Қайрат Сарыбай "Қарусыздану саясаты – Қазақстандық дипломатияның маңызды ресурсы"

Қайрат САРЫБАЙ

Қазақстан Республикасының Австриядағы

Төтенше және Өкілетті Елшісі, Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі

Қарусыздану саясаты – Қазақстандық дипломатияның маңызды ресурсы


Қазақстан Республикасы тең құқықтылық пен кең диалогтың негізінде сенімді, әрі болжамды әріптес, неғұрлым қауіпсіз әлемді құрудың дәйекті жақтаушысы беделіне ие болды. Мемлекет басшысы – Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамаларын халықаралық қауымдастық жоғары бағалайды.

Біздің еліміздің жетістіктер қоржынында: Еуропада іске асырылған интеграциялық бастамалар, Азиядағы өзара іс-қимыл мен сенім шаралары кеңесін шақыру, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі, сондай-ақ 2010 жылғы ЕҚЫҰ, 2011-2012 жылдардағы ИЫҰ және 2018 жылғы қаңтардағы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне табысты төрағалығы бар.

Қазақстанның әлемде мейлінше белгілі болуына, бедел жинауына, ядролық қарусызданудағы берік ұстанымы мен ғаламдық процестерге белсенді араласуы арқасында қол жеткізгені дау тудырмайды. Қазақстанның ядролық қарусыздану саясатын әлемнің ең алыс түкпірі білетіндіктен, оны ерекшелеп тұратын брендке айналды десек асыра айтқандық емес.

Ядролық қарусыздану процесіне Нұрсұлтан Назарбаевтың өз басы алғаш рет және мейлінше мол үлес қосқаны белгілі, өзінің 1991 жылғы Жарлығымен әлемдегі аса ірі ядролық сынақ полигондарының бірі – Семей полигонын жабуы соның дәлелі.

Қазақстан одан әрі ядролық қаруға ие болудан бас тартып қана қоймай, КСРО ыдырап, 1991 жылы тәуелсіздігін алғаннан кейін, құқықты негізде иелік етіп отырған, әлемде төртінші орын алатын ядролық әлеуеттік күш-қуатты толықтай қарусыздандырды.

Семей полигонындағы шамамен 200 туннель мен ұңғымаларды қоса алғанда, ядролық сынақ инфрақұрылымдары жойылды. Ел аумағындағы әрқайсының қуаты бір мегатонна болатын 1040 ядролық оқтұмсық, 104 құрлықаралық СС-18 баллистикалық зымыраны, 370 тактикалық ядролық зарядтары бар Х-55 қанатты зымыранмен жарақталған 40 ТУ-95 ауыр бомбалаушылар жойылды немесе істен шығарылды. Құрлықаралық баллистикалық зымыранға арналған 148 шахта-ұшыру қондырғысы жойылды.

Елбасының Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит аясында БАҚ өкілдеріне берген брифинг. Вашингтон қ., 2016 ж. 1 сәуір. (Akorda.kz)

Қазақстан осы сәттен бастап, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзімен айтсақ «бейбітшілік эпицентріне» айналды. Халықаралық қауымдастыққа ядросыз әлем құруға бағытталған осыншама идеялар мен бастамалар ұсынған өзге елді атау қиынға соғады.

Мемлекет басшысының көптеген бастамалары қазірдің өзінде жүзеге асырылып үлгірді, өзгелері іске асыру сатысын бастан кешіруде. Кейбір идеялары алыс болашаққа бағытталған, оған қол жеткізу ұдайы күш-қайратты талап етеді. Бұл бастамаларды бір ғана нәрсе біріктіреді, олар: шындық, прагматизм, ынтымақтастыққа ұмтылу және адамзаттың болашағы үшін шынайы алаңдаушылық.

Қазақстан дүниежүзі мемлекеттерінің қарусыздануы мәселесінде өзге де белсенділермен күш біріктіреді, бұл жұмысқа Планетамыздың болашағына бей-жай қарамайтын саясаткерлерді және парламентарийлерді, ғалымдарды және қоғам қайраткерлерін, қарапайым адамдарды тартады.

***

Ядролық қарусызданудың ғаламдық процесінің қазіргі жай-күйіне біржақты баға беруге болмайды.

