Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше мемлекеттер дипломатиялық миссияларының басшыларымен кездесу өткізілді

2017 жылғы 17 ақпанда Астана қаласында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақылбек Камалдинов елімізде тіркелген Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына (ИЫҰ) мүше мемлекеттер дипломатиялық миссияларының басшыларымен кездесу өткізді.

Кездесуде шетелдік дипломаттар 2017 жылғы 10-11 қыркүйекте Астана қаласында өтетін Ғылым және технологиялар жөніндегі Бірінші ИЫҰ Саммитіне дайындық барысымен таныстырылды.

Саммитті шақыру бастамасын ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2016 жылғы сәуірде Ыстанбұлда өткен 13-ші ИЫҰ Саммиті шеңберінде жария етті. Бұл шара ғылыми және технологиялық әлеуетті дамыту саласында мұсылман қауымының күш-жігерін біріктіруге бағытталған.

Астана саммитіне Ұйымға мүше барлық мемлекеттер (55 ел), сондай-ақ байқаушы мемлекеттер мен бірқатар басқа да халықаралық және өңірлік ұйымдардың бірінші жетекшілері шақырылады. Саммит қонақтарының 10 қыркүйекте «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің ресми жабылу салтанатына қатысулары да күтіліп отыр.

Қазақстан ‑ 1995 жылдан бері Ұйымның мүшесі. 2011-2012 жылдары ИЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-ші сессияна төрағалық етті. Оның барысында штаб-пәтері Астанада орналасатын Азық-түлік жөніндегі ислам ұйымын құру бастамасын көтерді.

Қосылған : 21.02.2017, 15:25, Өзгертілген : 21.02.2017, 17:25