Иманғали Тасмағамбетов. Қазақстан мен Ресей: өткенді байыптау және болашаққа басымдықтар

Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВ,

Қазақстан Республикасының

Ресей Федерациясындағы

Төтенше және Өкілетті Елшісі

Қазақстан мен Ресей:

өткенді байыптау және болашаққа басымдықтар

Нұрсұлтан Назарбаевтың Владимир Путинмен кездесуі. 2018 жылғы 14 мамыр, Ресей Федерациясы, Сочи қ. (Akorda.kz)

Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы қарым-қатынастарды мемлекетаралық қатынастардың эталоны ретінде қарастыруға болады. Осы өзгермейтін константа туралы қазіргі заманғы Қазақстан-Ресей қарым-қатынастарының толыққанды сәулетшісі болып табылатын ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2018 жылы 5 қазанда Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы Жолдауында тағы да еске салды.

Қазақстан мен Ресей президенттері қол қойған ХХІ ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы шарт (Екатеринбург қ., 2013 ж.) стратегиялық серіктестіктің негізіне айналды. Осы кешенді құжат 1991-2018 жылдары ішінде қол қойылған 200-ге жуық шарттарды, келісімдер мен олардың хаттамаларын қамтитын Қазақстан-Ресей қарым-қатынастарының барлық шарттық-құқықтық базасының квинтэссенциясы болып табылады. Шарттық-құқықтық база өзінің теңгерімділігімен ерекшеленеді. Саяси және әскери-техникалық өзара ынтымақтастық саласында 60-қа жуық құжатқа, энергетика, өнеркәсіп, сауда және қаржы саласында 50-ден астам келісімге қол қойылған. Тек ғарыш саласында, соның ішінде Байқоңыр кешені бойынша өзара іс-қимыл және ынтымақтастық мәселесі жөнінде 30-дан астам келісім жасалды.

XXI ғасырдың басына қарай Қазақстан мен Ресей жоғары деңгейдегі үздіксіз саяси диалогқа негізделген қатынастардың тұрақты үлгісін құрды. Екі ел көшбасшыларының сенімді қарым-қатынастары мен тұрақты кездесулері тең құқықты және өзара тиімді мемлекетаралық ынтымақтастықты құрудағы саяси мәні бар аса маңызды фактор болып табылады. Олар үкіметтік деңгейдегі қарқынды байланыстармен және тұрақты түрде дамып келе жатқан парламентаралық өзара іс-қимылмен толықтырылады.

Екіжақты да, сондай-ақ көпжақты да форматтағы экономикалық ынтымақтастық Қазақстан-Ресей қатынастарының ең негізгі мәселесі болып табылады. Қазіргі уақытта экономикалық қарым-қатынастарды дамытудың барлық қажетті тетіктері жасалды. Экономикалық өзара іс-қимылды бірінші вице-премьерлер басқаратын және құрамына ынтымақтастықтың негізгі бағыттары бойынша жеті кіші комиссия кіретін Үкіметаралық комиссия реттейді. Біздің елдеріміздің арасындағы екі жақты процестердің қозғаушы күштерінің бірі дәстүрлі түрде өзара сауда болып табылады.

Жаһандық экономикадағы барлық дағдарыстық құбылыстарға және бірқатар мемлекеттердің тарапынан Ресейге қарсы қабылданған санкциялық режимнің әрекетіне қарамастан, біздің елдеріміз сауда-экономикалық қатынастардың үдемелі дамуын сақтап қалды. Ресей Қазақстанның сауда әріптестерінің арасында дәстүрлі түрде көшбасшылық позициясын сақтап қалды – оның Қазақстанның сыртқы саудасы айналымындағы үлесі 18,8% құрайды. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің ақпараты бойынша, 2017 жылы ҚР мен РФ арасында өзара сауда көрсеткіштерінің айтарлықтай артқаны байқалды: тауар айналымы 2016 жылға қарағанда 25,6% -ға артып, 16 млрд. АҚШ долларын құрады. 2018 жылдың қаңтар-тамыз айларындағы тауар айналымы 11,3 млрд. долларға жетті және өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 8,3% -ға артты.