Бір жағынан алғанда, жағдай 30 жыл бұрынғыға қарағанда біршама жақсы. Ядролық оқтұмсықтардың жалпы әлемдік саны бес есе – 1982 жылғы 70 мыңнан қазіргі уақытта дейін шамамен 15 мыңға қысқарды. Стратегиялық шабуылдаушы қару-жарақты СНВ-1 (1991) шектеу және ғаламдық ядролық қатерді азайту СНВ-3 (2010) туралы Америка-Кеңес Одағы және Америка-Ресей шарттарының маңызын қайта бағалау немесе өзгерту мүмкін емес.

Әлемде жинақталған ядролық қарудың арсеналы бұрынғысынша, Планетадағы өмірді бірнеше рет жойып жіберуге жеткілікті болып қалып отыр. Барлық өзге әлемдік қауымдастықтың қарсылығына қарамастан, ядролық қаруға ие болып отырған мемлекеттер оны дамытуды және жетілдіруді жалғастырып келеді, ең қатерлісі – осы қару-жарақтың лаңкестер қолына өту тәуекелі өсе түсуде.

Өзінің 2016 жылы жарияланған «Әлем. XXI ғасыр» Манифестінде Қазақстан Президенті адамзаттың келешегіне терең алаңдаушылығын былай деп білдірді: «ХХ ғасырдың екінші жартысында ядролық қауіпсіздік жөніндегі табысты келіссөздердің нәтижесінде АҚШ пен Ресейдің ядролық арсеналдары айтарлықтай қысқарған болатын. Бес ядролық держава атом қаруын сынау мораторийін жариялады және оны ұстанып келеді. Планетаны жойып жіберу қатері едәуір азайды. Қауіпсіздіктің өңірлік жүйесін құру үдерісі жеделдеді. Енді біз осы жетістіктердің эрозиясын байқап отырмыз».

Ғаламдық және аймақтық деңгейде жұмсалып жатқан күш-жігерге қарамастан, Әлем толықтай алғанда алдын ала болжауға болатын және мейлінше қауіпсіз жағдайда емес. Планетадағы қырғи-қабақ әлеует айтарлықтай өсе түсті. Жалғасып отырған аймақтық әскери қақтығыстар, әскери бюджеттердің өсуі, жаңа, оның ішінде стратегиялық қару-жарақ түрлерінің әзірленуі алаңдаушылық туғызады.

Ғаламдық ядролық қарусыздану процесі ұзақ тоқырауды бастан кешуде. Халықаралық қауымдастықта бәтуаластық пен саяси ерік-жігердің, ең бастысы – өзара сенімнің жоқтығы қарусыздану мәселесін алға жылжытуға кедергі келтіріп отыр.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұл туралы Нью-Йоркте биылғы жылғы 18 қаңтарда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің «ЖҚҚ таратпау: сенім шаралары» атты тақырыптық брифингінде сөйлеген сөзінде былай деді: «Өзара сенімді арттыру кейбір елдер арасында да және ғаламдық деңгейде де барынша өткір және өзекті болып қалып отыр. Сенім шаралары ғаламдық архитектураны қолдаудың, барлық планета ауқымында бейбітшілікті нығайтудың аса маңызы элементі ретінде күн тәртібінде қала беруге тиісті».

***

Ғаламдық ядролық қарусыздану процесі мен ядролық қаруды таратпау режимінің негізгі, олардың түпкі іргетасы, Ядролық қаруды таратпау туралы шарт (ЯҚТШ) болып табылады. 1968 жылы қабылданған осы аса маңызды құжаттың қабылданғанына үстіміздегі жылы елу жыл толады.

Жарты ғасыр бұрын қабылданған ЯҚТШ Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін бүкіл әлемді қамтыған және 1962 жылы «Кариб дағдарысы» аталған тұста ядролық апатқа ұшырата жаздаған ядролық ессіздікті тоқтатуға шақырған маңызды шешім болды.

