«Қазақстан– шетелдік БАҚ көзімен» атты бесінші халықаралық байқау қорытындысы шықты

АСТАНА, 2018 жылғы 11 шілде – ҚР Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстанның бас редакторлар клубы шетел журналистері арасында өткен «Қазақстан – шетелдік БАҚ көзімен» атты бесінші Халықаралық байқаудың қорытындысын шығарды. Осы жылы ұйымдастыру комитетіне 20-дан астам елден келіп түскен 85 өтінімнің арасынан байқау комиссиясы бес өңір бойынша жеңімпаздарды анықтады.

ТМД және Балтық елдері авторларының арасынан 2017-2018 жылдар ішінде Қазақстан мен Өзбекстан қарым-қатынастарын белсенді жариялағаны үшін Өзбекстанның Ұлттық ақпараттық агенттігі (УзА) редакциясы жеңімпаз атанды. Өзбекстанның жетекші ақпараттық агенттігі болып табылатын УзА-ның жұмыстары жергілікті газет-журналдардың, телеарна және радиолардың ғана емес, Өзбекстандағы және басқа да елдердегі елшіліктердің, министрліктердің және ведомстволардың, компаниялар мен ұйымдардың тарапынан үлкен сұранысқа ие.

УзА байқауға ұсынған 8 жұмыстың ішінен «Өзбекстан-Қазақстан: дипломатиялық қарым-қатынастар орнауының 25-жылдығына» арналған мақаланы, достық веломарафоны және Өзбекстандағы Алматы облысының күндері атты тақырыптық материалдарын ерекше атап өтуге болады. Тарихы ғасырлар тереңіне бойлайтын, қазіргі кезде тату көршілік пен өзара тиімді әріптестіктің жолымен жалғасып келе жатқан екі елдің қарым-қатынастарын жариялау үлкен сұранысқа ие, әрі аса маңызды болып табылады.

Осы орайда биылғы жыл Өзбекстанның Қазақстандағы жылы екендігін атап өту қажет. Жылдың ашылуы екі елдің президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Шавкат Мирзиевтің қатысуымен, түркі халықтары үшін қасиетті Наурыз мейрамының қарсаңында Астана қаласында, Орталық Азия мемлекет басшыларының бірінші консультативтік (жұмыс) кездесуі барысында өтті.

Қазылар алқасы британдық Джилли Пикапты Қазақстанға саяхаты туралы «Country and Townhouse» журналында жарық көрген «One Steppe Beyond» атты мақаласы үшін Еуропа журналистері арасынан жеңімпаз етіп анықтады.

Американдық Стефан Рабимовтың және Александр Липовцевтің атақты «Forbes» журналына шыққан «Қазақстанның бес ғажайыбы: неліктен сәндік туризм Орталық Азияда дамуда» атты мақаласы Америка құрлығының журналистері арасындағы ең үздік мақала болып танылды.

Таяу Шығыс пен Африка елдерінің журналистері ішінен Қазақстанның дамуына, сыртқы саясатына және Астананың 20-жылдығына арналған сапалы материалдар сериясы үшін иорданиялық Айман Абдельхафез аз-Забен жеңімпаз болып танылды.

Иорданияның беделді «Ал-Урдун аль-Араби», («Араб Иорданиясы»), «Эд-Дустур» («Конституция») басылымдарында жарияланған мақалалар оқырманды Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшелігі мен төрағалығы аясында ұсынған бастамаларымен және республика тұрғындарының экономикалық және әлеуметтік жағдайына ықпал ететін Елбасының бес әлеуметтік бастамасымен таныстырады. Автор аталған бес бастаманы АҚШ президенті Франклин Рузвельттің қазіргі заманғы американдық әлеуметтік-құқықтық құрылымының негізін қалаған «Жаңа жол» бағдарламасымен салыстырған.

Өзге жұмыстарында автор Қазақстанның өңірлік қаржы хабы ретінде дамуына мүмкіндік берген елдегі тұрақтылық пен экономикалық реформалар туралы ой тарқатқан.

