінде кіруге өтінімін мақұлдағаны және ұйымның жылсайынғы саммитіне қатысуға шақырғаны үшін алғысын білдірді. Дипломат Қазақстан басшылығы Латын Американсындағы серіктестермен ынтымақтастықты жақсартып, өзара тиімді байланыстарды сақтау үшін жаңа мүмкіндіктерді іздеуге ынталы екендігін баса айтып, осы тиімді өңірлік институтта бақылаушы ел мәртебесіне ие болғаны елімізге саяси диалог пен сауда-экономикалық ынтымақтастықты, түрлі салаларда озық тәжірибе, инновациялар және технологиялармен алмасуға мүмкіндік беретіндігіне сенім білдірді. Біржақты, сондай-ақ көпжақты нысанда ынтымақтастығымызға серпін беру мақсатында қазақстандық дипломат Тынық мұхиты альянсы мүше елдерінің үкіметтерін Қазақстанның елордасы Нұр-Сұлтан қаласында ортақ елшілік ашуға шақырды. Бұған қоса, Қазақстан Пластмассаны тиімді пайдалану туралы декларацияның қабылдануын қолдайтынын жария етіп, аталған құжат еліміздің қалдықтарды басқару жөніндегі саясаты мен Базель конвенциясы аясындағы міндеттемелерімен толық сай келетінін айтты.

Еліміздің ұйымға кіру бойынша өтінімі Мексиканың Мехико қаласында 10 мамырда Тынық мұхиты альянсының Министрлер кеңесінің XXI отырысы барысында мақұлданған. Қазақстанға бақылаушы ел мәртебесін беру туралы ресми түрде 6 шілдеде жоғарғы деңгейде өткен кездесу аясында жарияланып, саммиттің қорытынды декларациясында жеке баппен бекітілді.

Біздің елмен қатар Тынық мұхиты альянсында бақылаушы ел мәртебесіне Әзербайжан, Армения және Филиппиндер де ие болды.

Биыл өзінің 8 жылдығын атап өткен “Тынық мұхиты альянсы" атты субөңірлік сауда блогы 2011 жылғы 28 сәуірде Чили, Колумбия, Мексика және Перудің бастамасымен құрылған. Экономикалық ұйымның құрылтай саммиті Чилидің Антофагаста қаласында 2012 жылғы 6 маусымда өтті, онда ұйымның мүше елдерінің Президенттері қол қойған Тынық мұхиты альянсының шекті келісімі күшіне енді. Ұйымның басты мақсаты экономикалық интеграцияны, дамуды және экономикалардың бәсекеге қабілеттілігін қолдау болып табылады. 2018 жылдың шілде айынан бастап 2019 жылдың шілде айына дейін Тынық мұхиты альянсында Перу төрағалық еткен. Президенттер деңгейіндегі кездесу қорытындылары бойынша Тынық мұхиты альянсындағы 2019-2020 жылдарға арналған төрағалық Чилиге өтті. Қазақстан мен Әзербайжанның кіруімен Тынық мұхиты альянсының бақылаушы елдер саны 59-ға дейін көбейді. Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭОҚ) қатысушы мемлекеттері арасында Қазақстан мен Әзербайжаннан басқа аталған Латын Америкалық механизмде бақылаушы ел мәртебесіне Беларусьте ие.

Қосылған : 5.07.2019, 19:00, Өзгертілген : 5.07.2019, 19:00