Иран ядролық бағдарламасы жөнінде Тұтастай қамтитын бірлескен іс-қимылдар жоспарына қол жеткізуіне орай Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Мәлімдемесі

Қазақстан 2015 жылғы 14 шілдеде Венада Иран Ислам Республикасы мен халықаралық келіссөздер жүргізуші «алтылық» арасында қол жеткізілген Иран ядролық бағдарламасы жөнінде Тұтастай қамтитын бірлескен іс-қимылдар жоспарын құптайды.

Біз бұл келісімді аймақтық және халықаралық қауіпсіздікті айтарлықтай нығайтуға мүмкіндік беретін, Иран мен халықаралық қауымдастық арасындағы қарым-қатынасты реттеуге үлес қосатын және өңірдегі барлық мемлекеттердің экономикалық және әлеуметтік дамуына, Қазақстан-Иран екіжақты ынтымақтастығына септігін тигізген тарихи оқиға деп бағалаймыз.

Қол жеткізілген келісімдерді бұлжытпай орындау ядролық қаруды таратпау режимін әрі қарай нығайтуға, сонымен қатар Ядролық қаруды таратпау Келісімі мүше мемлекеттерінің Келісім мен МАГАТЭ талаптарына сай бейбіт ядролық қызметке деген заңды және мызғымас құқықтарын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасы Иран ядролық бағдарламасы жөніндегі келіссөздер үдерісіне өзінің практикалық үлесін қосты. ҚР Президенті Н.Назарбаевтың бастамасымен 2013 жылы Алматыда келіссөздердің екі кезеңін өткізіп, олар Иран мен халықаралық келіссөздер жүргізуші топ арасында сенім атмосферасын қалыптастыруға және Тұтастай қамтитын бірлескен іс-қимылдар жоспарына қол жеткізуге айтарлықтай ықпал жасады.

Қазақстан ИИР ядролық бағдарламасы айналасындағы мәселені әрқашан үнқатысу және келіссөздер жолымен ғана шешуді қолдады және кез-келген халықаралық шиеленістерді саяси-дипломатиялық жолмен шешу жалғыз дұрыс жол деп сенеді.

Астана, 2015 жылғы 14 шілде

Қосылған : 15.07.2015, 10:38, Өзгертілген : 15.07.2015, 10:38