Қайрат Лама Шариф. Қазақстан мен БАӘ: кең ауқымды серіктестікті құру

Қайрат ЛАМА ШАРИФ, Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі

Қазақстан және БАӘ: кең ауқымды серіктестік құру

Мемлекет басшысы ресми сапармен Біріккен Араб Әмірліктерінде. 24 наурыз 2018 ж. (Akorda.kz)

Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері бауырластық және сенімді қарым-қатынастарды екіжақты өзара тиімді ынтымақтастық аясында дамытып келеді. Мұндай ынтымақтастықтың іргетасы Қазақстан өз тәуелсіздігін алған күннен бастап қаланған болатын. Жоғары деңгейдегі кездесулердің қарқыны халықаралық қатынастар тұрғысынан алғанда теңдессіз іс-қимылды көрсетеді, соның арқасында Қазақстан мен Әмірліктер арасындағы ынтымақтастық қарыштап дамып келеді.

Халықаралық мәселелерде бізді жаһандық және аймақтық өзекті проблемалар бойынша ұстанымдарымыздың жақындығы немесе сәйкестігі біріктіреді. Қазақстан және Әмірліктер көптарапты алаңдарда өзара тиімді іс-қимыл жасауда, оның ішінде БҰҰ, ИЫҰ, АӨСШК бағытында маңызды халықаралық мәселелерді реттеу бойынша өз әрекеттерін тығыз үйлестіруде. Бұл жағдай аймақтағы араб елдері арасында Қазақстанның саяси беделінің артып келе жатқанын айқындай түседі. Әсіресе, араб әлемі Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде күрделі халықаралық және аймақтық мәселелерді шешуге белсенді түрде атсалысып келе жатқанын байқап отыр. Аймақтағы жағдайдың тұрақтануы және Астанада өтетін Сириядағы қарулы қақтығысты бейбіт жолмен реттеуге бағытталған сирияаралық келіссөздер де арабтардың жіті назарында.

Біріккен Араб Әмірліктері Қазақстан Республикасының Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес шеңберінде Азиядағы қауіпсіздік және даму ұйымын құру туралы бастамасын қолдайтындығын растады. Әмірліктер ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізу бастамасын да жоғары бағалауда және бұл съездер халықаралық қауымдастықтың барлық игі бастамаларын жинақтайды деп санайды. Бұл игі бастамалар тепе-теңдікке, әділеттілікке, толеранттылыққа және тату-тәтті өмір сүруге шақыратынын, сондай-ақ өшпенділік, жек көрушілік пен зорлық-зомбылықты қоздыратын іс-әрекеттерге және арандатушылыққа жол бермейтіндігін атап өтуде.

Екі ел арасындағы тығыз байланыстар «экономикалық дипломатия» саласындағы белсенді әрі жүйелі күш-жігердің арқасында қарқын алуда. Бұл іс-әрекеттер «5 институттық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» – Ұлт жоспары және тағы басқа бағдарламалық құжаттарда көрсетілген басты мақсаттарды қамтитын экономикалық саясаттың басым бағыттарын тиімді ілгерілетуге бағдарланған.

Ауқымды және келешегі зор инвестициялық мүмкіндіктер мен екіжақты мүдделіліктің арқасында БАӘ Қазақстан экономикасына ең ірі өңірлік инвестор болып қалуда. Елімізде Әмірліктер капиталының қатысуымен 200-ден астам бірлескен кәсіпорындар жұмыс істейді. ҚР Ұлттық банкінің мәліметтеріне сәйкес, 2005-2017 жылдары аралығында БАӘ-нің Қазақстан экономикасына салған тікелей инвестицияларының көлемі 2 миллиардтан аса доллар құрады. 100-ден астам мемлекетаралық, үкіметаралық және ведомствоаралық келісімдерден тұратын көлемді шарттық-құқықтық негіз тұрақты түрде жаңғыруда. Сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Әмірліктер үкіметаралық комиссиясы да тиімді қызмет атқаруда.

Соңғы жылдары Президент Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдаулары Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы Қазақстанның үшінші жаңғыруына және дамудың жаңа мүмкіндіктеріне арналған. Біздің еліміз сияқты БАӘ Үкіметі де өз тәжірибесі мен жаһандық үрдіске сүйене отырып, 2017 жылдың қыркүйек айында Төртінші өнеркәсіптік революция (4IR) Стратегиясын қабылдады. Екі бауырлас елдің даму перспективаларына қатысты көзқарастар мен мәселелерді іске асыру тәсілдерінің, оларды шешу жолдарының ұқсастығы біздер үшін өзара тиімді экономикалық қарым-қатынастар жасауда бірегей мүмкіндіктер тудыруда. Қазірдің өзінде ондай мүмкіндіктердің біразы іске асырыла бастады.