1960 жылдың аяғында әлемнің көптеген мемлекеттері тартылған, ядролық жанталаса қаруланудың апатты жол екенін түсінуге, сол уақыттың саяси көшбасшыларының ақылы жетті. Осы шарттың негізіне қаланған басты идея, сандық өлшеммен де, сондай-ақ оған ие мемлекеттер саны бойынша да ядролық қаруды таратпау процесін тоқтатуға ұмтылу және рет-ретімен, толық ядролық қарусыздану үшін жағдай жасау болып табылды. ЯҚТШ VI атақты бабында бес ядролық держава (Ұлыбритания, Қытай, Ресей, АҚШ және Франция) «еркін ерік рухында жаппай ядролық қарулануды тоқтату және ядролық қарусыздану бойынша тиімді шаралар қабылдау туралы келіссөздер жүргізуге» міндеттенді.

Өкінішке орай, ЯҚТШ режимінің кемшілігін толық дәрежесінде алдын-ала жою мүмкін болмады. Ядролық мемлекеттер қатарының бақылаудан тыс өсуі, XXI ғасырдың да барынша маңызды қатері болып қалуда. КХДР-дың ядролық әскери бағдарламасы, көптеген онжылдықтар ішінде алғаш рет, әлемді ядролық қақтығыстың шегіне алып келіп отыр.

ЯҚТШ VI бабын орындау үшін алға жылжудың жоқтығына байланысты ядролық емес мемлекеттер, өздерінің міндеттерін орындамаған, ядролық қаруға «заңды түрде» ие–«ядролық бестік» аталатын мемлекеттерді ашық түрде айыптауда. Ядролық елдердің ядролық қаруға мәңгілік ие болуға және өзінің ерекше басымдық жағдайын сақтап қалуға ұмтылатыны күдік тудырады.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев 2006 жылғы қыркүйекте АҚШ-та, «Ядролық қатерді қысқарту жөніндегі бастамалар» (Nuclear Threat Initiative (NTI)) Қоры өкілдері алдында сөйлеген сөзінде былай деп атап көрсетті:

«Әлемде Халықаралық құқықтың негізгі талаптарына мүлде қарама-қайшы кереғар жағдайлар қалыптасты: біреулерге қару иемденуге және оны жетілдіруге рұқсат етіледі, ал өзгелерге –ие болуға және тіпті әзірлеуге тыйым салынады. Бұл дұрыс емес, әділдік емес, тепе-теңдікке жатпайды».

Өз кезегінде, ядролық қаруға ие мемлекеттер, ең алдымен «ядролық бестік», өздерінің ядролық әлеуетін аталған кезеңде өз елдерінің және одақтастарының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін құрал ретінде сақтаудың тиімділігі туралы пікір білдіреді. Олар «өзара кепілді жою» «стратегиялық тұрақтылық» талабына негізделген, «қырғи қабақ соғыс» аяқталғаннан кейін шын мәнінде жойылып кеткен терминді қолдау қажеттілігін айтады, бұл мәселе әсіресе соңғы жылдары ядролық ірі мемлекеттер өкілдерінің сөйлеген сөздерінде жиі естіледі.

Ядролық қаруды сақтау туралы ядролық ірі мемлекеттердің тұжырымдары ядролық қаруға ие емес, алайда қолында болғанын қалайтын мемлекеттер тарапынан түсіністік табуда. Олар, егер біреулер өздерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ядролық арсеналға ие болып отырғанда, неге өзге мемлекеттер мұндай құқықтан айырылуға тиісті деген орынды сұрақ қояды.

Ядролық тежелу доктринасы «қырғи қабақ соғыс» кезеңінде қалыптасты.Дегенмен де мұнда, орын алған көптеген шиеленісті жағдайларға қарамастан, әлемнің өлім себетін қару-жарақты қолданудан бастартуына және жер бетінен жойып жіберетін жаппай қырғын соғыстың туындауына ұшырауды болдырмаудың тиімді дәні болғандығы айқын. Алайда, көп полярлы әлем жағдайында мұндай логика жұмысын тоқтатып отыр.

Бүгіндері біздер ядролық қаруланудың ғаламдық тежеу құралынан (және, тиісінше, жалпыға бірдей қауіпсіздікті қамтамасыз ету) аймақтық тежелу құралына, барынша кең ауқымда – аймақтық проблемаларды шешу құралына айналып отырған мейлінше қатерлі үрдісті бақылап отырмыз. Өлім себетін қаруды аяқ асты қолдану қауіпі бірнеше есе өсе түсті. Бұл, қазіргі әлемді алдын ала болжау үшін аз ғана орын қалдырады, ал ядролық қаруды қолдану проблемасын – ғаламдық қана емес, сонымен бірге, оқшауланған факторларға байланысты барынша кешенді түрде қарауға мәжбүр етеді. Мұны Корея түбегі төңірегіндегі қазіргі ахуал нақты суреттеп бере алады.

