​Қазақстан және Біріккен Араб Әмірліктері визасыз режим орнатады

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов 23 мамырда Астанаға ресми сапармен келген Біріккен Араб Әмірліктері Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрі шейх Абдалла бен Заид Әл Нахаянмен келіссөздер жүргізді.

Екі ел азаматтарын, ұлттық паспорт иелерін 30 күн мерзімге дейін визадан босатуды көздейтін құжатқа қол қойылуы кездесудің басты нәтижесі болды. Жақын арада Қазақстан және Біріккен Араб Әмірліктері аталған уағдаластық күшіне енуі үшін мемлекетішілік рәсімдерді өткізеді.

Екі елдің сыртқы істер министрлері 2017 жылғы қаңтардағы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың БАӘ-ге ресми сапары нәтижесінде қол жеткізілген уағдаластықтарды орындау барысы туралы жан-жақты пікір алмасты. Тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың басты мәселелерін, сондай-ақ Сириядағы дағдарысты, қамтитын халықаралық күн тәртібін талқылады.

«Бүгінгі кездесу Қазақстан-Бiрiккен Араб Әмiрлiктерi қарым-қатынастарының өзекті мәселелері бойынша ұстанымдарын екіжақты және көпжақты форматта үйлестіруге мүмкіндік берді. Тараптардың Біріккен Ұлттар Ұйымы, Ислам Ынтымақтастық Ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес сияқты жаһандық, өңірлік, халықаралық ұйымдар аясында өзара тығыз әрекеттестікке дайындығы айрықша атап өтілді», - деп атап өтті Қ. Әбдірахманов.

Оған қоса ҚР СІМ басшысы Біріккен Араб Әмірліктері 2017 жылғы 10-11 қыркүйекте Астана қаласында Мемлекет басшысының бастамасымен өткізілетін Ислам Ынтымақтастық ұйымының ғылым және технологиялар бойынша бірінші саммитіне белсенді түрде қатысатындығына сенім білдірді. Сондай-ақ «Астана» халықаралық қаржы орталығының Дубай халықаралық қаржы орталығымен және Абу Даби қаржы орталығымен белсенді өзара іс-қимылын жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.

Сонымен қатар екі елдің сыртқы саяси ведомство басшылары ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласында 2011 жылы маусымда құру туралы бастамасын ұсынған Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам Ұйымы аясындағы өзара іс-қимылын жалғастыру ниетін білдірді.

Өз кезегінде Біріккен Араб Әмірліктері тарап достық, құрмет, өзара тиімділік принциптеріне негізделген екі ел арасындағы қарым-қатынасты кеңейту мен тереңдету ниетін растады.

22 мамырда Астана қаласында Қазақстан-Бiрiккен Араб Әмiрлiктерi бизнес форумы өтті. Қазақстан-Әмірліктер Іскерлік кеңесі құру туралы Меморандумға қол қою іс-шараның маңызды нәтижесі болды, ол Қазақстан мен Бiрiккен Араб Әмiрлiктерiнің іскер топтары өкілдері арасында тікелей байланыс орнатуды кеңейтуге мүмкіндік береді, сондай-ақ өзара тауар айналымының көлемін және инвестициялық ынтымақтастықты ұлғайтуға септігін тігізбек.

Қосылған : 23.05.2017, 22:25, Өзгертілген : 23.05.2017, 22:25