Ресейде Қазақстан Республикасының шетелдегі жалғыз сауда өкілдігі құрылды, оның негізгі функциясы қазақстандық экспортты ілгерілету және елімізге тікелей инвестициялар тарту болып табылады.

Өзара инвестициялар саласында елеулі әлеует сақталуда. ҚР Ұлттық банкінің деректері бойынша 2005 жыл мен 2018 жылдың 1-ші жарты жылдығы аралығында ҚР-дан РФ-ға жинақталған тікелей инвестициялардың көлемі 3,6 млрд. АҚШ долларын, ал РФ-дан ҚР-ға – 12,6 млрд. АҚШ долларын құрады.

Қазақстанда ресейлік капитал қатысатын 9 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді, бұл ҚР-дағы шетел капиталы қатысатын кәсіпорындардың жалпы санының үштен бірінен асады (37,5%).

Қазақстанның Ұлттық экспорттық стратегиясында Ресей «басым экспорттық мүдде елі» болып жарияланды және экономиканың нысаналы салаларына инвестициялар тарту үшін 30 басым елдің қатарына енді.

Екіжақты экономикалық ынтымақтастықтың қозғаушы күші энергетика саласы болып табылады. Ресейлік компаниялар «Теңіз», «Королевское» және «Қарашығанақ» сияқты қазақстандық мұнай-газ кен орындарын игеруге белсене қатысуда. «Хвалынское», «Центральное» және «Құрманғазы» трансшекаралық кен орындарындағы бірлескен жобаларды іске асыруға дайындық жұмыстары жалғасуда. Өзара тиімді тәсілдемелердің негізінде Қазақстан және Ресей мұнайын үшінші мемлекеттер бағытында тасымалдау жүзеге асырылуда. Екі елдің компаниялары Каспий құбыр консорциумын кеңейту жөніндегі жобада қарқынды түрде өзара іс-қимыл жасауда.

Отын-энергетикалық саладағы соңғы маңызды шешім 2018 жылы 3 қазанда қол қойылған 2010 жылғы 9 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама болды. Бұған дейін жылына шамамен 1 млн. тонна көлеміндегі ресейлік бензинді Қазақстанға бажсыз тасымалдау туралы келісім қолданылды, онда Қазақстанның өз бензинінің экспортына тыйым салу көзделді. Қол қойылған хаттама жаңғыртылған қазақстандық МӨЗ-дерден (мұнай өңдеу зауыттарынан) ақшыл түсті мұнай өнімдерін экспорттауға мүмкіндік жасайды. Өзгерістер Қазақстан мен Ресей арасындағы мұнай өнімдерін жеткізу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағынан Еуразиялық экономикалық одақтан (ЕАЭО) тыс мұнай өнімдерін экспорттау мәселелерін екі елдің энергетикалық ведомстволары деңгейінде реттеуге мүмкіндік береді. Осылайша, біздің еліміз жанар-жағар майдың ішкі нарығының теңгеріміне байланысты мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерінің экспортын немесе импортын ашу/жабу бойынша жедел шешімдер қабылдай алады.

Қазақстан мен Ресей географиялық орналасуына байланысты екі жақты көліктік және транзиттік әлеуетті арттыру бағытында белсенді жұмыс атқаруда. 2017 жылы қыркүйекте 2016 жылғы 4 қазандағы Теміржол көлігі кәсіпорындарының, мекемелері мен ұйымдарының қызметін құқықтық реттеудің ерекшеліктері туралы үкіметаралық келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама күшіне енді. Құжат жолаушылардың Қазақстан-Ресей шекарасы арқылы транзитпен өту тәртібін жеңілдетті.

Қазақстан мен Ресей арасындағы әуе көлігі саласындағы үкіметаралық келісімдердің шеңберінде аптасына шамамен 175 тұрақты рейс жүзеге асырылады. Қазақстандық әуе компаниялары аптасына Ресей Федерациясының 10 қаласына 85 рейс, ал ресейлік әуе компаниялары – аптасына Қазақстан Республикасының 12 қаласына 90 рейс орындайды.

