​Қазақстан 2023 жылы Дүниежүзілік мұнай конгресін қабылдау құқығына күресуде

НҰР-СҰЛТАН, 2019 жылғы 7 маусым – Сыртқы істер министрлігі мен «Kazenergy» Қазақстан мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдарының қауымдастығы Қазақстанда аккредиттелген дипломатиялық корпус үшін брифинг өткізді.

Аталмыш іс-шара барысында қатысушылар 2023 жылы Дүниежүзілік мұнай конгресін өткізуге Нұр-сұлтан қаласының кандидатурасын ілгерілету шеңберіндегі Қазақстанның жүргізіп отырған жұмысы туралы хабардар етілді.

Дүниежүзілік мұнай кеңесі (ДМК) – бұл жаһандық мұнай-газ қауымдастығының мүдделерін білдіретін ірі халықаралық, коммерциялық емес, үкіметтік емес ұйым. Мұнай мен газды жалпыәлемдік өндіру мен тұтынудың 95 пайыздан астамы тиесілі 65 мемлекет ДМК-ның мүшесі болып табылады. Ұйымға мүше елдердің бірінде әрбір 3 жыл сайын Дүниежүзілік мұнай кеңесін өткізетін Дүниежүзілік мұнай конгресі мұнай-газ кешенінің жаһандық мәселелерін талқылауға арналған беделді алаңы және әлемдік мұнай-газ индустриясының басты оқиғасы болып табылады. Конгресс тұрақты түрде салалық министрліктердің жетекшілері, ірі халықаралық ұйымдардың және мұнай-газ корпорацияларының басшылары, әлемдік талдамалық орталықтарының өкілдері, сондай-ақ энергетика және қаржы салаларының беделді сарапшылары қатысатын 5 мыңнан астам шетелдік делегаттарды жинайды.

Қазақстан Дүниежүзілік мұнай кеңесіне 1997 жылдан бері мүше болып табылады және оның жұмысына белсенді түрде қатысады.

ҚР СІМ Сыртқы экономикалық саясат департаментінің директоры Олжас Исабеков Министрліктің Дүниежүзілік мұнай кеңесі (World Petroleum Council), Халықаралық энергетикалық агенттігі (International Energy Agency), Жаңартылмалы энергия көздері жөніндегі халықаралық агенттігі (International Renewable Energy Agency), Дүниежүзілік энергетикалық агенттігі (World Energy Agency), Энергетикалық Хартия (Energy Charter) секілді халықаралық энергетикалық ұйымдармен белсенді жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті. Өңірлік деңгейде ірі әлемдік өндірушілер мен көмірсутегілерінің жетекші импорттаушыларын біріктіретін Еуразиялық Экомикалық Одақ шеңберінде бірыңғай энергетикалық нарықты қалыптастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. OPEC+ форматы шеңберінде әлемдік нарықта «қара алтынның» қолайлы бағасын қамтамасыз етуге ерекше күш-жігерлер салынуда. Қазақстан мұнай экспорттаушы елдердің ірі ондығына кіреді. Елдің мұнай-газ секторында осы индустриядағы әлемдік көшбасшылар ұсынылған.

Қазақстандық дипломат Нұр-Сұлтан қаласының ірі халықаралық іс-шараларды өткізу тәжірибесіне назар аударды, олардың ішінде «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі, жыл сайынғы Астана экономикалық форумы және т.б. Осы орайда, Қазақстан елордасы 2020 жылдың 8-11 маусымында Дүниежүзілік сауда ұйымының 12-ші Министрлік конференциясын өткізетінін атап өтті.

Қазақстандық кандидатураны қолдауға қатысты дәлелдерді ұсынған «Kazenergy» қауымдастығының бас директоры Болат Ақшолақовтың сөйлеген сөзі дипломатиялық корпус өкілдерінің ерекше қызығушылығын тудырды. Атап айтқанда, ол 2023 жылы Дүниежүзілік мұнай конгресін өткізуге өтініш берген кезде Қазақстан, бірінші кезекте, жаһандық және өңірлік энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге елеулі үлес қосуды жалғастыру ұмтылысын басшылыққа алғанын атап өтті. Біздің еліміз әлем елдерінің инвестициялары үшін тұрақты және қауіпсіз елдердің бірі болып саналады. Б.Ақшолақов атап өткендей, көмірсутегі шикізатын ірі өндірушілер мен тұтынушылар арасындағы Қазақстанның тиімді географиялық орналасуы, көмірсутегі шикізатының ірі көздерінің шоғырлануы, мұнай мен газды әлемдік нарықтарға ұзақ мерзімді және сенімді түрде жеткізуі, мұнай-газ әзірлемелерінің және уақыт талаптарына жауап беретін инновациялық технологияларды енгізудің орасан зор тәжірибесі Конгресті өткізуге деген біздің өтінішіміз басқа елдердің ұқсас ұсыныстарымен салыстырғанда анағұрлым артық болып табылады.

Б.Ақшолақов «Дүниежүзілік мұнай кеңесіне мүше елдердің резиденттері болып табылатын ірі трансұлттық мұнай-газ корпорацияларының Қазақстандағы көпжылдық тиімді қызметі – еліміздің ең өршіл және табысты сценарийлерді жүзеге асыруы үшін бірегей мүмкіндіктерін растайды», - деп атап өтті.

Қазақстандық тарап шетелдік дипломаттар арқылы ДМК-ға мүше елдерге Нұр-Сұлтан қаласының кандидатурасын қолдау туралы өтініш білдірді.

Елшілер брифинг үшін алғыстарын білдіріп, энергетика саласындағы ағымдағы жағдай мен қазақстандық мұнай өндіру нарығының келешегі туралы пікір алмасты.

Қосылған : 7.06.2019, 17:00, Өзгертілген : 7.06.2019, 17:00