Гүлмира Қабиева. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу – ашық бизнес жүргізуді қолдау

Гүлмира ҚАБИЕВА,

«Protecting Business and Investments»

жобалау офисінің басшысы

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу – ашық бизнес жүргізуді қолдау

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (МҚІСЖҚІА) төрағасы Алик Шпекбаев, Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов және Инвестициялар және даму (ИДМ) вице-министрі Тимур Тоқтабаев Қазақстанда аккредиттелген дипломатиялық корпус пен халықаралық бизнес өкілдеріне «Protecting Business and Investments» жобалық офисті таныстырды. Астана қ., 2018 жылғы 23 қазан

Кез келген мемлекеттің өркендеуі, жаңа идеялар мен инновацияларды іске асыруы бизнестің дамуына тәуелді. Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстан үкіметінің жан-жақты қолдауының арқасында нарықтық экономиканың берік институционалдық негіздері қалыптастырылды. Жеке бастамалар мен еркін кәсіпкерлік экономикалық дамудың және ел әл-ауқатының артуының негізгі факторларына айналды.

Бүгінгі таңда халықаралық қоғамдастық Қазақстандағы бизнес-ортаны жоғары бағалайды. Дүниежүзілік банктің «Doing Business – 2018» зерттеулеріне сәйкес Қазақстан 190 елдің ішінен 28-орынды иеленеді, ал «Миноритарлық инвесторларды қорғау» көрсеткіші бойынша біз 1-орындамыз (бір жыл бұрын 3-орында болғанбыз). Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің «Инвесторларды қорғау» көрсеткіші бойынша біздің еліміз 3-орынға орналасқан.

Қазақстан Экономикалық Ынтымақтастық және Даму Ұйымы (ЭЫДҰ) Инвестициялар жөніндегі комитетінің қауымдастырылған мүшесіне айналды және Халықаралық инвестициялар туралы декларацияға қосылды.

Лондон, Нью-Йорк, Токио, Сингапур, Дубай, Шанхай және Әбу Дәби сияқты белгілі халықаралық қаржы орталықтарының тәжірибесінің негізінде Ұлт жоспарын іске асыру шеңберінде «Астана» Халықаралық қаржы орталығы құрылды. Соған қарамастан, мемлекет қол жеткізілген жетістіктермен тоқталып қалмайды және бизнесті қолдау және оның құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бойынша әртүрлі шаралар қабылдауды жалғастыра береді.

Биылғы жылы Президент «Кейбір заңнамалық актілерге кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Енгізілетін өзгерістердің басты мақсаты – бұл бизнесті реттеу саласындағы заңнаманы ырықтандыру. Заңға енгізілген түзетулер мемлекеттік бақылау функцияларын 30% қысқартуды көздейді. Бизнесті дамыту үшін барынша қолайлы жағдайлар жасау мақсатында 14 кодекске және 109 заңға 1000-ға жуық түзетулер енгізілді.

Мемлекет басшысы атап өткендей, «Бүгінде іскерлік белсенділікті күшейту және кәсіпкерлікке адамдардың кең жігін тарту үшін барлық ықтимал «шлюздерді» ашқан аса маңызды». Шетелдік инвесторлар кеңесінің өткен 31-ші Жалпы отырысында Мемлекет басшысы бизнес үшін жақсы жағдайлар жасау қажеттігіне тағы да назар аударды.

Қабылданатын инвестициялық шешімдердің тиімділігі белгілі бір дәрежеде Мемлекет басшысының саяси ерік-жігерінің арқасында жаңа бағытқа ие болған, іске асырылып жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың нәтижелілігіне негізделеді.

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың жүйелі және кешенді шаралары халықаралық рейтингтік агенттіктердің зерттеулеріндегі Қазақстанның позициясын жақсартуға мүмкіндік берді, акциялардың бағамдары, кредиттердің қол жетімділігі, инвестициялық тартымдылық және мемлекетке, фирмаларға және банктерге деген сенім солардың бағаларына тәуелді болатыны түсінікті. Мәселен, 2017 жыл ішінде «Transparency International» сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексінде Қазақстан алғаш рет 31 балл алып, сыбайлас жемқорлықтың барынша төмен деңгейлі аймағына кірді. Бұл бағалаулар Қазақстанның осы рейтингте болуының бүкіл уақыты ішіндегі ең жоғарылары болып табылады (салыстыру үшін 1999 жылы – 23 балл). Осыған ұқсас прогресс халықаралық тоғыз рейтингтік агенттіктердің арасынан жетеуінің бағалауларында көрсетілді.

Мемлекет басшысы бекіткен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның, «100 нақты қадам» ұлт жоспарының шеңберінде сыбайлас жемқорлықтан азат мемлекеттің принциптік жаңа үлгісінің негізі қаланады.

Осы үлгінің негізі – ерте алдын алу және тиімді диагностика. Салдарды шешуге бағытталған күрес емес, сыбайлас жемқорлық эксцестерінің туындауының алдын алу бағытындағы күрес. «Пара бермеу және пара алмау» – сыбайлас жемқорлықты шенеуніктер үшін де, азаматтар үшін де мүмкін болмайтын және тиімсіз ету қағидатын қолдану ең басты мақсатқа айналды. Алғаш рет превенция институты енгізілді – бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау, талдау және жою. Халықты сыбайлас жемқорлыққа қарсы оқыту және тәрбиелеу, парақорлықты мүлде қабылдамау ахуалын қалыптастыру бойынша шаралар кешені жүзеге асырылуда.