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік маршруты бойындағы жол инфрақұрылымын қалыптастыру жөніндегі жобаның шеңберінде уәкілетті ведомстволардың және ұйымдардың өзара іс-қимылы жалғасуда. Осы бағыттың қазақстандық және қытайлық учаскелерін пайдалануға беру нәтижесінде Қазақстан аумағы арқылы транзитпен автомобиль көлігімен соңғы 5 жыл ішінде рекордтық 2,1 млн. тонна көлеміндегі жүк тасымалданды. Ресей Федерациясының аумағындағы дәліз құрылысының аяқталуы бұл көрсеткіштерді бірнеше есе арттыруға мүмкіндік береді. Бар баламалы дәліздермен салыстырғанда, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізі жол ұзақтығын және жолға кететін уақыты қысқартады. Айталық, егер Қытайдың Ляньюньган портынан Еуропа елдерінің шекарасына дейін теңіз арқылы тасымалдау 45 күнді, ал «Трансіб» бойынша 14 күнді құраса, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізі бойынша ол 10 күнді құрайды.

Инновациялар саласындағы өзара іс-қимыл қарқыны артып келеді. Қол қойылған екіжақты келісімдердің аясында қазақстандық «Инновациялық технологиялар паркі» дербес кластерлік қоры «Сколково» қорымен және Новосибирск академқалашығы технопаркімен ынтымақтасуда. 2017 жылы «Сколково» технопаркінде «ИТП» АКҚ өкілдігінің ашылу салтанаты өтті. Өкілдіктің міндеті қазақстандық стартаптар үшін ЕАЭО елдерінің нарықтарына шығу үшін жағдайлар жасау, білім беру, акселерациялық бағдарламалар және софтлендингке арналған платформалар түрінде сараптамалық қолдау көрсету болып табылады.

Өңіраралық байланыстарды дамыту экономикалық өзара іс-қимылдың маңызды бағыты болып табылады. Қазақстан Ресеймен 7,5 мың шақырымды құрайтын әлемдегі ең ұзын құрлықтық шекараға ие, оның бойында 7 қазақстандық және 12 ресейлік өңірлер орналасқан. Президенттер Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путиннің күш-жігерінің арқасында Қазақстан-Ресей қарым-қатынастарындағы өзара іс-қимылдың жаңа форматы сәтті сыналды – ол жыл сайынғы Өңіраралық ынтымақтастық форумдарын өткізу. Ағымдағы жылы аталған іс-шара екі мемлекет басшыларының дәстүрлі қатысуымен Петропавл қаласында 9 қарашада өтті. Форумдардың өңіраралық қатынастардың дамуына ықпал еткені және екі жақты сауданың дамуына қосымша серпін береді.

Қазақстан мен Ресей арасындағы өңіраралық ынтымақтастық үлгісінің Каспий теңізі бойынша көпжақты консенсусқа қол жеткізуге әсер еткендігін атап өту қажет. 2018 жылғы тамызда Ақтау қаласында Қазақстан, Ресей, Әзірбайжан, Иран және Түрікменстан Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойды, бұл өңірлік деңгейдегі жан-жақты ынтымақтастықты дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер тудырады.

Қазақстан мен Ресей бүкіл еуразиялық кеңістікте интеграциялық процестерді дамытудың векторын айқындайды. Мемлекеттеріміз Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, Еуразиялық экономикалық одақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымының негізін қалаушылар болып табылады. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Еуразиялық экономикалық одақ Қазақстан-Ресей өзара іс-қимылының аса маңызды басымдығы болып қала бермек. ЕАЭО жаһандық экономикада өзінің маңыздылығын дәлелдеген ең ықпалды мемлекетаралық бірлестіктердің біріне айналуда.

Қазіргі кезде ортақ күштердің арқасында еуразиялық интеграция барған сайын мейлінше жан-жақты сипатқа ие болуда. Іскерлік қоғамдастықпен бірлесіп әзірленген ЕАЭО Кеден кодексі 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді. Кодекстің соңғы редакциясына кәсіпкерлерден келіп түскен ұсыныстар мен бастамалардың 70%-ға жуығы енгізілді.