Ядролық тежелу тұжырымдамасы бұрынғысынша өзекті ме деген пайымға келуіміз қажет. «Ядролық клубты» нақты кеңейту, ядролық қаруға ие болу «жаңа ядролық» елдердің, егер әлемдік ядролық ірі мемлекеттердің емес, бүгінде ие болып отырған немесе ие болу шегіне жетіп отырған аймақтағы көршілері тарапынан ядролық қаруды қолдануына немесе қолдану қатеріне қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған, тепе-теңдікті ұстап тұратын құрал, қандай да бір арсенал ретінде қарауының салдары емес пе?

Осылайша, - ядролық тежелу адамзат қауіпсіздігінің кепілдігі болып табыла ма немесе барлық жағдайда көп жағдайда қатер алып келе ме деген басты мәселеге ойлануға тура келеді.

Қазақстан Президенті 2006 жылғы қыркүйекте былай деп атап көрсетті: «Қарсы күресуші мемлекеттердің ядролық әлеуетті өзара тежеу арқылы өзінің құнын төмендеткен қауіпсіздік тұжырымдамасы өзінің ескіргенін толық дәрежеде дәлелдеді».

Ядролық қаруға ие елдердің ұстанымы қауіпсіздіктің абсолютті кепілдігі болып табылатындығы өзін-өзі ақтамаған мәселе болып қалып отыр.

2012 жылғы 29 тамызда Астанадағы «Ядролық сынақтарға тыйым салудан, ядролық қарудан азат әлемге» Халықаралық Конференциясында сөз сөйлеген мемлекет басшысы: «Ядролық қару – адамзат үшін өзін-өзі жою. Осы тұрғыдан алғанда әскери ядролық қуатқа ие болуға ұмтылу - бұл барып тұрған абсолютті күпірлік» деп атап көрсетті.

Ядролық қаруға ие болудан өз еркімен бастартқан Қазақстанның тәжірибесі, шынайы ұзақ мерзімдік қауіпсіздік кепілдігін кез-келген мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық тұрақты дамуы және барлық елдермен өзара тиімді ынтымақтастығы ғана қамтамасыз ететіндігін ашық көрсетті.

***

Біздің еліміз, ядролық қаруды таратпау туралы шартты халықаралық қауіпсіздіктің бұлжымас іргетасы болып табылады деп санайды және одан бас тарту қазіргі барлық жүйенің қирауына алып келер еді деп есептейді. Сонымен бірге, шарт асимметриялы болып қала отырып және ядролық емес мемлекеттерге тыйым салуды ғана қарастырып, өзіне жүктелген мақсаттарды толық дәрежеде ақтамай отыр. Ол мемлекеттердің Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (АЭХА) алдындағы өзінің міндеттемелерін бұзу фактісі бойынша АЭХА және БҰҰ әрекет ететін нақты және айқын сызбалардан тұрмайды. ЯҚТШ өз қатысушыларына қол қоюшылар қатарынан ешқандай зардапсыз шығуға мүмкіндік береді. Бұл жағдайлардың барлығы Шарттың тиімділігі мен пәрменділігін төмендетеді.

Қазақстан ЯҚТШ режимін нығайтуға бағытталған бастамалар көтеріп, бірнеше рет мәлімдеме жасады.

ЯҚТШ іске асыруға байланысты терең проблемалардың орын алып отырғандығын түсінетін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2007 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 62-сессиясында сөйлеген сөзінде ядролық ірі мемлекеттерді, ядролық қарудан азат бейбіт өмірге қарай қадам басуға шақырды, осылайша, ЯҚТШ тиімділігін қамтамасыз ету және ядролық қаруды таратпау режимін нығайту бойынша өзгелерге үлгі көрсетті. ЯҚТШ шеңберінен тыс әрекет ететін ядролық қаруға ие елдерге ықпал жасайтын және мемлекеттердің Шарттан шығуын болдырмаудың нақты тетіктерін әзірлеу қажеттігін атап көрсетті. Оған қатысушылардың атом энергиясын таратпау, бейбіт мақсатқа пайдалану және қарусыздану сияқты үш іргелік құрамдастың тұтастығын іске асыруда өз міндеттемелерін сөзсіз орындауына қол жеткізу қажет.

