​Қазақстан мен Еуропа Кеңесі ынтымақтастықты нығайтудың жаңа кезеңін талқылауда

СТРАСБУРГ, 2019 жылғы 26 наурыз - Қазақстан Еуропа Кеңесімен (ЕК), атап айтқанда, құқық үстемдігін қамтамасыз ету, сот төрелігі жүйесін жаңғырту және осы халықаралық ұйымның тиісті конвенцияларына қосылу саласында кең ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі. Бұл туралы 2019 жылғы 26 наурызда Страсбургте Еуропа Кеңесі Министрлер комитетінің сыртқы байланыстар жөніндегі баяндамашылары тобының отырысында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мәлімдеді. Бұл іс-шара Орталық Азия бойынша аймақтық жобаның шеңберіндегі «Еуропа Кеңесінің 2019-2022 жылдарға арналған Қазақстанмен көршілес ынтымақтастықтың басым бағыттары» атты жаңа бағдарламасының екінші кезеңінің басталуына бағытталды.

Өз сөзінде Сыртқы істер министрлігінің өкілі Қазақстанның 1997 жылдан бері ұйыммен және оның құрылымдарымен белсенді ынтымақтасып келе жатқанын, ЕК мүше емес мемлекеттеріне ашық конвенцияларына қатысу мүмкіндігін пайдаланатынын атап өтті. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы заңнаманы жетілдіру саласындағы озық тәжірибелермен алмасу мақсатында Еуропа Кеңесінің Венеция комиссиясымен жемісті қарым-қатынасты жалғастыруда. Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясымен тиісті келісім негізінде парламентаралық байланыстар бойынша ынтымақтастық дамып келеді - 2004 жылдан бастап қазақстандық депутаттар тұрақты түрде ЕКПА сессияларына белсенді қатысады.

Қазақстандық дипломат сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайтуға, қылмыстық заңнаманы гуманизациялауға және адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған жүйелі реформалар аясында Қазақстанның Еуропа Кеңесімен өзара іс-қимылды сақтау және жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.

Елдің саяси өміріндегі соңғы өзгерістер туралы айта келе, Р.Василенко Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан болашақ - Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы» деген сөзін келтірді. Бұл - бәрі де адам игілігі үшін жасалатын, экономикасы мықты мемлекет. Оның білім саласы да, денсаулық сақтау саласы да үздік болады. Онда бейбітшілік пен тыныштық салтанат құрады. Азаматтары еркін әрі тең құқылы, ал билігі әділетті болмақ. Мұндай елде заң үстемдік етеді. Дипломат Мемлекет басшысы ретінде өзінің алғашқы сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев Тұңғыш Президенттің стратегиялық бағытын мемлекет ішінде де, одан тыс жерлерде де жалғастыруға деген ұмтылысын растады.

Белгілі болғандай, 2018 жылдың шілдесінде «Қазақстандағы сот төрелігі жүйесінің сапасы мен тиімділігін арттыруда қазақстандық билікке қолдау көрсету» атты Еуропа Кеңесі мен Еуропалық Одақтың бірлескен жобасы сәтті аяқталды. Бағдарлама қылмыстық сот төрелігі саласындағы ынтымақтастықтың стратегиялық негізі ретінде Қазақстанның мемлекеттік органдарымен тығыз ынтымақтастықта әзірленген. Бағдарламаның мақсаты - Қазақстанның заңнамалық базасының нормативтерін әділ сот жүйесінің озық тәжірибелеріне сәйкес жетілдіру.

Бағдарламаны іске асыру нәтижесінде, Қазақстан қылмыстық сот төрелігі саласындағы Еуропа Кеңесінің үш құқықтық құжатына қосылды, атап айтқанда, «Заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыру, табу, алып қою және тәркілеу туралы», «Салық саласында өзара әкімшілік көмек туралы» және «Салық саласындағы өзара əкімшілік көмек туралы конвенцияға түзетулер енгізу туралы». Басқа қылмыстық сот төрелігі аясындағы конвенцияларына қосылу туралы жұмыс жалғасуда.

Сонымен бірге, Қазақстан 2015 жылы Еуропалық прокурорлардың Консультативтік кеңесінде, ал 2018 жылы - Әділет тиімділігі жөніндегі Еуропалық Комиссия (CEPEJ) және Еуропалық судьялардың консультативтік кеңесінде (CCJE) бақылаушы мемлекет мәртебесін алды.

Орталық Азия бойынша Қазақстанмен ынтымақтастықтың сәтті тәжірибесін қайталау жоспарларымен құттықтай отырып, «Біз Еуропа Кеңесімен маңызды даму мәселелері бойынша тығыз ынтымақтастық, өңіріміздің әлеуетін одан әрі нығайтатынына сенімдіміз», - деді Р. Василенко.

Кездесудің қатысушылары Бағдарламаны одан әрі іске асыруға бірауыздан қолдау көрсетті және Қазақстанның заңдылықты қамтамасыз етудегі прогресін құптап, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, гендерлік теңдікті қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау сияқты салаларда одан әрі тығыз ынтымақтастыққа дайын екендігін білдірді. Аустрия, Әзербайжан, Литва, Түркия, Испания және басқа елдердің жоғары өкілдері Қазақстандағы соңғы саяси оқиғаларды атай отырып, еліміздің одан әрі демократиялық дамуына деген ұмтылыстарымен құттықтады.

Сол күні Страсбургте қазақстандық делегацияның Еуропа Кеңесі Бас хатшысының орынбасары Габриела Баттаини-Драгонимен кездесуі өтті. Онда Қазақстан мен Еуропа Кеңесі арасындағы ынтымақтастықтың нақты жоспарлары талқыланды. Ынтымақтастықты нығайтудың маңызды факторы ретінде, жақын арада Қазақстанда Еуропа Кеңесінің өңірлік кеңсесін ашу мәселелері бойынша дайындық барысы талқыланды.

Қосылған : 27.03.2019, 11:00, Өзгертілген : 27.03.2019, 11:00