Қайрат Әбдірахманов. Астана жаһандық дипломатияда

Қайрат ӘБДІРАХМАНОВ,

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі

Астана жаһандық дипломатияда

Журналдың осы нөмірі өзінің қалыптасуының алғашқы жылдарында-ақ ЮНЕСКО-ның «Әлем қаласы» атағына ие болған елордамыздың 20 жылдық мерейтойы қарсаңында жарыққа шыққалы отыр.

Аса көрнекті тарихи тұлғалардың арқасында әлемнің көптеген сәулетті әрі әсем қалаларының пайда болғанына немесе қайтадан өркендеу кезеңін басынан өткергеніне тарих талай рет куә болды. Бірінші Петр Петербургтің негізін қалады, Наполеон Бонапарт Парижді жаңаша жаңғыртты, жапонның реформашыл императоры Мейдзи 1869 жылы астананы Киотодан Токиоға (бұрынғы Эдо) көшірді, шейх Мактум бен Бутти Әл Мактуми осы кездегі Дубайдың негізін қалады. Сол сияқты Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясынан туындап, жаңаша бой көтерген Астана да осы заманғы Қазақстанның өркендеуінің символына айналды.

1997 жылы халқының саны 300 мың адамға жетпеген қазіргі Астана қаласы 2016 жылы миллион тұрғыны бар қалалардың қатарына қосылды. Соңғы 20 жылдың ішінде қаланың өңірлік жалпы өнімі 190 есеге артты. Машина жасау, құрылыс индустриясы, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласында ірі жобалар іске асырылуда, қызмет көрсету, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылым салалары кеңінен қанат жаюда.

Астана Қазақстанның әкімшілік, әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени орталығы ретінде толығымен қалыптасты. Сонымен бірге, Қазақстанның сыртқы саясатының пассионарлық рухы нақ осы жаңа астанада таңқаларлық жаңа серпіліске ие болды. Астана халықаралық аренада салмақты және бейбіт сүйгіш дипломатияға, сондай-ақ ел басшылығының өр бастамаларына негізделген ерекше имиджге ие болды.

Астанада ел Президентінің бастамасы бойынша халықаралық аса ірі ұйымдардың саммиттері өткізілді. 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының тұжырымдамасын «Ванкуверден Владивостокқа дейінгі кеңістіктегі жалпы және бөлінбейтін Еуроатлантикалық және Еуразиялық қауіпсіздік қоғамдастығы» жаңа мазмұнымен толықтырған ЕҚЫҰ тарихи саммиті өткізілді.

2011 жылғы маусымда Шаңхай ынтымақтастық ұйымының мерейтойлық саммиті ұйымдастырылды және «ШЫҰ Астана он жылдық декларациясына» қол қойылды, ал 2017 жылғы 9 маусымда Астана қаласында өткен саммит ұйымның қатарына Үндістан мен Пәкстанның қабылдануына байланысты ШЫҰ-ның геосаяси маңыздылығын нығайта түсті.

2011 жылғы маусым – 2012 жылғы қараша аралығында Қазақстанның Ислам конференциясы ұйымына төрағалық етуі барысында құрылым ислам әлемін жаңғырту және өркениетаралық диалогтың маңыздылығы мәселелеріне барынша назар аударып, өзінің қазіргі – Ислам ынтымақтастық ұйымы (ИЫҰ) атауына ие болды. Сол кезде Мемлекет басшысының бастамасы бойынша Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымын (АҚИҰ) құру туралы идея алғаш рет айтылды, ал 2016 жылғы 28 сәуірде Астанада АҚИҰ Бас Ассамблеясы өтті, онда Ұйымның Жарғысы қабылданды, Астана сондай-ақ ИЫҰ-ның ғылым және технологиялар бойынша 2017 жылғы 10 қыркүйектегі бірінші саммитін өткізу орнына айналды.

2014 жылғы 29 мамырда Еуразиялық Экономикалық Одақ (ЕАЭО) құру туралы шартқа да нақ осы Астана қаласында қол қойылды.

Астана қаласында хатшылығы орналасқан ұлан-ғайыр өңірдегі 26 елді біріктіретін Қауіпсіздік мәселелері бойынша халықаралық диалогты тереңдету жөніндегі алаңды – Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті (АӨСШК) құру туралы Н.Назарбаевтың бастамасы кеңінен белгілі және оны әлем жұртшылығы мойындады.

1992 жылдан бастап Мемлекет басшысының бастамасы бойынша өткізіліп келе жатқан түркі тілдес мемлекеттер басшыларының саммиттері 2009 жылы Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесін (ТМЫК) құру жолымен ресми ұйымға айналды. «Ақпарат саласындағы ынтымақтастық» тақырыбына арналған ТМЫК-ның V саммиті 2015 жылғы 11 қыркүйекте Астана қаласында өткізілді, оның барысында төрағалық Түркиядан Қазақстанға өтті.