Атап айтқанда, қосылған құны жоғары өнім шығаратын мұнай-химия саласындағы ірі жобаларды іске асыру – біздің ынтымағымыздың берік тұғырларының біріне айналып отыр. Осы саладағы аса ірі әрі серпінді жоба болып саналатын Атырау облысындағы «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағында бой көтеретін Интеграцияланған газ-химия кешені мен полипропилен зауытының құрылысы біздің әріптестігіміздің ұзақ мерзімді сипатына дәлел бола алады.

Дүниежүзінде полиэтиленді өндіруден төртінші орын алатын «Borealis AG» аустриялық компания оны іс жүзіне асырады. Осы жоғары технологиялы әрі өнімдері жоғары сұранысқа ие. Бұл компания Еуропада орналасқанменен, оның 64% акцияларын бақылау пакеті Әмірліктердің «Mubadala Investment Company» мемлекеттік инвестициялық компаниясына тиесілі, ал қалған 36%-ы «OMV» аустриялық компаниясының үлесінде. Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылдың 24 наурызында Әмірліктерге жасаған ресми сапары шеңберінде осы ірі жобаны іске асырудың маңызды қадамы жасалып, «Borealis AG» аустриялық компания мен қазақстандық «Біріккен химия компаниясы» инвестициялық уағдаластықтар принциптерін айқындайтын үш негізгі құжаттарға қол қойды.

Интеграцияланған газ-химия кешеніне жұмсалатын инвестиция көлемі 6,5 млрд. долл. деп бағалануда. Бұл жоба Қазақстан аумағында жылына 1250 мың тонна полиэтилен өндіруді ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Ол ішкі сұранысты толығымен жабады және тұрақты экспорттық түсімді қамтамасыз етеді. Сондай-ақ жоба шеңберінде оның құрылысын салу барысында 6 мыңға жуық жұмыс орнын ашу жоспарлануда, ал оны пайдалану кезеңінде 560 тұрақты жұмыс орындары және мультипликативті әсерге байланысты аралас салалар үшін 3 мыңға жуық жұмыс орны пайда болады. Соның нәтижесінде бюджетке жыл сайын жеке табыс салығы, әлеуметтік салық және зейнетақы аударымдары түрінде түсімдер түседі. Жобаны іске асыру арқылы озық шетелдік технологиялардың трансферті өтеді, ал өндірілетін өнім полимерлік өнімнің 50-ден астам түрлері үшін одан әрі қайта бөлудің шикізатына айналады (жергілікті полимерлі технология өнімдерін дамытуға жәрдемдесу). Кешеннің Қазақстан Республикасының жалпы ішкі өніміндегі үлесі - жылына орта есеппен 1,2% құрайды. Құны 2,6 млрд. долл. болып есептелетін полипропилен зауытын салу шаралары да қарқынды жүргізілуде. Зауыттың қуаттылығы жылына 500 мың тонна полипропиленді құрайды. Оның құрылысын 2021 жылы аяқтау көзделуде.

Осы өндірістерді құру Қазақстанға перспективада әлемдік нарықтардың қатарына кіруге мүмкіндік береді, өйткені полипропилен мен полиэтилен әлемдік қажеттіліктің 60%-ын құрайтын ең танымал полимерлер болып табылады. Ағымдағы жылдың 24 наурызында Әбу Дабиде Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы үкіметаралық келісімге қол қойылуы инвестициялық қарым-қатынастарымызды дамытуға қарқынды серпін берді. Әңгіме бұл қадамның дер кезінде жасалғаны туралы болып отыр. Осылайша қазақ тарапы екі жобаның жалпы құны 9,1 млрд. долларын құрайтын инвестицияларын қорғауға кепілдік береді.

ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың БАӘ-не жасаған ресми сапары кезінде әмірліктердің «Жебел Әли» еркін экономикалық аймағымен басқару және инвестицияларды тарту саласындағы ынтымақтастықты кеңейту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Нәтижесінде, «Ақтау теңіз порты» мен «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының, сондай-ақ еліміздің көлік-тасымалдау әлеуетін дамыту мақсатында «DP World» компаниясының «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы акционерлік қоғамының капиталына кіруінің негізгі қағидаттары туралы және «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы акционерлік қоғамының акцияларының 49%-ын сатып алу бойынша негіздемелік келісімдерге қол қойылды. Терминалдардың, еркін аймақтар мен порттардың әлемдік операторы «Жебел Әли» ЕЭА-ны озық басқару тәжірибесін пайдаланады және 2020 жылға дейін қазақстандық әріптестерімен Қазақстанға шамамен 1 млрд. доллар көлемінде инвестициялардың тартылуын қамтамасыз етеді. Ірі порт операторымен ынтымақтастық орнату Қазақстанға Ақтау мен Қорғастағы арнайы экономикалық аймақтардың жұмыстарын жандандыруға мүмкіндік жасайды және еліміздің инвестициялық әлеуетінің артуына күшті серпін береді.

