Қайрат Әбдірахманов. Тарих тағылымы және прагматизмге жүгіну

Қайрат ӘБДІРАХМАНОВ,

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі

Тарих тағылымы және прагматизмге жүгіну

Ағымдағы жылғы қазанда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауы жарияланды.

Жолдауда Президент «қазіргі күрделі жағдайда Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты бейімделуді және ұлттық мүддені прагматизм қағидаттарына сәйкес ілгерілетуді талап етеді» деп атап көрсетті, ал «белсенді» сипат пен «бейбітшілік сүйгіш» бағыт оның негізгі құрамдауыштары болып қала береді.

Жолдаудың нұсқауларын ойдағыдай іске асыру үшін Сыртқы істер министрлігі дипломатиялық қызмет органдарының жұмысын оңтайландырады, қазақстандықтарды ірі халықаралық ұйымдарға ілгерілетуді жандандырады, өңірлік және халықаралық әріптестермен өзара тиімді ынтымақтастықты арттыруды жалғастырады, сондай-ақ Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) кіру жөніндегі міндеттердің шеңберінде осы беделді құрылыммен өзара іс-қимылды күшейтеді.

СІМ отандық өнімді шетелдік нарықтарға ілгерілету үшін белсенді сыртқы сауда стратегиясын әзірлеу есебінен экономикалық дипломатия саласындағы жұмысты жетілдіруді бастап та кетті. Сонымен қатар, экономиканың шикізаттық емес секторларына шетелдік капитал мен озық технологияларды тарту сыртқы экономикалық қызметтің аса маңызды бағыты болып қала береді.

Дүниежүзілік сауда ұйымымен (ДСҰ) ынтымақтастықты, әсіресе 2020 жылғы маусымда Астанада өтетін ДСҰ-ның 12-ші Министрлік конференциясын ескере отырып, жаңа деңгейге шығару жоспарлануда.

«Астана» халықаралық қаржы орталығымен ынтымақтастық жөніндегі жол картасының шеңберінде форин офис контр-әріптестермен бизнес-байланыстарды жолға қою ісінде АХҚО-ға жәрдем көрсетеді.

Басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп Қазақстанды ТМД, Еуропа, Таяу Шығыс және Оңтүстік және Шығыс Азия елдерін біріктіретін еуразиялық көлік-логистикалық хабқа айналдыру бойынша белсенді жұмыс жалғасуда.

Туризм мен бизнес-келісімшарттарды қолдау мақсатында шетелдік азаматтар үшін визалық режимді ырықтандыру және біздің азаматтар үшін қолайлы визалық режим жасау жүргізілуде.

* * *

Қазақстан тарихы – біздің халқымызды біріктіретін қуатты фактор, барлық азаматтар үшін шабыттандыру көзі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты негізгі мақаласында қоғамды тарихты құрметтеуге және зерттеуге, өткеннен сабақ алуға аса ұғынықты нысанда шақырады. Өйткені кез келген халықтың жылнамасы батырлыққа, жеңістерге және трагедияларға толы,оны сол болған түрінде қабылдау қажет. Ол үшін ғылыми тәсілдеме керек.


Инфографика: Kazinform халықаралық ақпарат агенттігі

Бұл толығымен біздің халқымыздың сыртқы әлеммен – жақын және алыс шетелмен өзара қатынастарының тарихы туралы мәселеге жатады. Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның шекаралас мемлекеттермен барлық аумақтық мәселелерін реттеді, көршілес елдермен және ірі державалармен достық және стратегиялық әріптестік қатынастар орнатты, өңірлік экономикалық өзара тиімді ынтымақтастық жүйесін жасады. Нақ осы тарих сабақтары халықаралық мәселелерде: жаһандық ядролық қарусыздандыру және ядролық қаруды таратпау, саяси сенімділік пен ынтымақтастықты халықаралық деңгейде нығайту, қақтығыстар мен дағдарыстарды реттеу, трансұлттық экономикалық жобаларды ілгерілету мәселелерінде Қазақстанды белсенді және шешімді позицияны ұстануға итермелейді.

«Ұлы даланың жеті қыры» атты еңбек Қазақстан халқына ғана емес, сонымен бірге жалпы халықаралық қоғамдастыққа – академиялық ортаға, тарихшыларға, мәдениет пен өнер қайраткерлеріне, мұражай және мұрағат ісінің мамандарына, журналистерге арналған. Президент әлемдік қоғамдастықты дала өркениетінің мәдени-тарихи мұрасын зерттеуге қатысуға шақырады.

Сыртқы саясат ведомствосы Мемлекет басшысы баяндаған тарихи сана-сезімді жаңғырту жобаларын іске асыруға тікелей қатысады, өйткені олардың барлығының халықаралық өлшемі бар. СІМ және Қазақстан елшіліктері аса ірі шетелдік мұрағаттармен атқарылатын жұмыста біздің зерттеушілерге қажетті жәрдем көрсетеді. «Ұлы даланың Ұлы есімдері» – біздің ұлы ата-бабаларымыз, оларды Жер шарының әртүрлі түпкірлерінде біледі, құрметтейді және бағалайды. Біздің міндетіміз олар туралы ұмытпау, олардың мұрасын зерттеуге және мәңгі есте сақтауға ықпал ету. Алда отандық және шетелдік ғалымдармен бірлесіп атқарылатын 2019 жылы Астанада Дүниежүзілік түркітанушылар конгресін ұйымдастыру бойынша және тұтастай түркі тарихын зерделеу бойынша үлкен жұмыстар тұр. Дипломаттар мұражай және кинематографиялық жобаларға, дала фольклорының антологияларын шет тілдерге аударуға және біздің ежелгі өнеріміз бен технологияларымызды әлемдік аренаға ілгерілетуге қатысуға дайын.

