Қ. Әбдірахманов Мажарстан Сыртқы істер министрімен және БҰҰ ЕЭК Атқарушы хатшысымен кездесті

АСТАНА, 2018 жылғы 10 қазан - Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Мажарстанның Сыртқы істер және сауда министрі Петер Сийяртомен және БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының (ЕЭК) Атқарушы хатшысы Ольга Алгаеровамен кездесті. Мәртебелі қонақтар Қазақстанға Трансшекаралық ағын сулар мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану туралы конвенцияның Тараптары Кеңесінің 8-ші сессиясына қатысу үшін келді.

Қазақстан мен Мажарстан осы маңызды халықаралық шараның негізгі қатысушылары бола отырып, біздің еліміз аталған комиссияда алдағы 3 жылға (2019 – 2021 жылдары) Мажарстаннан төрағалықты қабылдап алуда.

Қ. Әбдірахмановтың айтуынша, Астанадағы кездесу Азия аймағындағы Су конвенциясы тараптарының Бірінші отырысы болып табылады. «Трансшекаралық ынтымақтастық біздің еліміз үшін аса маңызды. Ол кешенді, біріктірілген және стратегиялық тәсілді талап етеді», - деді Қазақстан СІМ басшысы.

Сұхбаттастар сондай-ақ екі ел арасындағы екіжақты және көпжақты форматтағы өзара әрекеттестік стратегиялық серіктестіктің сипатына негізделген іс-қимылдың барлық негізгі аспектілерін талқылады. Министрлер ортақ пікірде басымдыққа ие сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытудың оңды екенін атап өтті. Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия, Іскерлік және Стратегиялық кеңестер сәтті жұмыс істеп келеді, Астанада «Мажарстан сауда үйі» ашылды, экономика саласында қажетті шарт-құқықтық база құрылған, екі ел астаналары арасында тікелей әуеқатынас ашылды. Мажарстан жыл сайын Қазақстан азаматтарына 200 білім беру грантын бөліп тұрады және олардың санын 250-ге дейін өсірмекші. Мажарстанның үкіметі өткен айда Шолпан-Атадағы Түркі Кеңесінің саммиті барысында бақылаушы болып, ұйыммен байланыстарды тереңдету бағытында бірқатар қадамдар жасауды көздеп отыр.

О. Алгаеровамен кездесу барысында су, экологиялық, энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланып, БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын іске асырудың маңыздылығы атап өтілді.

Бұл тұрғыда, СІМ басшысы Қазақстан халықаралық құқыққа негізделе отырып, Конвенцияны жүзеге асыру бойынша белсенді жұмыс атқарып жатқанын атап өтті. Қазақстан БҰҰ ЕЭК-пен ынтымақтастықты дамытуға үлкен мән береді және энергетика, көлік, сауда, қоршаған ортаны қорғау, стандарттар, сондай-ақ «жасыл» технологияларды пайдалану сияқты салаларда ынтымақтастықты нығайтуда Комиссия рөлі мен үлесін жоғары бағалайды. Тараптар Орталық Азиядағы жан-жақты ынтымақтастықты тереңдету мен кеңейтудің ерекше өзектілігі бойынша келісті.

Қосылған : 11.10.2018, 10:50, Өзгертілген : 11.10.2018, 10:50