Энергетикалық ресурстардың (электр қуаты, газ, мұнай және мұнай өнімдері) ортақ нарықтарын, көрсетілетін қызметтердің бірыңғай нарығын және дәрілік заттардың ортақ нарығын қалыптастыру бойынша жұмыс жалғасуда.

ЕАЭО-ның үйлестірілген көлік саясатын іске асыру басталды. Теміржол көлігімен жүк тасымалдауға арналған бірыңғай тарифтер қолданылады, бұл көліктік бақылауды сыртқы шекараға ауыстыру есебінен тұтынушылар үшін тарифтерді екі еседен астам шамаға азайтуға мүмкіндік берді және ЕАЭО ішінде тауарлар өткізу уақыты қысқарды.

Әлемдік үрдістерге сәйкес, ЕАЭО дамуының негізгі бағыттарының бірі цифрлық күн тәртібі болып табылады. 2017 жылғы қазанда ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің басшылары ЕАЭО-ның цифрлық күн тәртібін іске асырудың 2025 жылға дейінгі негізгі бағыттарын бекітті. ЕЭК-тағы бастамаларды практикалық тұрғыда іске асыру үшін арнайы жобалық офис құрылуда. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев цифрлық жобалардың басқару кеңсесін «Astana Hub» халықаралық IT-стартаптар технопаркінің базасында Астана қаласында орналастыруды ұсынды. Мемлекет басшысы атап өткендей, Астана хабының инфрақұрылымы осы цифрлық офистің толық жұмыс істеуі үшін барлық қажетті жағдайларды қамтамасыз ете алады.

Жалпы алғанда, Қазақстан үшін еуразиялық экономикалық интеграцияның негізгі оң аспектілері құрлықтық оқшаулануды үдемелі түрде жою, өткізу нарықтарын кеңейту, ортақ инфрақұрылымға тең қол жетімділік орнатуға бағытталған қозғалыс және «төрт еркіндікті» - тауарлардың, жұмыс күшінің, қызметтердің және капиталдың еркін қозғалысын қамтамасыз ету болып табылады.

Қазақстан мен Ресей халықаралық күн тәртібі мәселелері бойынша ұдайы бірлесе іс-қимыл жасайды. Екі мемлекеттің ынтымақтастығы - ҰҚШҰ мен ШЫҰ сияқты ұйымдар шеңберіндегі өңірлік қауіпсіздіктің факторы болып қана қоймай, сонымен бірге күрделі халықаралық проблемаларды реттеуге де ықпал етеді. Біздің елдеріміз терроризмге қарсы іс-қимыл жасауға, ядролық қаруды таратпау режимін нығайтуға, Таяу Шығыстағы қақтығыстарды дипломатиялық бейбіт құралдармен шешуге, Иранның ядролық бағдарламасы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды сақтауға, сондай-ақ Ауғанстанды қалпына келтіру бойынша дәйекті қадамдар жасауға халықаралық қоғамдастықты жұмылдыру бағытында жұмыс істеуде.

Қазақстан мен Ресей арасында осы заманның сын-тегеуріндеріне қарсы іс-қимыл жасау бойынша ортақ түсіністік бар. 2015 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясында сөйлеген сөздерінде Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин барлық қатысушылары халықаралық құқық нормаларына сәйкес әрекет ететін, терроризмге қарсы күрестің біртұтас майданын құру идеясын көтерді. Үш жыл өткеннен кейін бұл шақыруға 70-тен астам мемлекет қолдау білдірді және халықаралық терроризм қаупін жоюға арналған коалицияны құру туралы уағдаласты. 2018 жылғы қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 73-ші сессиясы аясында Қазақстан Республикасы Президентінің «Терроризмнен азат әлемге қол жеткізу тәртібі кодексін» қабылдау туралы бастамасы іске асырылды.

