Қазақстан мен Швейцария жан-жақты әріптестікті дамытуға үлкен мән береді

Берн, 2018 жыл 12 сәуір – 11 сәуірде Берн қаласында Қазақстан мен Швейцарияның тұрақты саяси консультацияларының үшінші раунды өтті, онда жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту мақсатында тараптардың өзара ниеті туралы айтылды.

Қазақстандық делегацияны Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко, ал швейцариялық делегацияны Швейцария Федералдық сыртқы істер министрлігі Мемлекеттік хатшысының орынбасары Кристина Марти Ланг басқарды. Кездесу барысында тараптар екіжақты және көпжақты форматтағы ынтымақтастықтың мәселелерін талқылады.

Тараптар екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың ширек ғасырда қол жеткізген саяси және экономикалық ынтымақтастық деңгейін жоғары бағалап, өзара тиімді әріптестікті одан әрі дамытуға және кеңейтуге деген өзара ниетін растады. Швейцария Федералды Президенті Дорис Лёйтхардтың 2017 жылдың тамыз айында Астанаға жасаған сапары және оның Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен өткізген келіссөздері қатынастардың дамуына айтарлықтай серпін бергені және ынтымақтастықтың басым бағыттарын анықтағаны атап өтілді.

Осыған байланысты Берндегі келіссөздердің барысында қаржы, фармацевтика, энергетика салаларындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға және өңірлер арасындағы әріптестікті дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Бүгінгі күні Швейцария Қазақстандағы үшінші ірі шетелдік инвестор болып табылады және республикамен тауар айналымы бойынша еуропалық елдердің ішінде төртінші орында тұр. К. Ланг экономикалық ынтымақтастықтың екіжақты шарттық базасының тиімділігін, үкіметаралық комиссия және іскерлік кеңес сияқты өзара іс-қимылдың тиісті тетіктердің болуын атап өтті және Швейцарияның осы бағытты жандандыруға, нақ айтқанда «Бір белдеу, бір жол» бастамасының аясындағы халықаралық көліктік-инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға ұмтылысын білдірді.

Р. Василенко Швейцария тарапын алдағы уақыттағы елорданың 20 жылдығын мерекелеу туралы хабардар етті, оның аясында «Астана» халықаралық қаржы орталығының салтанатты ашылуы өтеді.

«ЭКСПО-2017» көрмесінде швейцариялық павильонның сәйкес көлемдегі павильондар арасында көрме тақырыбын жоғарғы деңгейде таныстырғаны үшін алтын медальға ие болғаны мәлім. Қаржы және экологиялық таза технологиялар саласындағы Швейцарияның үлкен тәжірибесін ескере отырып, қазақстандық тарап алдынғы жылы өткен көрменің инфрақұрылымы негізіндегі IT-стартап халықаралық технопаркі және Жасыл технологияларды және инвестициялық жобаларды дамыту жөніндегі халықаралық орталық жобаларын іске асыруда тығыз ынтымақтастық орнатуға үміт білдірді.

Қазақстан мен Швейцария халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға, соның ішінде әлемдік күн тәртібіндегі ең күрделі мәселелер бойынша келіссөздер жүргізу үшін платформаларды ұсынып, дәйекті үлес қосып келеді, осыған байланысты тараптар аталған бағытта жұмысты жалғастыруға және ынтымақтастыққа дайын екендігін атап өтті. Сонымен қатар, Швейцария дипломатиясы су ресурстарын тиімді және әділ пайдалану мәселелерін шешуге жәрдемдесуге ерекше назар аударады және келіссөздер барысында тараптар Орталық Азиядағы су мәселесі бойынша ынтымақтастықты жалғастыруға ниет білдірді. Тараптар жақында Астанада өткен Орталық Азия елдері басшыларының (консультативтік) жұмыс кездесуінің қорытындыларын қоса алғанда Орталық Азия елдері арасындағы қарқынды дамып келе жатқан диалогқа қолдау білдірді, сондай-ақ Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыруға жәрдемдесу бойынша халықаралық күш-жігерді талқылады. Осыған байланысты Қазақстанның 2017-2018 жылдардағы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі ретіндегі үлесі, Қауіпсіздік Кеңесі делегациясының Кабулға сапарын және ағымдағы жылдың қаңтарында осы маңызды халықаралық органда Қазақстанның төрағалығы кезінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде Ауғанстан бойынша нәтижелі министрлік пікірталастарды ұйымдастыруы атап өтілді.

Жалпы, саяси консультациялар Қазақстан мен Швейцария арасындағы саяси және экономикалық ынтымақтастықтың алдағы нақты бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.

Қосылған : 12.04.2018, 08:40, Өзгертілген : 12.04.2018, 08:40