Астана қаласында сондай-ақ Тәуелсіз мемлекеттер достастығына, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына қатысушы мемлекеттер басшыларының және басқа да халықаралық бірлестіктер мен алаңдар өкілдерінің кездесулері тұрақты түрде өткізіліп тұрады.

Астана Орталық Азия елдерімен ынтымақтастыққа ерекше назар аударады. Ағымдағы жылғы 15 наурызда Елордада Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультациялық кездесуі болып өтті, оның қорытындылары бойынша барлық түйіткілді мәселелер мен проблемаларды шешу үшін өңір елдері вице-премьерлерінің деңгейінде бесжақты жұмыс комиссиясын құру туралы өңірлік даму үшін зор маңызы бар шешім қабылданды. ОА мемлекеттері басшыларының осындай кездесулерін тұрақты түрде өткізіп тұру жоспарланып отыр.

Астана экономикалық форумы, Еуразиялық медиа форум, сондай-ақ ядролық қарусыздану саласындағы «Ядролық қарусыз әлем құру» (2016 жылғы 29 тамыз), Ғылым және жаһандық проблемалар жөніндегі 62-ші Пагуош конференциясы (2017 жылғы 25 тамыз) тәрізді Елордамызда қауіпсіздік, саясат және экономика саласында жыл сайынғы халықаралық ірі іс-шаралар өткізіліп тұрады.

Сириядағы жағдайды бейбіт жолмен реттеу жөніндегі Астана процесінің шеңберінде елордада бітімгершілік келіссөздерінің 9 раундының өткізілуі шын мәнінде Астанаға Женева процесіне қатарлас халықаралық диалог алаңы мәртебесін бекітті.

Астана дінаралық диалогтың маңызды орталығына айналды. Елбасы Н.Назарбаевтың өз тұрғысындағы бірегей бастамасы бойынша Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының бес съезі өткізілді. Қалаға бүкіл әлемнің дін көшбасшылары, соның ішінде Рим Папасы ІІ Иоанн Павел, ислам, христиан, иудаизм, буддизм және басқа да діни орталықтардың басшылары келді.

Астана – бұл сонымен бірге экономика, қаржы, туризм және өнеркәсіп салаларындағы идеяларды біріктіретін халықаралық алаң. Бұл жерде 2013 жылы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин «Бір белдеу – бір жол» бастамасын алғаш рет ұсынды, 2017 жылы «Болашақтың энергиясы» тақырыбындағы «ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі ұйымдастырылды, Еуразияның елдері үшін қаржы хабына айналуға барлық негізі бар «Астана» халықаралық қаржы орталығы» өз жұмысын бастады.

Астана дипломатиялық өмірдің жанданған орталығы болып табылды. Елордада АӨСШК, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам Ұйымы және Халықаралық түркі академия сияқты халықаралық ұйымдардың штаб-пәтерлері орналасқан.

Біз дипломатиялық корпустың жаңа астаналық рухты қалыптастырудағы рөлін зор алғыс сезімімен атап өткіміз келеді. Кезінде күрделі жағдайларға қарамастан іс жүзінде барлық елшіліктердің және халықаралық ұйымдардың кеңселері Астананың қалыптасуының алғашқы жылдарында-ақ осында көшіп келді. Бүгінгі таңда елордада шет мемлекеттердің 68 елшілігі және халықаралық ұйымдардың 18 өкілдігі жұмыс істейді.

Астана сондай-ақ халықаралық компаниялар өкілдіктері және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының тілшілер пункттері орналасқан мекенге айналды.

Осылайша, Астана тарихи қысқа кезең ішінде әдеттегі облыс орталығынан әлемнің ең көрікті және серпінді даму үстіндегі орталықтарының біріне өзгерді және жаһандық дипломатияның ажырамас бөлігіне, бейбітшілік пен келісім қаласына, заманауи Қазақстанның символына айналды.

***

Егер журналдың 2018 жыл ішіндегі екінші нөмірінің мазмұнына қысқаша тоқталатын болсақ, ол Қазақстанның сыртқы саясатының соңғы айлар ішіндегі даму серпінін елеулі дәрежеде көрсетеді. Басылымда Орталық Азиядағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне, өңірдің халықаралық аренадағы рөліне; Қазақстанның сыртқы саясатының ажырамас бөлігі болып табылатын экономикалық дипломатияға; Мемлекет басшысы қатысатын ресми оқиғаларға, атап айтқанда, Президенттің БАӘ-не сапарына, сондай-ақ халықаралық сипаттағы басқа да қызықты тақырыптарға ерекше назар аударылады.


Қосылған : 7.06.2018, 12:05, Өзгертілген : 7.06.2018, 12:05