Қазақстан медицина қызметкерлерін әскери қақтығыстарда қорғау туралы құжатқа қол қойды

АСТАНА, 2017 жылғы 4 қараша – Қазақстан қарулы әскери қақтығыстарда гуманитарлық және азаматтық персоналға көмек көрсету туралы саяси декларацияға қосылды. Құжатқа 31 қазанда Нью-Йорк қаласында қоғамдық және медициналық персоналды қорғау бойынша министрлік деңгейде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі аясында өткен іс-шара шеңберінде қол қойылды.

Францияның бастамасымен өткен іс-шараға сыртқы істер министрлері мен БҰҰ жанындағы қазіргі, бұрыңғы және жаңадан қосылған БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше мемлекеттердің тұрақты өкілдері, БҰҰ басшылары, Халықаралық Қызыл Крест комитетінің президенті Петер Маурер, үкіметтік емес қоғамдық құрылымдар өкілдері қатысты.

Шараға қатысушылар заманауи қақтығыстарда кейбір соғысушы тараптардың, соның ішінде террорлық топтардың қарапайым халыққа, гуманитарлық және медициналық қызметкерлерге қарсы қасақана шабуылдарды жиі жасауын, соғыс жүргізу тактикасы ретінде ауруханаларды талқандауын атап өтті.

Франция мемлекетінің Сыртқы істер министрі Жан-Ив Ле Дриан қазіргі жағдайдың маңыздылығын ескеріп, БҰҰ барлық мүше мемлекеттерді осы бастаманы қолдауға үндеді. Сонымен қатар, министр «медицина және қоғам қызметкерлерін қорғау өздерімізге жүктеген міндет ретінде емес, әрбір мемлекеттің көкейтесті қажеттілігі» ретінде қарастыру керек деп мәлімдеді.

Еліміздің атынан шараға Қазақстанның Африка одағындағы Тұрақты өкілі Ерлік Әли қатысты. Дипломат атап өткендей, «Халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау үшін жауапты БҰҰ бас органға мүше ретінде Қазақстан әскери қимыл аймақтарында «басқа адамдардың өмірін сақтап қалу үшін өз өмірін қатерге тіккен» дәрігерлер мен гуманитарлық қызметкерлерді қорғауға бағытталған халықаралық күш-жігерді барынша қолдайды және оған үлкен көңіл бөледі».

Кездесу соңында, 12 мемлекет (Қазақстан, Франция, Италия, Швеция, Жапония, Сенегал, Уругвай, Нидерланд, Перу, Испания, Канада және Швейцария) қақтығыс аймақтарында медициналық және гуманитарлық кадрларды, медициналық инфрақұрылымды қорғауды күшейту туралы бірқатар ұсыныстарды қарастыруға, сондай-ақ озық тәжірибемен алмасуға, аталған тұлғаларға жасалған шабыуылдарды құжаттауға және ол бойынша тергеу өткізуге шақыратын саяси декларацияға қол қойды.

Қосылған : 4.11.2017, 10:00, Өзгертілген : 4.11.2017, 10:00