Хайр Омаров. Тұлға, азамат, дипломат

Хайр ОМАРОВ,

Қазақстан Республикасы

дипломатиялық қызметінің еңбек сіңірген қызметкері

Тұлға, азамат, дипломат

Уақыт өте келе халықтың мақтанышына айналатын азаматтар дүниеге келіп жатады. Солардың қатарында – менің ұмытылмас досым, құрдасым, 85 жасында ауыр науқастан кейін дүние салған Құрманғожин Сәлім Әлмағанбетұлы. Шаруа отбасында туып, ата-ана тәрбиесін бойына сіңірген, лайықты білімін алған Сәлім өте зиялы адам болып қалыптасты. Ол үш құндылықты: ата-ананы, отбасын және Отанды жан-дүниесімен жоғары бағалады. Ата-анасына деген сезімі ерекше болды. Оның әкесі Әлекең ағай ұзақ жылдар бойы ауыл шаруашылығы кәсіпорнын басқарды. Ол ұжымдық шаруашылық қозғалысының белсенді және жігерлі жақтаушысы болды, Қазақстанның белгілі мемлекеттік қайраткері Ж.Тәшеновпен бірге оқыған жылдарынан басталған достық қарым-қатынастарын үзбеді. Сонымен бірге, ол Сәлімнің тағдырына және оның дипломатиялық салада қол жеткізген жетістіктеріне ықпал етті.

Сәлім Қазақ мемлекеттік университетінің химия факультетін бітіріп, диссертациясын қорғап, химия ғылымдарының кандидаты дәрежесін иеленген әйелі Ләйләні жан-тәнімен сүйді. Ол да өз сүйіспешілігін білдіріп, өмірінің адал досы, қолдаушысы, жұмысындағы, бастамаларындағы арқа сүйері болды. Олар Рүстем мен Жасұлан атты екі ұлды тәрбиелеп өсірді, олар өз кезегінде Ләйлә мен Сәлімге немерелер мен шөберелер сыйлауы нәтижесінде Құрманғожиннің үлкен әулеті қанат жайып, тамырын тереңге жіберді десек те болады. Сәлімнің балалары әке жолын қуып, дипломатиялық династия қалыптастырды.

Осы мақала тақырыбының басқа екі атауына келетін болсақ, олар Сәлімнің еңбек жолы мен қызметіне байланысты. 2003 жылы шыққан естеліктер кітабында ол өзінің 45 жылдық дипломатиялық қызметі туралы жазады. Ол өмір бойы дипломат болды және дипломат болып қалды да.

Кейінгі кемел жасқа жеткен жылдарында Сәлім Сыртқы істер министрлігінің Орталық аппаратымен қоштасса да, консультативтік және әдістемелік көмек көрсете жүріп, оның жүйесінен алыстамады, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің төтенше және өкілетті елшілері мен дипломатиялық басшы қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. Сыртқы істер министрлігінен кейін Сәлім білім беру және педагогикалық қызметке бет бұрады. Оның кандидаттық диссертациясын қорғап, ғылыми биіктерге қол жеткізгенін де айта кету қажет. Бірқатар оқу орындарында, соның ішінде КИМЭП-те, Сәлім дипломатиялық пәндер бойынша ағылшын тілінде лекциялар циклын оқыды. Бұл тұрғыда ол өзінің дипломатиялық тәжірибесін сыртқы саясат теориясымен ұштастырды. Ол бірқатар кітаптардың, оқу құралдары мен кітапшалардың авторы.

С.Ә.Құрманғожин – туа біткен және мансап тұрғысынан жүйелі түрде өсу үстінде дарынды дипломат. Шет тілдер институтын бітірген соң С.Ә.Құрманғожин бүкіл өмірін дипломатиялық салаға арнады. Ол жауапты қызметтер атқара отырып, КСРО-ның шет елдердегі мүдделерін білдірген кеңестік дипломат. Кеңес дәуірінде ол жұмыс істеген Египет, Түркия, Эфиопия елдері тарихи тұрғыдан қызғылықты ғана болып қоймай, КСРО-ның сыртқы саясаты үшін маңызды да болды. Аталған елдерде С.Құрманғожин кәсіби дипломат ретінде қалыптасты. Ал Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін ол Сыртқы істер министрлігі басшыларының бірі болды және Венгриядағы Қазақстан елшілігін басқарды. С.Құрманғожин шетелдік іссапарлары аяқталғаннан кейін қабылдаушы елдің жоғары мемлекеттік наградасына ие болған тұңғыш Қазақстан Елшісі болды.

Сәлім Әлмағанбетұлы шетелдік іссапарлардың арасында аумақтық және функционалдық тәртіптің әртүрлі бөлімшелерінде жұмыс істей жүріп, КСРО Сыртқы істер министрлігінің құрылымындағы Бас хатшылықта да еңбек етті, осы хатшылық арқылы Сыртқы істер министрлігі басқа ведомстволармен байланыс орнатып, елшіліктер мен шетелдік өкілдіктердің Орталыққа ұсынған есептер, ақпараттық-анықтамалық материалдар және басқа да құжаттарда көрсетілген ұсыныстары мен өтініштерінің орындалуына бақылау жүргізді. Бұл тәжірибе Сәлім Әлмағанбетұлына тәуелсіз Қазақстанның Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары лауазымында қызмет атқарған кезде маңызды рөл атқарды, ол сыртқы саяси ведомствоның құқықтық негізін қалыптастыруға, оның материалдық-техникалық базасын жасауға үлкен үлес қосты. Міндеттерді бөлу бойынша Құрманғожин жалпы басшылықтан бөлек ұйымдық мәселелермен айналысып, еуропалық бағытқа жетекшілік етті. АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Джеймс Бейкердің екі жақты қарым-қатынастардағы шұғыл мәселелерді шешуді жылдамдату үшін екі-үш рет тікелей Құрманғожинмен байланысқа шыққанын көп адам біле бермейді.

Кеңес дәуірінде де, сондай-ақ тәуелсіз Қазақстанның дипломатия саласында да Құрманғожин аянбай жемісті жұмыс атқарды, мемлекеттік наградалармен және үкіметтік регалиямен марапатталды, оның мемлекеттік қайраткер ретіндегі өзінің лайықты орны бар, сондай-ақ ол өзінің үздік әріптестері тобының арасында кеңінен танымал қазақстандық дипломат.

Халқы өркендеп, тәуелсіздігі жалғасқан Қазақстанда оның жарқын бейнесі Отанға қызмет етудің тамаша үлгісі ретінде замандастарының және кейінгі ұрпақтардың есінде сақталады.

Қош бол, ұмытылмас дос. Иманың саламат болсын!

Қосылған : 21.12.2018, 12:30, Өзгертілген : 21.12.2018, 12:30