Қазақстан мен Бразилия дипломатиядағы менеджменттің маңызды аспектілерін талқылады

БРАЗИЛИЯ, 2019 жылғы 6 тамыз – ҚР Сыртқы істер министрлігінің Жауапты хатшысы Нұрлан Сейтімов Бразилияға жұмыс сапары барысында Бразилия Сыртқы істер министрінің орынбасары Клаудиа Буззи және Бразилия Сыртқы істер министрлігінің «Рио Бранко Институты» дипломатиялық академиясының Бас директоры Жизела Падованмен жеке екіжақты кездесулер өткізді. Бразилиялық дипакадемиядағы кездесудің нәтижесі бойынша ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы және Бразилия Сыртқы істер министрлігінің «Рио Бранко Институты» дипломатиялық академиясы арасындағы Ынтымақтастық туралы меморандумды іске асыру жөніндегі 2020-2021 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары қабылданды.

Итамаратидағы (бразилиялық СІМ) кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Бразилия арасындағы қарым-қатынастардың достық сипатын атап өтіп, екіжақты ынтымақтастықтың қарқынды дамуына жоғары баға берді және оны тұрақты саяси диалогты жоғары деңгейде жалғастыру арқылы одан әрі дамыту перспективаларын талқылады. Жауапты хатшы инвестицияларды тарту және экспортты алға ілгерілету, елдің агроөнеркәсіптік және туристік әлеуетін арттыру секілді қазақстандық сыртқы саяси ведомствосының алдына қойылған мақсаттар туралы ақпаратпен бөлісе отырып, бразилиялық СІМ-нің елдің сыртқы экономикалық саясатын ілгерілетудегі рөлімен танысуға қызығушылығын білдірді.

К. Буззи экономикалық бастамаларды алға жылжыту мәселелері мемлекеттердің сыртқы саясатында ерекше орын алатындығымен келісе отырып, бразилиялық СІМ алдында ұқсас міндеттер қойылғандығын атап өтті. Экономикалық тақырыптардан басқа, Министрдің орынбасары СІМ және Бразилияның шет елдердегі дипломатиялық өкілдіктерінің қызметтерін ұйымдастыру туралы баяндады.

Н. Сейтімов Бразилияның СІМ-інде қазақстандық мамандарды даярлауға қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіре отырып, дипломаттарды Рио-Бранко институтының бір жылдық білім беру курсына, оның ішінде олардың тілдік білімдерін жетілдіру үшін, жіберуге қызығушылығын білдірді. Жауапты хатшы Бразилияның дипломатиялық академиясының басшысымен келіссөздер өткізу үстінде ҚР СІМ үшін кадрлық әлеуетті күшейту басымдық бағыттардың бірі болып табылатындығын атап өтті. «Біз дипломатиялық кадрларды даярлау мәселесіне үлкен мән береміз және дипакадемияларымыз арасындағы Ынтымақтастық туралы меморандумды іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары екі елдің мәдениеттерін жақындастыра отырып, екіжақты серіктестікті одан әрі дамытуға үлесін қосады деп үміттенеміз», - деп түйіндеді Н. Сейтімов.

Өз кезегінде, Рио-Бранко институтының Бас директоры қазақстандық студенттердің оқудағы табыстарын атап өтіп, бразилиялық тарап та қазақстандық тараппен белсенді ынтымақтастыққа мүдделі екенін мәлімдеді. «Біздің елдеріміздің арасында географиялық қашықтық және осыған байланысты мәдени айырмашылықтар бар болғанына қарамастан, менің ойымша, білім саласындағы тығыз ынтымақтастық, атап айтқанда, дипломаттарды даярлау шеңберіндегі серіктестік, бұл кедергілерді жеңуге көмектеседі», - деп қорытты бразилиялық дипломат.


ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен Бразилия Сыртқы істер министрлігінің «Рио Бранко Институты» дипломатиялық академиясы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумды іске асыру жөніндегі 2017-2019 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес 2018 жылда бразилиялық дипакадемиясының жылдық оқу бағдарламасын бір казақстандық студент аяқтады, ал 2019 жылдың қаңтар айында екінші маман оқуын бастады.

Қосылған : 7.08.2019, 11:25, Өзгертілген : 7.08.2019, 11:25