Егер, ядролық қарудың көлденеңінен таралуын болдырмау үшін, бүгінгі таңда бақылаудың барынша немесе тиімділігі төмен шаралары әзірленген болса, ядролық қарудың санын молайту және оны жетілдіру халықаралық қауымдастықтың бақылау аясынан тыс қалып отырғаны. Көптеген ядролық мемлекеттер өздерінің ядролық арсеналын жаңартумен айналысып жатқандығын жасырмай айтуда.

2001 жылы жарыққа шыққан «Әлемнің эпицентрі» кітабында Президент Нұрсұлтан Назарбаев ЯҚТШ режимін нығайтуға көмектесуге және әмбебаптығын қамтамасыз етуге шақырған, ядролық қаруды жалпыға бірдей көлденеңінен және тігінен таратпау туралы жаңа әмбебап шартты әзірлеу идеясын алға тартты. Жаңа құжат, ядролық қаруды таратпау мен қарусыздану саласында қолданылатын келісімдерді толықтырып, «қосарланған стандарттың» қолданылмауына кепілдік болар еді және тараптардың нақты міндеттемелері мен оны бұзушыларға санкциялар қолдану тетіктерін қарастырар еді.

Биылғы жылғы 18 қаңтарда Нью-Йоркте БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің «ЖҚҚ таратпау: сенім шаралары» тақырыптық брифингте сөйлеген сөзінде Қазақстан Президенті мемлекеттердің ЯҚТШ-дан шығуын күрделендіруді және осы мақсатта БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құралдарын пайдалана отырып «ЖҚҚ сатып алуға және таратуға қарсы нақты жұмыс істейтін қатаң шаралар тетіктерін әзірлеуді» ұсынды.

Ядролық қарусыздану бағытында практикалық қадамдардың жоқтығына алаңдаған біздің Мемлекетіміздің басшысы 2010 жылы Вашингтонда және 2012 жылы Сеулде Ядролық қауіпсіздік саммитінде Жалпыға бірдей ядролық қарусыз әлем декларациясын, келешекте, БҰҰ шеңберінде қабылдау туралы бастама көтеріп сөз сөйледі, онда «барлық елдердің ядролық қарусыз ізгі әлемге қарай қадам басуға ұмтылысы тіркелді», бұл «Ядролық қару жөніндегі Конвенция жолындағы маңызды қадам» болар еді.

2005 жылғы қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-сессиясында сөйлеген сөзінде ол ХХI ғасырдағы адамзаттың басты мақсаты ядролық қарусыз әлемді құруға шақырды. 2015 жылғы 23 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдаған, Қазақстан Президенті бастамашы болған ядролық қарудан азат әлемді құру туралы жалпыға бірдей декларация ядролық қаруға тыйым салу және оны жою туралы әмбебап құқықтық міндетті құжатты қабылдау жолындағы маңызды қадам болды.

БҰҰ 122 мүше мемлекеттер 2017 жылғы шілдеде Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартқа (ЯҚТСШ) қол қоюды мақұлдады. Өкінішке орай, келіссөздер процесіне қатысудан ядролық қаруға ие мемлекеттер қалыс қалды. Дей тұрғанмен, жаңа Шарт адамзатты ядролық қатерден толық арылту жолындағы маңызды кезеңге айналды.

Бұрын, 2006 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Жалпыға ортақ және ғаламдық қарусыздану проблемасы, ядролық қаруға ие мемлекеттер емес, ядролық және ядролық емес мемлекеттер сияқты – барлық халықаралық қауымдастықтар шешкенде ғана шешімін табатын болады» деген болатын. Қазір біз осы процестің басталғанына куә болып отырмыз.

Қазақстан қабылданған ЯҚТСШ-ны қолдайтын мемлекеттердің бірі ғана болып қалмай, оны әзірлеуге белсенді түрде қатысуда. Бұл таңдау кездейсоқ емес. Әлемде Қазақстан сияқты ядролық қарудан жері көп зардап шеккен мемлекет аз.