Астана қаласындағы жалпы сомасы 1,6 млрд. долларды құрайтын Орталық Азиядағы ең ірі «Әбу Даби Плаза» инвестициялық жобасының іске асырылуы елдеріміз үшін ерекше мақтаныш болып табылады. «Әбу Даби» көпфункционалды кешені тұтас стилобат болып саналатын бес биік ғимараттан тұрады. Олардың ең биігі 75 қабатты зәулім ғимарат. 500 мың шаршы метрді алып жатқан кешенде сауда орталығы, қонақ үй, офистер және тұрғын пәтерлер орналасқан. 2018 жылдың наурыз айында құрылыс жұмысының жалпы көлемінің 72% орындалған болып есептелді. Құрылыс жұмысының бірінші кезеңі 2018 жылдың 1 шілдесінде аяқталады деп жоспарлануда. Ал 2019 жылдың соңында кешеннің құрылысы толық бітіп, пайдалануға беріледі.

Қазақстан мен Әмірліктерде ғарыш және ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта зерттеу саласында өзара тиімді іс-қимылды кеңейтудің жақсы келешегі бар. Қазақстан ғарыш технологиялары бар 30 мемлекеттің және жоғары озық технологиялар бойынша 10 мемлекеттің қатарына кіреді. Осыны негізге ала отырып, Біріккен Араб Әмірліктері ғарыш саласындағы инвестициялық жобаларға, әсіресе «Байтерек» бірлескен ресей-қазақ ғарыш жобасына енуге қызығушылық танытуда. Ағымдағы жылғы 21 наурызда Байқоңыр ғарыш айлағында Қазақстан, Ресей және БАӘ ғарыштық мекемелерінің басшылары бас қосып, ғарыш саласындағы ынтымақтастықты дамыту туралы үштарапты хаттамаға қол қойды. Бірлескен жоба 2022 жылы іске асады деп күтілуде. Ал биыл «Байтерек» жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі қорғалады. Жобаны қаржыландыру 2019 жылы басталуы тиіс. 2022 жылы осы ғарыш жобасы шеңберінде зымыран-тасығыш ұшырылатын болады.

БАӘ-нің энергетика саласындағы атомды бейбіт мақсатта пайдалану бағдарламасының қарқынды түрде іске асуы аясында екі елдің мүдделері түйісетін тағы да бір маңызды бағыт пайда болуы мүмкін. Таяу уақытта Әмірліктерде салынып жатқан «Барака» атом энергетикалық станциясының төрт қуат блоктарының алғашқысы іске қосылады. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ БАӘ нарығын Таяу Шығыстағы келешегі зор алаңдардың бірі деп есептейді. Сондықтан ол «Барака» атом энергетикалық станциясына Қазақстанның табиғи ураны не байытылған уран өнімі күйінде ядролық отынымен қамтамасыз ету саласында тікелей байланыстар орнатуға мүдделік танытуда. Әскери-техникалық байланыстарды дамыту мен Қазақстанның машина жасау кәсіпорындарының өнімдерін Әмірліктердің нарығына шығару мәселелері де екіжақты қарым-қатынастардың келешегі зор бағыттары қатарына жатады. Қазіргі уақытта Әбу Дабидің «KIZAD» индустриалды аймағында «Қазинжиниринг» ұлттық компаниясының өкілділігі ашылды.

Тауар айналымы экономикалық ынтымақтастың маңызды көрсеткіші болып табылады. Әбу Даби тағының мұрагерімен болған соңғы кездесуде Мемлекет басшысы «Өзара уағдаластықтарды іске асырудың арқасында тек 2017 жылы сауда-саттық көлемі екі есе өсіп, 374 миллион доллардан 643 миллион долларға дейін жетті. Ал 2015 жылдан бастап бұл көрсеткіш алты есе артты», – деп атап өтті. Міне, осылайша Қазақстан үшін Біріккен Араб Әмірліктері Парсы шығанағындағы араб елдерімен сыртқы сауданың өріс алуының жағымдылығы тұрғысынан болса да, ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігінің артуы тұрғысынан болса да үлкен маңызға ие. Бұл үрдіс, кем дегенде, мынадай үш фактормен анықталады:

1.БАӘ Азия мен Еуропадағы жүк тасымалдаушы компаниялардың жол тораптары түйісетін орталыққа айналуда. Мамандардың болжамдары бойынша, алдағы уақытта Қытай, Таяу Шығыс пен Орталық Азияның ауқымды тауар ағымдары Парсы шығанағы аймағына бұрылуы ықтимал.

