Қазақстан және Мажарстан сыртқы саяси ведомстваларының басшылары Астана қаласында келіссөздер өткізді

2017 жылғы 26 маусымда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Астана қаласына ресми сапармен келген Мажарстан Сыртқы экономика және сыртқы істер министрі Петер Сийяртомен кездесті.

Келіссөздер барысында тараптар екі жақты қарым-қатынастың және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады, саяси және сауда-экономикалық серіктестікті кеңейтудегі өзара ықыласын растады.

Қазақстан Мажарстанды Орталық және Шығыс Еуропа аймағындағы сенімді одақтас ретінде қарастырады. Ауыл шаруашылығы, энергетика, денсаулық сақтау, екі елдің көлік-логистикалық әлеуетін пайдалану, туризм, құрылыс және инновациялар мүдделеріміздің маңызды тұстары болып табылады», - деп, атап өтті Қ. Әбдірахманов.

Білім саласы Қазақстан-Мажарстан ынтымақтастығының басымдылыққа ие бағыты болып табылады. Мажарстан қазақстандық студенттерге берілетін жоғарғы оқу орындарында оқу гранттарының санын 45-тен 200-ге дейін ұлғайтты.

Өз кезегінде, Петер Сийярто Мажарстан Қазақстанды өңірдегі тұрақтылық факторы ретінде қарастыратындығын хабарлады. «1 шілдеде Мажарстан Орталық Еуропа елдері, соның ішінде Чехия, Словакия және Польша кіретін «Вышеград тобына» төрағалық етеді және қазіргі кезде қарқынды өсім мен дамуды көрсетіп келе жатқан Орталық Азиямен тығыз ынтымақтастыққа сенім артамыз», - деп, атап өтті Мажарстан сыртқы саяси ведомствасының басшысы.

Министрлер Қазақстан-Мажарстан экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясы, Қазақстан-Мажарстан іскерлік кеңесі және Астана қаласындағы «Мажарстан сауда үйін» қоса алғанда сауда-экономикалық және инвестициялық салаларда ынтымақтастықты белсенді түрде кеңейтуде өзара мүдделілігін білдірді. 40 млн. доллар көлемінде Қазақстан-Мажарстан ауыл шаруашылық тікелей инвестициялар қоры қаражаты есебінен ауыл шаруашылығы жобаларын жүзеге асырудың келешегі зор.

Келіссөздер барысында тараптар ағымдағы жылдың 8 маусымында Астана мен Будапешт арасында тікелей авиахабарламаның ашылу маңыздылығын атап өтті. «Бұл екі ел үкіметінің көп жылдық жұмысының нәтижесі және Қазақстан мен Мажарстан арасындағы дипломатиялық қары-қатынастардың орнатылуының 25 жылдық мерей тойына арналған», - деді Қ. Әбдірахманов. Рейстің ашылуы екі жақты іскерлік және гуманитарлық қарым-қатынастардың дамуына мүмкіндік береді.

ҚР Сыртқы істер министрі Мажарстанның «ЭКСПО-2017» көрмесінде белсенді қатысуын құптады және аталған көрме аумағында орналасатын «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы айтып берді.

Қосылған : 26.06.2017, 19:35, Өзгертілген : 26.06.2017, 19:35