Қ. Әбдірахманов Қатар Сыртқы істер жөніндегі мемлекеттік хатшысымен кездесті

27 маусымда Қазақстан Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Қатар Сыртқы істер жөніндегі мемлекеттік хатшысы Султан бен Саад Аль-Мурейхимен кездесті

Тараптар Қазақстан-Қатар ынтымақтастығының ағымдағы ахуалы мен келешегін, сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібінің мәселелерін талқылады. Жоғары деңгейде қол жеткізген уағдаластықтардың табысты іске асырылуын атап өтті.

Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы «ЭКСПО-2017» көрмесінде Қатардың павильонін ұйымдастырудың маңыздылығын атап өтті. Қ. Әбдірахманов ынтымақтастық үшін айтарлықтай әлеуетке назар аударып, Қатар Мемлекеті басшылығының 2017 жылы 10-11 қыркүйекте Астанада өтетін Ислам ынтымақтастық ұйымының Ғылым және технология жөніндегі саммитіне қатысатынына сенім білдірді.

С. Аль-Мурейхи өз кезегінде Қатар Қазақстанды достық ел ретінде қарастыратыны туралы айтып, ынтымақтастықтың барлық салаларында екіжақты қарым-қатынастарды нығайтуға мүддесін білдірді.

Сонымен қатар Қ.Әбдірахманов бірқатар араб елдері мен Қатар арасындағы қарым-қатынастарында орнаған саяси дағдарысқа қатысты алаңдаушылығын білдірді. «Тараптар диалог арқылы келіспеушіліктерді еңсеріп, Қазақстан үшін дос болып табылатын елдер қалған жағдайды реттей алатынына сенеміз», - деді СІМ басшысы.

Сол күні Қатар Сыртқы істер министрлігінің жоғары өкілі «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында өткен елдің ұлттық күнінің ашылуына қатысты.

Қосылған : 28.06.2017, 18:30, Өзгертілген : 28.06.2017, 19:25