​Қазақстан «Ванкуверден Владивостокқа дейін ортақ экономикалық аумақ: Өзара жалғастық, сауда және интеграция» конференциясына қатысты

ЕҚЫҰ Экономика және экология комитетінің төрағасы, Қазақстанның Вена қаласындағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Сарыбай 15-16 мамырда Линц қаласында ЕҚЫҰ Аустрия төрағалығының ұйымдастыруымен «Ванкуверден Владивостокқа дейін ортақ экономикалық аумақ: Өзара жалғастық, сауда және интеграция» жоғары деңгейлі ЕҚЫҰ Академиялық конференциясына қатысты.

Конференция барысында ғылыми топтар, халықаралық компаниялардың өкілдері мен саясаткерлер Еуразияда экономика ынтымақтастығы, өзара байланыстық пен сауданы ілгерілету мәселелерін талқылады.

Қ. Сарыбай конференцияның «Көлік, сауданы ілгерілету және инфрақұрылым – Еуропа мен Азия арасында экономикалық байланыстарды жақсарту» сессиясына төрағалық етуі барысында қатысушыларға Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одағындағы басымдықтары мен ЕЭО, Жібек жолы экономикалық белбеуі және Еуропа одағы іспеттес интеграциялық жобалардың өзара іс-қимылын арттыратын Елбасының Ұлы Еуразия бастамасы туралы хабардар етті.

Өз баяндамасында жуырда Бейжіңде өткен «Бір белдеу, бір жол» форумы барысында Қазақстанның ұстанымын жеткізген қазақстандық дипломат Жібек жолы экономикалық белдеуінің транзиттік әлеуетін тиімді игеру үшін қызмет көрсету деңгейін жақсартып, әкімшілік кедергілерді жою, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, инновациялық және ғылыми-техникалық даму саласындағы ынтымақтастықты тереңдету, сондай-ақ мүдделі елдер арасында өзара сенім мен жан-жақты ынтымақтастықты нығайту және бұл тұрғыда АӨСШК-тің маңызды рөлі жөнінде айтты. Сонымен қатар, өңірлік ұйым ретінде ЕҚЫҰ-ның да өзара сенім орнату мен қауіпсіздікті нығайту бағытындағы маңыздылығына тоқталып, Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалығы барысында қауіпсіз әрі тиімді көлік тасымалын дамытуға басымдық берілгенін еске салды.

Еуропа комиссиясының бұрыңғы президенті Жозе Мануэль Баррозу Қазақстан Президенті Н. Назарбаевтың Ванкувер мен Владивосток арасындағы экономикалық кеңістікті құруда, түрлі экономикалық бірлестіктер арасындағы өзара іс-қимылды орнатуға қосқан мардымды үлесін атап өтті.

Аустрия экономикалық палатасының вице-президенті У. Рамблер-Коллер Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің маңыздылығына және Еуропа мен Азияның іскерлік топтарына ынтымақтастық құруға жақсы мүмкіндік ұсынатынына назар аударды.

Академиялық конференцияға қатысушы «Назарбаев университетінің» президенті Шигео Катсу Орталық Азия өңірінің маңыздылығына және Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының «Бір белдеу, бір жол» бастамасына сабақтас болғанын атап өтті. Сонымен бірге, Астанадағы Мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хабтың жұмысының ерекшелігін сөз етті. Конференцияның барысында айтылған ойлардың негізінде Ш. Катсу ЕҚЫҰ-ның тиімділігін арттыру бойынша өз ойларымен бөлісті.
Қосылған : 16.05.2017, 17:30, Өзгертілген : 16.05.2017, 17:30