Қазақстан Ядролық жабдықтаушылар тобына төрағалықты қабылдады

НҰР-СҰЛТАН, 2019 жылғы 20 маусым - Ядролық жабдықтаушылар тобының (ЯЖТ) Пленарлық отырысы барысында Қазақстан ядролық материалдар экспортын жүзеге асырушы және атом саласын дамытушы 48 мемлекеттің беделді бірлестігіне төрағалықты қабылдады.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ЯЖТ отырысына қатысушыларға үндеу жолдады. Үндеуде еліміздің ядролық қарусыздану мен таратпау ісіне қосқан үлесі үшін халықаралық деңгейде танылуы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың күш-жігері мен бастамаларына негізделгені атап өтілді.

Үндеуде Мемлекет басшысы Қазақстанның ядролық қаруды таратпау режимін нығайтуға бейілділігін растап, жаһандық, сондай-ақ аймақтық қауіпсіздік мүдделеріне жауап беретін маңызды тетігі болып табылатын ЯЖТ-ның маңыздылығын атап өтті.

Сонымен қатар Қазақстан Президенті атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану үшін халықаралық ынтымақтастық құқығын сақтай отырып, Топ қызметін нығайтуға қолдау білдірді.

ЯЖТ Төрағасының қызметін 2020 жылдың маусымына дейін Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы ҚР Тұрақты Өкілі Қайрат Сарыбай атқаратын болады.

ЯЖТ пленарлық отырысы өз жұмысын 22 маусымға дейін жалғастырады.

Қосылған : 20.06.2019, 18:00, Өзгертілген : 20.06.2019, 18:00