Осы жобалар біздің ЮНЕСКО-мен, ИСЕСКО-мен ынтымақтастығымызды, ТМД, ТМЫК және басқа да ұйымдардың гуманитарлық өлшемін күшейтеді және байытады.

Біз сондай-ақ «Рухани жаңғыру» бағдарламасының шеңберінде өзін жақсы жағынан көрсеткен шетелдік БАҚ пен блогерлердің Қазақстанға мәдени тақырыптық баспасөз турларын ұйымдастыру практикасын жалғастырамыз.

Біз Мемлекет басшысы бастамашылық жасаған осы үлкен жұмыс еліміздің халықаралық беделін нығайтуға, осы заманғы әлемнің мәдениеттерін өзара жақындастыруға және байытуға сөзсіз ықпал ететін болады деп есептейміз.

* * *

2018 жылдың төртінші тоқсаны біздің дипломатиямыз үшін Мемлекет басшысы қатысатын маңыздылығы жоғары оқиғаларға аса толы болды. Біздің журналымыздың қысқы нөмірі Қазақстан-Ресей қатынастары туралы мақалалар сериясымен ашылады. Біздің елдеріміз көшбасшылардың арасындағы кезекті бас қосуды жүзеге асырды және ағымдағы жылғы 9 қарашада Петропавл қаласында өткен XV «Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастығы форумы» шеңберіндегі ынтымақтастық үшін жаңа бағыттарды белгіледі.

Қарашада Астанада Қазақстанның төрағалық етуімен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) саммиті өтті. Онда халықаралық және өңірлік қауіпсіздік мәселелері қаралды, Ұйымда төрағалық етудің нәтижелері қорытындыланды және эстафетаны Қырғызстанға беру шеңберінде болашаққа арналған жоспарлар белгіленді.

Алда тұрған 2019 жылғы жоғары деңгейдегі ресми іс-шаралар тұрғысында оқырмандар аудиториясына Үндістан сыртқы істер министрі Сушма Сварадж ханымның Үндістан-Қазақстан халықаралық қатынастарының стратегиялық сипаты, ынтымақтастықтың жаңа көкжиектері және екі ел халықтарының арасындағы ежелгі дәстүрлі достық туралы эксклюзивтік мақаласы ұсынылған.

Желтоқсанда тарихта алғаш рет осы жылдың қаңтар айынан бастап біз төраға ретінде басшылық жасаған БҰҰ-ның басты органы – Қауіпсіздік Кеңесіне Қазақстанның тұрақты емес екі жылдық мүшелігі аяқталады. Осы бірегей тәжірибе біздің дипломатиямызды байытты және оны жаңа кәсіби деңгейге шығарды. БҰҰ Бас хатшысының саяси мәселелер жөніндегі көмекшісі Мирослав Енчаның эксклюзивтік сұхбатында Қазақстан жүргізген жұмыс туралы өз пікірімен бөліседі.

Біздің Қауіпсіздік Кеңесіндегі қызметіміздің қомақты жетістігі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылдың қыркүйек айында Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 70-інші сессиясында ұсынған «Терроризмнен азат әлемге қол жеткізу тәртібі кодексінің» қабылдануы болды. Біріккен Ұлттар Ұйымы Терроризмге қарсы күрес басқармасы Бас хатшысының орынбасары Владимир Воронков өз мақаласында терроризмге қарсы күрес қызметінің маңыздылығы және Кодекстің мәні туралы жазады.

Қарашаның басында халықаралық қоғамдастық БҰҰ БА тиісті резолюциясымен 2015 жылы Қазақстанның бастамасы бойынша алғаш рет қабылданған Ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға бірдей декларацияның өзектілігін растады.

Соңғы жылдар ішінде Қазақстан-Ауған қатынастары екі жақты және көп жақты іс-қимылдың жаңа деңгейіне шықты, ол туралы журнал беттерінде Ауғанстан Ислам Республикасы сыртқы істер министрінің орынбасары Адела Раз баяндайды.

6 қарашада ЕХРО-2017 аумағында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Astana Hub ІТ-стартаптары халықаралық технопаркінің ашылу салтанаты маусымның маңызды оқиғасына айналды. Оны құрудың негізгі мақсаты – елде стартап-мәдениетті дамыту және экономиканы нығайтуға арналған жоғары технологиялы жобаларды қолдау. «Дипломатия жаршысы» өзінің келесі басылымдарында технопарк қызметінің алғашқы қорытындылары туралы әңгімелеуді жоспарлап отыр.

Нөмірдің жоғарыда аталған өзекті тақырыптарымен қатар, журналда Каспий жөніндегі Ақтау конвенциясының мәнін, іскерлік ортаны дамыту мен Қазақстанның инвестициялық тартымдылығының ерекшеліктерін, жаңа «Protecting Business and Investments» жобалау офисінің қызметін талдауды қамтитын басқа да маңызды тақырыптар ашылады, сондай-ақ біздің көрнекті дипломат-әріптестерімізді еске алуға арналған бірқатар мақалалар қамтылады.

Қосылған : 21.12.2018, 10:15, Өзгертілген : 21.12.2018, 10:15