Қоғамды сыбайлас жемқорлықтан арылтудың ең тиімді құралы ерте алдын алу және мемлекеттің, азаматтық қоғамның, бизнес-қоғамдастықтың және Қазақстан азаматтарының күш-жігерін біріктіру болып табылатындығын түсіну біртіндеп қалыптасып келеді.

Дей тұрғанмен, Қазақстанда бизнес және инвесторлар үшін олардың біздің еліміздің аумағындағы қызметіне байланысты белгілі бір тәуекелдер сақталып отыр. Осыған байланысты Агенттік бизнестің қызметіне заңсыз араласудың әрбір фактісіне жедел және қатаң ден қою ниетінде. Тек соңғы үш жылдың ішінде ғана Агенттік кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласудың 976 фактісін анықтады. Заңсыз әрекеттер 389 лауазымды тұлғаны қылмыстық жауапкершілікке тартуға әкеп соқтырды.

Жоғарыда келтірілген статистика «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының (ҰКП) бизнес субъектілерінің арасында жүргізілген зерттеулердің деректерімен расталады, онда өңірлердегі сыбайлас жемқорлықтың деңгейі және оның мемлекеттік органдарға таралауы бағаланады. «Сыбайлас жемқорлық жөніндегі арнайы шолу» социологиялық зерттеуінің қорытындыларына сәйкес 2016 – 2017 жылдар аралығында сыбайлас жемқорлық схемаларын қолдану жиілігі ұлғайған. Кәсіпкерлер Жамбыл, Маңғыстау, Атырау, Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстарында сыбайлас жемқорлықтың өскенін атап өтеді. Әрбір екінші сыбайлас жемқорлық мәмілесіне шенеуніктің (54,5%) бастамашылық жасайтыны анықталды, 5% жағдайда екі жақ бастамашы болса, 40,6%-ында – кәсіпкер бастамашылық жасайды. Кәсіпкерлер сыбайлас жемқорлықтың негізгі себептері деп қойылатын талаптар санының көптігін және олардың орындалмайтынын, рәсімдердің күрделілігін, орындаудың ұзақ мерзімін, сондай-ақ жауапкершіліктен жалтаруға ұмтылушылықты атады.

Кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелерінде көптеген жайлар шешілмей қалып отыр, ең алдымен ол мемлекеттік органдар тарапынан шағымдардың қаралуы сапасына байланысты.

Қолайлы инвестициялық ахуалды қамтамасыз ету және бизнес пен инвесторлардың мемлекеттік билік институттарына деген сенімін арттыру үшін Агенттік ҚР Сыртқы істер министрлігімен және Инвестициялар және даму министрлігімен бірлесіп 2018 жылғы 8 маусымнан өз жұмысын ресми түрде бастаған «Protecting Business and Investments» жобалау офисін құрды. Оның қызметі Қазақстандағы бизнес-жобаларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеуге бағытталған. Республиканың бүкіл аумағында: барлық облыстар мен республикалық маңызы бар қалаларда мамандандырылған фронт-офистер құрылды.

Өзіне бизнесті ашық жүргізу жөнінде міндеттемелер алуды және сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне төзбеушілік саясатына бейілділікті білдіретін сыбайлас жемқорлыққа қарсы келісімге қосылу инвестор үшін жалғыз шарт болып табылады.

Біз бизнес жобаға оның басынан бастап ол аяқталғанға дейін Агенттіктің қатысуы кәсіпкерден сыбайлас жемқорлық рентасын алғысы келетін жосықсыз шенеуніктер үшін өз-өзінен айтарлықтай тежеуші фактор болып табылатындығын негізге аламыз.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу бизнесшілер мен инвесторлардың жоғарыда көрсетілген Келісімге қосылуы шеңберінде жүргізіледі. Осы жобаның негізгі жаңалығы Агенттік пен министрліктердің инвесторлар қызметіне тұрақты қатысуы болып табылады, ол оларға бизнесті кедергісіз және заңды түрде жүргізуге мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда отандық және шетелдік инвесторлардың жалпы сомасы 6,4 трлн теңге болатын 229 жобасын сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу жүргізілуде.

Жобалау офисінің жұмысы кәсіпкерлер мен инвесторлардың заңды мүдделерін қорғауды жүзеге асыру кезінде барлық бөліктерді сындарлы түрде қарастыруға құрылады. Кәсіпкерлер жобалау офисіне, өңірлік фронт-офистерге тікелей, сондай-ақ Агенттіктің call centerі (1424) арқылы өтініш жасай алады.

Фронт-офистердің қоржынында шешілген мәселелердің көптеген саны бар. Инвенсторлармен тікелей қарым-қатынас жасау елдегі бизнес пен кәсіпкерлікті дамытуға кедергі келтіретін «ауру нүктелерді» анықтауға мүмкіндік берді. Өткен кезең ішінде проблемалық мәселелер бойынша келіп түскен 223 өтініштің 190-ы (85% жуығы) кәсіпкерлер мен инвесторларға жәрдем көрсету арқылы оң шешілді.

Агенттік сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмысқа қағидаттық тұрғыдан жаңа тәсілдеме қолданды, ол инвестициялық жобаларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы 24/7 режимінде тегін сүйемелдеуді көздейді. Инвестор Жобалау офисіне немесе өңірлік фронт-офистерге ауызша консультация алу үшін жүгіне алады не жазбаша өтініш жібереді. Біздің міндетіміз – сыбайлас жемқорлықтың жолын кесу, инвесторлардың және тұтастай бүкіл бизнестің құқықтары мен мүдделерін алдын ала қорғау.



Қосылған : 21.12.2018, 12:05, Өзгертілген : 21.12.2018, 12:05