Азия, Аустралия және Океания елдерінен жеңімпаз ретінде қазылар алқасы «Business Central Asia» журналында жарияланған «Astana: the capital has its own charms and pleasures» атты мақаласы үшін үндістандық Индервир Сингхті таңдады. Мақалада Астананың архитектурасы суреттеліп, кейбір ғимараттар мен құрылымдардың қысқа тарихы жазылған және қаланың өсуі туралы статистикалық мағлұматтар келтірілген.

Осылайша, биылғы жылдың байқау жеңімпаздары болып 2018 жылғы сыртқы саясаттағы және ел ішіндегі өзекті тақырыптарға арналған жұмыстар анықталды.

Байқауға өз жұмыстарын ұсынған саяхатшылар мен журналистердің тәжірибесі мен пікірлері туристердің Қазақстанға деген қызығушылығының артып келе жатқанынының дәлелі болып табылады. Осылайша, ел туралы, халықтың тұрмысы мен көрікті жерлері туралы жазылған сапалы және шынайы материалдардың арқасында «people-to-people diplomacy» - халықтық дипломатия дамиды.

Сондай-ақ, байқауға биыл алғаш рет бейнебағдарламалар қатысуда. Олардың ішінде Алматы қаласында түсіріліп, 2018 жылдың басында Голландияның Бірінші ұлттық арнасында (NPO1) прайм-таймда көрсетілген белгілі телевизиялық «The Mole» (Нидерланды) шоу-квестінің эпизодын атап өтуге болады.

Жылдан-жылға, қазылар алқасына жеңімпаздар санын тек 5 автормен шектейтін байқауда таңдау жасау қиынға соғуда. Ресейден, Польшадан, Франциядан, Малайзиядан және араб елдерінен қатысқан авторлардың өз оқырмандарына Қазақстанды айқын әрі кеңінен таныта білгенін атап өтпеу мүмкін емес.

Жеңімпаздардан басқа бес өңірдің әрқайсысында қосымша үздік жарияланымдар таңдалынды. Олардың авторларына Сыртқы істер министрінің атынан алғыс сертификаттары табысталады.

Байқау комиссиясының құрамына Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов, Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко және Бас редакторлар клубының президенті Ержан Бекхожин кірді.

Байқау ережесіне сәйкес, жеңімпаздар ү.ж. тамыз айында Қазақстанға, нақтырақ айтқанда, Астана, Алматы қалаларына және Бурабайға сапар шегіп, мәдени және тарихи объектілерге баруға, Қазақстанның лауазымды тұлғаларымен, сарапшылармен, журналистермен, мәдениет, спорт және туризм саласының өкілдерімен сұхбаттасу мүмкіндігіне ие болады.

Сыртқы істер министрі Қ. Әбдірахмановтың айтуынша, мұндай байқау Қазақстан туралы шетелдегі хабардарлықты арттыру мен халықаралық бейбіт бастамаларымызды насихаттау мүмкіндігі ғана болып қоймай, журналистердің жұмыстары жарияланған елдермен екіжақты және көпжақты қатынастарды одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.

«Қазақстан Темір жолы» ҰК акционерлік қоғамы, Rixos President Astana, Rixos Borovoe, Rixos Almaty қонақүйлері және Арғымақ көлік компаниясы «Қазақстан шетелдік БАҚ көзімен» V байқауының серіктестері болып табылады.

Сондай-ақ, Орталық және Шығыс Еуропаның аса ірі лоукостері, 2017 жылы «Будапешт-Астана-Будапешт» әуе бағытын ашқан Wizzair әуе компаниясы және дүниежүзі бойынша әуе бағыттарының таралымы бойынша ең үлкен географиялық аумақты қамтитын Turkish Airlines әуе тасымалдаушысы байқаудың халықаралық серіктестері.

ҚР СІМ аталған компанияларға байқауды ұйымдастыруға қолдау көрсеткені және байқау жеңімпаздарының Қазақстанға жайлы сапар шегуі мүмкіндігін ұсынғаны үшін алғыс білдіреді.

Қосылған : 11.07.2018, 16:20, Өзгертілген : 11.07.2018, 16:20