Біздің республикамыздың аумағында 1949-1991 жылдары 468 ядролық жарылыс болды, оның 456 Семей ядролық полигонында орын алды. Олардың қосынды қуаты Хиросимаға тасталған 2500 атом бомбасына парапар еді. Ядролық сынақтардан 1,5 млн. адам зардап шекті. Радиациялық ластануға шамамен қазіргі Германия аумағына тең ауқымды аудан ұшырады. Ядролық сынақтардың зардаптары күні бүгінге дейін еңсерілмей отыр, олар адамдар денсаулығына зиянды әсер етуде. КСРО мен АҚШ ядролық қарсыласу кезеңі «қырғи қабақ соғыс» уақытынан тәуелсіз Қазақстанға қалған қайғылы мұра осындай.

Ядролық қарсы тұру кезеңінің басы болған, Семей полигонында Кеңес үкіметінің алғашқы ядролық жарылысы болған күн 1949 жылғы 29 тамыз кейінде қалды. 1991 жылғы 29 тамызда Президент Нұрсұлтан Назарбаев, бүгінде тарихқа айналған, ядролық полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойды. Қазіргі уақытта, біздің еліміздің бастамасы бойынша 29 тамыз бүкіл әлемде ядролық сынаққа қарсылықтың халықаралық күні ретінде атап өтіледі, 2009 жылғы желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясы тиісті қарарды бір ауыздан қабылдады.

Нұрсұлтан Назарбаев бұрынғы КСРО-ның әскери өнеркәсіптік кешенінің қатаң қысымы жағдайында Қазақстандағы ядролық сынақты тоқтатуға шешім қабылдай отырып үлкен ерлік жасады. Бірақ ол, көп зардап шеккен Семей жеріндегі ядролық сынақтың қырық жылдық тарихына нүкте қоюға шақырған халықтың еркіне арқа сүйеді. 1991 жылғы 29 тамыздағы Жарлық шын мәнінде біздің еліміздің шынайы тәуелсіздігінің тұңғыш актісі болып табылды.

Ядролық сынаққа әлемде тұңғыш рет тыйым салыну, барлық дүниежүзі бойынша ядролық полигондарды жабу процесінің басы болды және 1996 жылы қол қою үшін ашылған, жалпыға бірдей Ядролық сынаққа жаппай тыйым салу туралы шарттың (ЯСЖТШ) қабылдану процесіне негіз болып қаланды.

Өкінішке орай, ЯСЖТШ күні бүгінге дейін күшіне енген жоқ. Бұған шарттың 2-қосымшасына сегіз елдің: ҚХР, Египет, Үндістан, Иран, Израиль, КХДР, Пәкістан және АҚШ мемлекеттерінің Шартқа қол қоймауы немесе ратификацияламауы кедергі болып отыр, олар қосылмайынша Шарт күшін сақтай алмайды. Осы маңызды процестің аяғына дейін жетпегеніне қарамастан, БҰҰ Веналық бөлімшесі алаңында ЯСЖТШ Ұйымы құрылды және табысты жұмыс істейді, айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізуде.

Сейсмикалық, радионуклидтік, гидроакустикалық және инфрадыбыстық бақылау саласындағы қазіргі технологияда пайдаланылатын, станциялардың ғаламдық желісі – Ядролық сынақтар мониторингінің халықаралық желісін (ЯСМХЖ) қалыптастырушын мағынасында аяқталды. ЯСМХЖ бір де бір ядролық жарылыс қоғамдық қауымдастықтың бақылауына тыс қалмайтындай бақылауды қамтамасыз етуге арналған. Бұл жүйенің тиімділігіне мынадай деректер дәлел бола алады – жаңа жүзжылдықта КХДР жүргізген барлық алты ядролық сынақ, ЯСМХЖ-мен, оның ішінде қазақстандық сектормен шынайы уақыт режимінде тіркелді.

Қазақстан ЯСЖТШ Ұйымының неғұрлым белсенді қатысушысы бола отырып, ядролық сынаққа тыйым салу режимін нығайту үшін біраз шаруа тындырды.Қазақстанның 2015-2017 жылдарда ядролық сынаққа тыйым салу процесіне қосқан үлесін есепке алғанда, сондай-ақ Жапониямен бірге ЯСЖТШ XIV бабы бойынша, оның күшіне енуіне қатысты Конвенцияның тең төрағасы болды.