2.Оңтүстік-Шығыс Азия, Африка құрлығы, Үндістан және тағы басқа елдер үшін БАӘ-нің әлемдегі ірі теңіз айлақтары мен қоймалары ең жақын орналасқан халықаралық контейнер тасымалдарының көлік хабтары болып есептеледі. Бұл параметрлер Әмірліктердің Шығанақтағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастығы Кеңесіне мүше елдерге арналған теңіз арқылы тасымалданатын жүктердің 60%-нан астамын қабылдай алатындығын көрсетеді.

3.Парсы шығанағындағы араб елдері азық-түліктің 80-90%-ын сырттан тасиды. Осы ретте аймақта бидай мен етке деген сұраныстардың артып келе жатқанын ескере отырып, Қазақстанның экспорттық мүмкіндіктерін ұлғайту қажет.

Мемлекет басшысының 2017 жылғы қаңтар және 2018 жылғы наурыз айларында БАӘ-не жасаған ресми сапарлары кезінде қол жеткізілген уағдаластықтарды сапалы әрі тиімді іске асыру экономикалық қарым-қатынастарымызды одан әрі қарқынды дамытуға көп септігін тигізеді. Бұл ретте Дубайда «Қазақстан үйін» ашудың сәті түсіп отыр. Таяу Шығыстағы елдерде республикамыздың экономикалық мүдделерін ілгерілететін «Қазақстан үйін» ашудағы мақсат – мемлекеттік-жеке меншік әріптестіктің тетіктерін дұрыс пайдалана отырып, сауда, инвестицияларды тарту, туризм, көлік және логистикадағы өзекті мәселелерді тұтастай қарау.

Осы тұрғыда Дубайда орналасатын «Қазақстан үйіне» келесі міндеттер жүктеледі:

1.«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының Әбу Даби және Дубайдың индустриялық аймақтары, өнеркәсіп қалашықтары мен Сауд Арабиясы шекарасына дейінгі ұзындығы 406 шақырымды алатын бір бағытты темір жолды салудың халықаралық тендеріне қатысуын қамтамасыз ету. Жарқын болашақта бұл темір жол БАӘ, Сауд Арабиясы, Бахрейн, Кувейт және Оман Сұлтанаты жерлерін басып өтетін трансөңірлік темір жол торабына қосылады.

2.Әмірліктер тарапы Қазақстанның дәнді-дақылдары мен азық-түлігін БАӘ мен Таяу Шығыс елдерінің нарықтарына шығаруға ықпал етуі тиіс. Сонымен қатар қайырымдылық бағдарламалардың мүмкіндіктерін кең пайдалана білу.

3.Жоғары қосылған құны бар тауарларды сатуда ұлттық өндірушілерге қолдау көрсету, экспорт көздерін ашып беруге жәрдемдесу.

4.Дубай халықаралық қаржы орталығының, ислам банкингінің, қаржы институттарының даму моделдерін елге енгізу, озық технологияларды тарту.

Бүгінгі таңда Дубай әмірлігінде 7 өнеркәсіптік аймақ, бір бизнес-парк, 3 арнайы еркін экономикалық аймақ және әлемге танымал 2 теңіз айлағы шоғырланған. Global-2000 тізіміне енетін барлық компаниялардың өкілдіктері ашылған. Оның үстіне Дубай тікелей шетел инвестицияларын тартуға қолайлы жағдайлар жасап, «ЭКСПО-2020» дүниежүзілік көрмесін өткізу дайындығына белсене кірісіп кетті. Бұл аспектілер өз кезегінде Таяу Шығыстағы мақсатты нарықтарға қазақстандық өнімдерді ұтымды көлік-логистикалық маршруттар арқылы шығаруға ықпал етеді. Сондықтан Дубайдың инвестициялық және қаржы әлеуеті мен сыртқы экономикалық байланыстарындағы зор мүмкіндіктерін ескере отырып, орта және ұзақ мерзімді перспективада «Қазақстан үйін» Дубайда ашуды қарастырғанымыз жөн.

Қосылған : 7.06.2018, 16:10, Өзгертілген : 7.06.2018, 16:10