Қазақстан мен Андорра екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті

АНДОРРА-ЛА-ВЕЛЬЯ - 12-13 маусымда Қазақстанның Испаниядағы Елшісі және Андоррадағы қоса атқарушысы Константин Жигаловтың Андорра-да-Вельяға жұмыс сапары өтті. Қазақстандық дипломат Андорра Парламентінің жаңа төрағасы Розер Суньемен, Князьдіктің тарихындағы бірінші әйел – Жоғары заң шығарушы органның басшысымен кездесті. Розер Сунье өзінің жаңа міндетіндегі кездесіп отырған алғашқы шетелдік Елші К.Жигалов болғанын атап өтті.

Князьдіктің Заң шығару органының басшысына ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің ү.ж. 23-24 қыркүйекте Қазақстанның астанасы – Нұр-Сұлтан қ. «Үлкен Еуразия: Диалог. Сенім. Серіктестік» атты тақырыпта өтетін Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің төртінші кеңесіне шақырудың түп-нұсқасы табысталды. Р.Сунье шақыруды ризашылықпен қабылдап, таяу уақытта форумға қатысу туралы жауабын беруге уәде берді. Тараптар парламентаралық ынтымақтастық, атап айтқанда, Еуропа кеңесінің Парламенттік Ассамблеясы аясындағы мәселелерді талқылады.

К.Жигаловтың Р.Суньемен, сондай-ақ Сыртқы істер министрі Мария Убахпен кездесуі барысында андорралық тарап Князьдіктің жаңа Парламенті мен коалициялық Үкіметі жұмысының алғашқы нәтижелері туралы хабардар етті. Өз кезегінде, Елші К.Жигалов сайлау алдындағы науқан барысы және еліміздегі президенттік сайлау қорытындылары туралы айтып берді.

Сыртқы істер министрі М.Убахпен кездесу аясында сұхбатасушылар түрлі форматтағы саяси диалогты, соның ішінде жоғарғы және аса жоғары деңгейде, сондай-ақ халықаралық аренада дамытуға өзара мүдделіліктерін растады. Дипломаттар іскерлік байланыстарды тиімді ынталандыру үшін нақты бағыттарды егжей-тегжейлі талқылады. Осыған байланысты туризм саласындағы тиімді бірлескен қызмет, атап айтқанда тау-шаңғы курорттарын дамыту саласындағы ынтымақтастық оң аталып өтілді. Р.Сунье мен М.Убах Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан Президенті болып сайлануына орай жылы лебіздерін жолдады.

Қосылған : 13.06.2019, 15:00, Өзгертілген : 13.06.2019, 15:00