Астана мен Мәскеу БҰҰ-да өзара іс-қимылдың оңтайлы форматын құрғанын атап өту керек. Қазақстанның 2017 жылғы қаңтардағы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі тұрақты емес мүшелігі Сириядағы жағдайды тұрақтандыруға қол жеткізуге және Женева келіссөздеріне серпін беруге мүмкіндік жасаған Сирия мәселесі жөніндегі келіссөздердің басталуына сәйкес келгені кездейсоқтық емес. Бүгінде Астана форматы Сириядағы жағдайды тұрақтандыру бойынша әзірше жалғыз келіссөз механизмі және Сирия қақтығысын реттеу жөніндегі саяси процесті іске қосудың маңызды факторы болып қала береді.

Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық елдеріміздің арасындағы екіжақты қатынастардың маңызды құрамдас бөлігі болып қала бермек.

Мәскеуде Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесі (ХШЖК) аумағында Астананың 20 жылдығын мерекелеу аясында толық жаңартудан өткен «Қазақстан» павильонының тарихи бөлімін ашу салтанаты, 2018 жылғы 29 маусым. Солдан оңға қарай: Қазақстанның Ресейдегі Елшісі И.Тасмағамбетов, Ресейдің бірінші вице-премьері – Қаржы министрі А.Силуанов, Қазақстанның Премьер-министрінің бірінші орынбасары А.Мамин

Осы саладағы Қазақстан-Ресей қатынастары РФ Мәдениет министрлігі мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің арасындағы 2014-2016 жылдарға арналған Мәдениет саласындағы ынтымақтастық бағдарламасының шеңберінде ойдағыдай дамуда. Бұл бағдарламаның жоғары тиімділігі оны 2017-2019 жылдарға ұзартуға ықпал етті. Бағдарлама шығармашылық одақтардың, театрлардың, мұражайлардың арасындағы, әдеби және аударма қызметі, кинематография, халық шығармашылығы және кітапхана ісі салаларындағы байланыстарды кеңейтуді көздейді.

Жаңа бағыттар бойынша ынтымақтастық нығаюда. 2018 жылғы 16 қазанда Мәскеуде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссия мен «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» жобасының ресейлік әріптестері арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. «Заманауи қазақ прозасының антологиясының» және «Заманауи қазақ поэзиясының антологиясының» орыс тіліндегі аудармалары мен басылымдары М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті баспа үйінің, сондай-ақ Ресей Жазушылар одағы Мәскеу қалалық ұйымының қатысуымен жүзеге асырылады.

Білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылуда. Ресей қазақстандық жастар үшін ең тартымды бағыттардың біріне айналуда. Қазақстандықтар Ресейде оқитын шетелдік студенттер арасында бірінші орында екендігін атап өту қажет. Бүгінгі күні Ресейдің жоғары оқу орындарында 65 мыңнан астам қазақстандық студенттер білім алуда. Бұл Ресеймен жасасқан білім беру саласындағы келісімдердің нәтижесінде мүмкін болды.

Қазақстан азаматтары Ресейдегі жоғары оқу орындарына оқуға түсу кезінде Ресей азаматтарымен тең құқықтарға ие. Екі ел арасында ТМД, ШЫҰ және ЕАЭО шеңберінде қол қойылған білім беру саласындағы екі жақты және көп жақты келісімдер бар.

Орта мерзімді перспективада Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының басымдықтары өзара іс-қимылдың көп қырлы және өзара тиімді деңгейінің жоғары қарқынының одан әрі жалғасуына байланысты. Инновациялар және цифрландыру, көлік-транзиттік әлеуетті арттыру, ғарыш саласындағы ынтымақтастық шеңберіндегі бірлескен жұмыстардың әлеуеті өте жоғары. Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы бұрынғысынша өңірлік қауіпсіздік жүйесін тұрақтандыруда, Еуразиядағы интеграциялық үдерістердің үдемелі дамуында жетекші субъектілер болып табылады. Астана мен Мәскеу бірлескен күш-жігері арқылы жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға, соның ішінде ядролық қаруды таратпау және осы заманның жаңа сын-тегеуріндеріне қарсы іс-қимыл жасау режимін күшейту жолымен стратегиялық тұрақтылықты нығайтуға оң ықпал етуге қабілетті.

Қосылған : 21.12.2018, 10:35, Өзгертілген : 21.12.2018, 10:35