Берлинде шикізат және технологиялық әріптестік талқыланды

28 ақпанда Қазақстанның Германиядағы Елшісі Болат Нүсіпов Германия өнеркәсібі Федералды одағының шикізат саясаты бойынша комитет төрағасы мен ROGESA компаниясының басқарма төрағасы Ханс-Йоахим Вельшпен кездесу өткізді. Келіссөздердің күн тәртібінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2012 жылы Германияға ресми сапары кезінде жасалған екі ел арасындағы шикізат, технология және өнеркәсіптік әріптестікті тереңдету мәселелері қозғалды.

Қазақстан Елшісі осы саладағы екі ел арасындағы ынтымақтастықтың ойдағыдай дамуын растады және шикізат, технология мен өнеркәсіптік әріптестік туралы үкіметаралық келісім аясында жүзеге асырылып жатқан бірқатар жобаларды атап өтті. Елші неміс тарапынан жаңа «зәкірлі», сондай-ақ Қазақстан Президентінің қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» жолдауы контекстінде осы саланы цифрландыру бойынша бірлескен жобалар арқылы бұл әріптестікке барынша күш беруге шақырды.

Х-Й. Вельш өз тарапынан өндірістің шикізат және технологиялық саласындағы жобаларын жүзеге асыру процесінде Қазақстанның неміс экономикасының стратегиялық серіктесі екенін айрықша атап өтті және әріптестік жасалғалы бері екі жақ тарапынан бұл салада үлкен жұмыстар атқарылғанына қанағаттанатынын білдірді. Сонымен қатар, Х-Й. Вальш бұл бағыттағы өзара әрекеттестіктің әлі қолданылмаған әлеуетіне назар аударып, ынтымақтастықты тереңдету үшін тиісті ұсыныстар берді.

Тараптар шикізат, өнеркәсіп және технологиялық серіктестік мәселелері жөнінде бірлескен Қазақстан-Германия форумын ағымдағы жылы Берлинде немесе Астанада өткізу мүмкіндігін пысықтауға келісті. Форумға тау-кен қазу, металлургия және өңдеу кешені компанияларын шақыру жоспарлануда.

Қосылған : 28.02.2018, 21:00, Өзгертілген : 28.02.2018, 21:00