Қазақстан ДСҰ-ны жаһандық сауданың жаңа сындарына сай болуға шақырды

Буэнос-Айрестегі Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) Министрлер конференциясының 12 желтоқсанда өткен пленарлық отырысында қазақстандық делегацияның басшысы, Женевадағы БҰҰ бөлімшесінің және басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі, Елші Жанар Айтжанова Қазақстанның халықаралық сауда жүйесін нығайтуға қолдауын білдіріп, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен жүргізіліп отырған саясатқа сәйкес, еліміздің жаһандық саудаға одан әрі интеграциялануды ұстанатынын атап өтті.

Бұдан бұрын Найробиде өткен Министрлер конференциясында Қазақстан экспорттық бәсекелестік туралы тарихи шешім қабылданғанын қолдап, қазіргі тұста оның ДСҰ-ға мүше елдер тарапынан уақытылы жүзеге асырылуын күтеді. Тұрақты өкіл бұл мәселе Қазақстан үшін үлкен қызығушылық тудыратынын атап өтті, өйткені ДСҰ-ға қосылу барысында елдің теңізге шығу мүмкіндігі жоқ екеніне қарамастан, Қазақстан экспорттық субсидиялардан бас тартуға мәжбүр болды. Осы орайда Қазақстан басқа елдерді ДСҰ-ға жаңа мүшелерге қатысты біркелкі бәсекелестік алаңын құруға шақырады.

Ж. Айтжанова Доха раунды шеңберіндегі ұзаққа созылып кеткен сауда келіссөздері бойынша консенсустың болмауына қарамастан, ДСҰ-ға мүше елдер қазіргі сындарға жауап іздеуді бастау қажеттігін басып айтты. Бұл тез өзгеретін экономикалық ортада ерекше маңызға ие болып отыр, өйткені электрондық сауда, инвестицияларға қолдау көрсету, шағын және орта кәсiпорындардың халықаралық саудаға интеграциялануы, сондай-ақ ашықтыққа қойылатын талаптарды күшейту сияқты жаңа тақырыптар бойынша талқылауларды кейінге қалдыру қазіргі қалыптасып отырған жағдайда ДСҰ-ны нақтылығы мен өзектілігі төмен ұйымға айналуына әкелуі мүмкін. Қазақстандық дипломат еліміздің қызмет көрсету саласында ішкі реттеу ережелерін әзірлеу бойынша көпжақты келіссөздердің қайта басталуын құптайтынын да атап өтті, бұл Қазақстанның ұлттық экономикалық мүдделеріне толық сәйкес келеді.

Сонымен қатар, қазақстандық делегация басшысы қазіргі таңда Қазақстан экономикасының барлық салаларын және әлеуметтік өмірдің әр түрлі аспектілерін қамтитын цифрландыру бағдарламасын жүзеге асырып жатқанын хабарлады. Осыған байланысты біздің ел ДСҰ-ның электрондық сауданы дамыту үшін ашық, кемсітпейтін және болжамды ғаламдық ережелерді ілгерілетудегі маңызды рөлін мойындайды.

Министрлер конференциясы ДСҰ-ның екі жылда бір мәрте өткізілетін жоғары басқарушы органы болып табылады. Оның құзыретіне министрлердің Ұйым қызметінің басым бағыттары бойынша шешімдер қабылдау кіреді. Әдетте, Конференцияның негізгі мақсаты ДСҰ-ға мүше елдердің халықаралық сауданың жаңа реттеуші нормалары мен ережелері бойынша келісімдерге қол жеткізу, сондай-ақ Ұйымның болашақ жұмысының жалпы бағытын келісу болып табылады.

ДСҰ Министрлер конференциясының 11-ші сессиясы Оңтүстік Америкада тұңғыш мәрте өткізілуде. Сонымен қатар, 2017 жылы Тарифтер және сауда жөніндегі бас келісімнің 70-жылдығы атап өтілуде.

Конференцияның ағымдағы сессиясының ерекшелігі саудаға қатысты жаңа мәселелер бойынша ДСҰ-ға мүше елдердің саяси бастамаларының бұрын-соңды болмаған саны болып табылады. Бұл ДСҰ-ға халықаралық сауда ережелерін реттейтін жалғыз көпжақты алаң ретіндегі сенімнің артуын көрсетеді.

Қосылған : 14.12.2017, 11:25, Өзгертілген : 14.12.2017, 11:20