Қазақстан мен Жапонияның тең төрағалығының бірегейлігі сол, екі ел де ядролық қаруды қолданудан және сынаудан зардап шекті, сондықтан да ЯСЖТШ-ға қол қоймаған және ратификацияламаған өзге мемлекеттерге өтініш жасауға, оны тезірек жасауға шақыруға олардың моральдық құқығы бар. Екі ел миссиясының символдығы мынада, олардың тең төрағалығы Хиросима және Нагасакиге ядролық қаруды бірінші және жалғыз рет қолданудың 70 жылдығына, Семей полигонын жабудың 25 жылдығына және ЯСЖТШ қол қоюдың ашылғанына 20 жыл толуына тұспа-тұс келді.

2015 жылғы қазанда Астанада Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Жапонияның Премьер-министрі Синдзо Абэ бірлескен үндеуге қол қойды, онда олар ЯСЖТШ жылдам күшіне ену жолын берік ұстанатынын дәлелдеді.Аталған құжат, Шартқа қол қоймаған және ратификацияламаған мемлекеттерді шақыра отырып, екі елдің осындай биік саяси деңгейде қабылдаған бірінші үндеуі болды.

Қазақстанда биылғы жылы ЯСЖТШ Ұйымы Жас топтарының және Көрнекті қайраткер топтарының конференциясы жоспарлануда, бұл өз кезегінде ядролық сынаққа тыйым салу тақырыбына халықаралық назарды кеңінен аударуға және Қазақстан бастамашы болған Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні туралы БҰҰ БА қарарының мақсаттарын іске асыруға мүмкіндік береді.

2012 жылғы 29 тамызда, Астанада «Ядролық сынаққа тыйым салудан, ядролық қарудан азат әлемге» атты халықаралық конференцияда сөз сөйлеген Президент Нұрсұлтан Назарбаев АТОМ халықаралық жобасына («Abolish Testing. Our Mission») бастамашы болды.

Осы онлайн-жоба аясында Планетаның әрбір азаматы әлемдік көшбасшыларға айқын ескерту жасай отырып, ядролық қаруды сынауды тоқтату талабымен бірге ұжымдық өтінішке қол қоя алады. Қазіргі уақытта бүкіл әлемдегі адамдардың үштен бірі электронды петицияға өздерінің есімдерін жазып, қолдарын қойды.

Ядролық қарудың адамгершілікке жат, талғамайтын, адамзатқа қарсы болмысы Қазақстан тұрғындарына, әсіресе бұрынғы Семей полигонына жапсарлас өңір тұрғындарына жақсы таныс. Сол себепті де, Қазақстан осы проблема бойынша 2013-2014 жылдары Ослода (Норвегия), Наяритте (Мексика) және Венада (Австрия) үш халықаралық конференцияға қатысып, ядролық қарудың гуманитарлық зардаптары жөніндегі ғаламдық бастамаға қолдау көрсетті.

Ядросыз әлемді қалыптастырудың тағы бір маңызды бағыты, ядролық қарудан азат аймақтар құру болып табылады. Қазіргі уақытта ядросыз аймақ біздің Планетамыздың үлкен бөлігін қамтиды. Жекелеген мемлекеттер мен көршілес елдер тобы, өз аумағында ядролық қаруды сақтауға, сынауға, пайдалануға және құруға заңды тыйым салуды міндеттеуді енгізуде.

Қазақстан Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақты құрудың (ОАЯҚАА) бірден бір бастамашысына айналды. Алматы декларациясына сәйкес 1997 жылы Орталық Азия аймағы мемлекеттері – Қазақстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Өзбекстан – сегіз жыл бойы ОАЯҚАА туралы Шарттың жобасымен жұмыс істеді. Бұл жұмыс Семей қаласында 2016 жылғы 8 қыркүйекте Шартқа қол қоюмен аяқталды.

Ядролық қарудың зардабын толық мағынасында басынан өткерген Семей жерінде Шартқа қол қоюдың символдық мәні бар. Көптеген мемлекеттер аталған шартты еңбегіне лайық «Семейлік» деп атайды.

Орталық-азиялық аймақтың осыған ұқсас аймақтармен салыстырғанда көптеген ерекшеліктері бар. Атап айтқанда, қызметтің бейбіт мақсатына үндей отырып, ядролық материалды әскери мақсатқа қайта қосу ниетінің жоқтығын растайтын АЭХА Қосымша хаттамасына қатысушы барлық мемлекеттердің міндетті қол қоюын қарастырады, бұл аймақтың ядросыз келешегін қамтамасыз ету бойынша Орталық Азия елдерінің берік ұстанымын тағы да бір дәлелдейді. Бұл, толықтай Солтүстік жарты шарда орналасқан, аумағына бұрын ядролық қару орналасқан бірінші аймақ. ОАЯҚАА ерекшелігі, ол екі ядролық ірі мемлекет – Ресеймен және Қытаймен шектесетіндігінде – сондай-ақ ядролық қаруға ие болып отырған Үндістанға және Пәкістанға жақын орналасқан.

Шарттың маңызды элементі, ядролық қаруды қолдануға қарсы жағымсыз кепілдіктер және қолдану қатері туралы хаттама болып табылады. Қазақстандық тарап, Хаттамаға қол қою мәселесі бойынша Орталық Азия елдері атынан «ядролық ірі мемлекеттермен» келіссөздер жүргізуге өкілеттіті әріптес болды. 2014 жылғы 6 мамырда Нью-Йоркте, БҰҰ штаб-пәтерінде, «ядролық бестік» елдерінің өкілдері – Ұлыбритания, Қытай, Ресей, АҚШ және Франция–Хаттамаға қол қойды. Оның, АҚШ-тан басқа төртеуі аталған құжатты ратификациялап үлгірді.

Мемлекет басшысының 2017 жылғы 29 тамызда Астанада Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің төмен байытылған уран банкі ғимаратын ашу салтанатында сөйлеген сөзі барысында айтқан жаңа бастамалары, неғұрлым бейбіт, ядролық қарудан азат әлемге талпыныстан, бұл процесс айтарлықтай қиындықтарға тап болатынына алаңдаушылықтан туындаған. Атап айтқанда, Қазақстан Президенті, ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитті өткізуді қайта жандандыруды және ядролық қарудан азат, барлық қазіргі аймақтардың күшін біріктіру үшін алдын ала қадамдар жасауды ұсынды.

***

Қазақстанның ғаламдық қарусыздануға қосқан тарихи үлесі дау тудырмайды. Бұл, әлемдік тарихтағы толық ядролық қарусызданудың бірінші мысалдарының бірі болды.

Қазақстан бейбітшіліктің тұғыры ядролық арсенал емес, елдердің бейбіт сүйгіш сыртқы саясаты, ішкі тұрақтылығы, тұрақты экономикасы және саяси дамуы болып табылатынын өз мысалымен сенімді түрде көрсете отырып, адамзаттың қазіргі және келешектегі ұрпағы алдында жоғары жауапкершіліктің үлгісін көрсетті.

Қазақстан осыдан 26 жыл бұрын ядролық қарудан азат әлемнің пайдасына қатаң қағида тұрғысынан таңдау жасады. Біздің ядролық қарусыздануға қосқан практикалық үлесіміз, халықтарды және үкіметтерді өзара сенімді нығайту негізінде, ядролық өзін-өзі жою қатерінен біздің Планетамызды арылту бойынша күш-жігерді еселеуге шақыру үшін бізге моральдық құқық береді.

Мемлекет басшысы 2016 жылы «Қазақстанның әлемге ұсынып отырған «тежеу» техногендік түсінігінен гуманитарлық «сенім» түсінігіне оралудың символы тереңде және көптеген ұрпақтың данагөйлігімен тексерілген» деп атап көрсетті.

Ғаламдық ядроға қарсы қозғалыстың көшбасшысы бола отырып Қазақстан, алдағы неғұрлым қауіпсіз келешекке жолды көрсетіп берді және бүкіл әлемді біздің еліміздің, сондай-ақ қарусыздану жолына түскен өзге де елдердің үлгісін ұстануға дәйекті түрде шақырады.

ХХI ғасыр ядролық қарудан азат әлем кезеңінің басы болуға тиісті. Осы тұрғыдан алғанда, қазақстандық дипломатия осы бағыттағы жұмысын белсенді түрде жалғастыратын болады.



Қосылған : 12.04.2018, 19:25, Өзгертілген : 12.04.2018, 19:25